Құнды кітап – оқырман олжасы
Құнды кітап – оқырман олжасы
293
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жа­зушы-журналист, Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» және «Үзіл­меген үміт» кітаптарының тұсаукесері өтті. Оқу ордасының түлегі Сәуле Мағаз­бекқызы бүгінде оқырманы қалың қаламгерге айналған.

Университет ректоры, ака­демик Ғалым­қайыр Мұтанов жа­зушының қазақ әде­биетіндегі орны, салмағы жайлы айта келіп, кеш жүргізу тізгінін өз қолына алды. Ол бү­гінде ақындығымен, жазушылығымен және ән шығару өнерімен танылған талант иесінің сан қырына арнайы тоқталып өтті. Автор өз шығармашылығы­мен шетелдерге де таны­мал екенін айта келіп, Швецияда өткен «Open Eurasian Literature Festival & Book Forum-2017» Еуроазия әдеби форумында «Мое чужое сердце» кітабы проза жанрынан бәйге иеленсе, Лон­дондағы Ха­лықаралық Букер (Man Booker International Prize) сыйлығының тізіміне ілінгенін тілге тиек етті. Басқосуда қаламгерлер мен ға­лым­дар жазушының жаңа туын­дысы жай­лы өз ойларын ортаға салды. Сәуле Мағаз­бекқызының «Қасірет пен тағдыр» және «Үзіл­­­­меген үміт» кітаптарында со­­­циалистік режимнің құрбан­дарына айналған Семей өңірі тұр­ғындарының қасіреті баян­далады. Радиация әсерінен қына­дай қырылған халықтың мұңын, азабын осы роман арқылы жете сезінесің. «Бұл кітап несімен құнды? Ерекшелігі неде?» деген сұрақтарға филология ғылым­дарының док­торы Айгүл Ісмақованың сөзінен жауап табуға болады. «Семей полигоны туралы бір­шама шы­ғарма жазылды. Бұл ро­манда оқиғалар желісі зар мен қасіреттің, жоқтау мен біреуге кінә артудың төңірегінде ғана өрбімейді. Семей өңірі тұрғындарының көрген жан мен тән азабы қара­пайым жас отбасы мен оның ма­ңайындағылардың азапты өмірі арқылы жан-жақты ашылып, терең суреттеледі. Семей полигонының жабылуына байланысты нақты іс-әрекеттердің басында болған белгілі азаматтардың атқарған істері мен есімдері тұңғыш рет осы романда, көркем шығармада ата­лып отыр десек те болады», – дейді ғалым Айгүл Ісмақова. «Қасірет пен тағдыр» және «Үзіл­меген үміт» кітаптарының жа­зылуына ұзақ жылдар бойы елі­міздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан генерал-полковник, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушының жары Сәт Тоқпақбаев ықпал етеді. Сәт ағамыз атқарған қызметіне байланысты Кеңес Ода­ғының небір құйтұрқы әрекетінің куәгері. Халқымыздың басына түс­кен ауыр қасіретке іштей күйзеліп, ел тағдырына алаңдап жүрген ол шындықтың ашылатын кезі болғанын айтып, жазушыға ой салады. Үнемі ізденіп жүретін жазушы қазіргі таңда нағыз шы­ғар­машылық бабында. Тарихи шын­дықты бүкпесіз көрсете біл­ген, құнды дерекке толы кітап – оқырман ол­жасы. Жазушы алдағы уақытта да Семей қасіреті тақырыбын жал­ғастыра түспек. Өйткені бұл та­қырып өте терең, оған бойлаған сайын жаңа деректер шыға беретіні сөзсіз.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ