World Wide Minerals дауы: Англия жоғары соты Қазақстанның пайдасына шешім қабылдады
World Wide Minerals дауы: Англия жоғары соты Қазақстанның пайдасына шешім қабылдады
263
оқылды
23 қарашада Англияның жоғары соты Қазақстанға қарсы канадалық World Wide Minerals компаниясының және Пол А. Кэроллдың талабы бойынша осыдан бұрын шығарылған төрелік шешімнің (соның ішінде залал, пайыздар және сомалар бойынша мәніне қатысты) күшін жойды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 2019 жылдың 29 қазанында төрелік трибунал талап-арыздың жалпы сомасынан (1,9 млрд АҚШ доллары) 1%-дан кем мөлшерінде талапкерлерге өтемақы ұйғарумен шешім шығарды.
«Қазақстан тарапы шешімге шағымдану үшін 2019 жылдың қараша айында 1996 жылғы төрелік заңның 68-бабы тәртібімен Англияның Жоғары сотына өтініш берді. 23 қарашада Англияның жоғары соты қазақстандық тараптың дәлелдерімен келісе отырып, талапкерлерге ұйғарылған талап сомасы мен шығындарға қатысты шешімнің күшін жойып, оны төрелік трибуналға қайта қарауға жіберді», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, сот World Wide Minerals Ltd және П. Карролдан Қазақстанның пайдасына 350 мың АҚШ доллары көлемінде сот шығындарын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Англияның жоғары соты 1996 жылғы төрелік заңның 68-бабы тәртібінде шағымдану процесіне байланысты Қазақстанға берілетін өзге де шығындардың сомасын қосымша бағалайды.