COVID-19: Қаңтарда болатын қауіпке дәрігер дайын ба?
COVID-19: Қаңтарда болатын қауіпке дәрігер дайын ба?
259
оқылды

Бүкіл әлемді дүрліктірген сырқатпен күресіп жатқанымызға бір жылдың жүзі болды. Бұл дерт ешбір мемлекетке оңай соққан жоқ. Бірі жақыны-ағайынынан айрылса, енді бірі дертіне дерт жамады.

Алайда адамзат баласы дертпен күресуін тоқтатқан емес. COVID-19 вирусымен күресудегі бүгінгі күннің басымдығы қандай, алдымызда не күтіп тұр, құтылудың жолы бар ма, оған не қажет деген сұрағымызға Медицина профессоры, Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман жауап беруге тырысты.

Covid-19 – Бүгінде коронавирусқа шалдыққандардың саны күннен-күнге артып келеді. Болашағымыз бұлыңғыр, дегенмен, бізді алдымызда не күтіп тұр? – Осыдан 10 ай бұрын, дәл ақпанда, Қытайдың Ухань қаласында басталған коронавирус эпидемиясының бізге де қауіп тигізетінін ескерткем. Міне, осы сөздерден кейін бір айдан соң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия жариялады. Бүгінде әлем бойынша 60 миллионға жуық адам коронавирус жұқтырған. Оның бір жарым миллионы осы дерттен көз жұмды. Қазір көптеген елдерде пандемияның келесі толқыны күшейіп келеді. Біздің де ауылымыз одан алыс емес. Вашингтон университетінің әйгілі ғалымы Крис Мюррейдің моделі бойынша Қазақстанда COVID-19 ауруының шыңы – келесі жылдың қаңтарында болуы мүмкін. Ал пандемияның қайта өршуі вирустың мутацияға ұшырауынан емес, күннің салқындап, суытуынан. Соған орай адамдар да тұмшаланған жерде отыр. Егер ол жерде адам көп болып, кеңсе ара-арасында желдетілмесе, коронавирустың таралуының бірден-бір жолы емес пе?! Мұнда ең үлкен мәселе – пандемиялық шаршау: адамдар ұшы-қиыры көрінбейтін жағдайдан шаршады, сондықтан олар эпидемиялық шараларды сақтамауға бой ұруда – Жалпы Жаңа жылда елімізде карантин жарияланады деген алып-қашпа әңгімелер айтылып жүр. Шынымен де ондай жағдайдың болуы мүмкін бе? Сіз бұған не дейсіз? – Сәуір-наурыз айларындағыдай қатаң карантин жариялануы екіталай. Бірақ шектеу шаралары сөзсіз қойылады. Ал оның алды желтоқсан айында енгізіле бастайды. Себебі осы сырқаттан аурухананың адамға толуы мен өлім-жітімді көбейтпес үшін алдын алуымыз қажет. Бұл өте маңызды. COVID-19-дан сырқаттанушылардың ауруханасынан артық жүктілік пен жоғары өлім-жітімнің алдын-алу үшін маңызды. – Бұл жолы вирус адам ағзасына бұрынғыдан ауыр тиіп жатыр ма? Өзара айырмашылығы бар ма? – Соңғы кезде көптеген адамдар пандемияның «жасарғанын» айтып жүр. Яғни, жастар бұл аурумен жиі ауыра бастады. Алайда COVID-19-ға әлі күнге дейін ең осал топ – қарттар. Оған қоса, олардың басқа да созылмалы аурулары бар. Сондықтан қарттар арасында өлім-жітім көрсеткіші де жоғары болып отыр. Бірақ бұл нәрсе ешқайсымызды жауапкершіліктен босатпайды. Мына сұраққа жауып беріңізші, басымыздан өткен жағдайда қарттар емес, жастар ұшыраса қоғамның қабылдауы өзгерер ме еді? Өздерін қалай ұстар еді? Тек өзінің бас пайдасын ойлау дұрыс емес. Ол қоғамның қажеттілігін де өтей білуі тиіс. «Менің ешқандай сырқатым жоқ» деп еркінсіп, бетпердесіз жүрудің қажеті жоқ. Әрбір адам қоршаған ортаның дін-аман болуына жауапты. – Осы аурудан айыққан адам оны қайта жұқтыруы мүмкін бе? – Негізі осы сұрақ көбін алаңдатуда. Ондай жағдай болды, бірақ санаулы-ақ қана. Әлем бойынша бесеу ғана болды. Жалпы, вирустық инфекцияға адам азғасы қарсы тұратындай иммундық жүйесі қорғайды. Енді ол біреуде жақсы жұмыс істесе, біреуде әлсіз болады. Сонымен қатар, иммундық жүйеге күш беруге бөлінетін антиденелердің әлсіздігінен кейбір ағза күресе алмай қалады. Covid-19 – Сіз бір мақалаңызда бұрынғы вирустың адамның геномында сақталатынын және оның кез келген уақытта оянып, өзін көрсететінін айтқансыз. Мына вирус та ағзамызда ұзақ уақыт бойы сақталып, кейін қайта оянуы мүмкін бе? – Ол жазбаларым ретровирусқа қатысты еді. Ал қазіргі пандемияны тудырған коронавирус туралы біз әлі көп нәрсе білмейміз. Ол майда қантамырлар арқылы қанмен қамтамасыз етілетін адам ағзасының кез келген мүшесін жоюуы мүмкін. Өкпеден басқа жүрекке, бүйрекке, миға және ішекке де әсер етеді. Дене қызуы мен жөтелден басқа белгілердің бәрі үрей туғызып, бұл вирустың мүмкіндігі жайында ой салуы тиіс. COVID-19 даму жолдарының бірі – цитокин дауылы (цитокиновый шторм) деп аталады. Бұл иммундық жүйенің қорғанышы цитокин деп аталатын молекулаларды көп мөлшерде бөле бастайды. Ал олар ағзаның түрлі бұзылуына әкеледі. Цитокиндік дауыл кезіндегі иммундық жүйенің әрекеті  көліктегі газ педалінің кептелуіне келеді. Соның әсерінен ол қатты үдегенімен, қажетінде тоқтату қабілетін жоғалтып, оның арты апатқа әкелуі мүмкін. Бұл құбылыс COVID-19-бен ауырғанның барлығында болмайды, бірақ табылса оныншы тәулікте шыға бастайды. Ондай кезде дем жетпей қалады. Осындайда экстремалды шара – жасанды тыныс алу аппаратын қолдану. Жағдайды осыған жеткізбеуіміз керек. Бұған жол бермеу маңызды. Сондай-ақ жүрек бұлшық етінің, мидың, бүйректің, ұйқы бездің және басқа да ағзалардың қабынуы байқалады. Осылайша дененің коронавирусқа реакциясы коронавирус сияқты жойқын болуы мүмкін. Яғни, COVID-19 вирусымен күресіп қана қоймай, оған ағзаны да бос жібермей, қалыпта ұстау керек. Коронавирустан айыққандардан бойында әлі де әлсіздік, шаршаңқылық болады. Бас ауырып, демігу,  бұлшық еті ауырсынуы жалғасады. Ондайды постковидті синдром деп атайды. Мұндағы парадокс – өзге жұқпалы ауруларда «ауырып қалдың» не «жазылдың» деп екі жағдайы көрсетілсе, COVID-19 тағы бір үшінші жағдайы бар. Науқастың бойында белсенді вирус жоқ, бірақ әлі де толық қалпына келмеген. Міне, дәрігерлер осы құбылысты зерттеп, емдеу тәсілін іздестіріп жатыр. – Ал үй жағдайында коронавирусты қалай емдеуге болады? Не істеуге кеңес берер едіңіз? – COVID-19 жұқтырған адамдардың 80 пайызында ауру симптомсыз немесе жеңіл белгілері  өтуде. Соған қарамастан олар өзгелерге жұқтыруы мүмкін. Сондықтан қандай деңгейде болмасын ауру анықталысымен кем дегенде 10 күн бойы өзін-өзі оқшаулау қажет. Жалпы, инфекцияның белгілеріне назар аудару керек. Мәселен, жұқтырған адаммен байланысқаннан кейін 2-14 күндері пайда болуы мүмкін. Алайда көбінесе 4-5 күндері шығып жатады. Ең жиі кездесетін белгілер: дене қызуы, жөтел, ентіге бастау, тынысы тарыла бастайды, бұлшықет пен дененің ауырсыну, бас ауруы, иіс пен дәмнің жоғалуы, тамақ ауырып, мұрыннан су ағып, жүрек айнып, құсу да ықтимал. Әдетте, алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін 10-14 күн аралығында адам қалпына келеді. Кейбіреулер үшін симптомдары күшейіп, дәрігерлердің араласуын қажет етеді. Бастысы симптомдарды бақылай отырып, жағдайдың нашарлағаны не жақсарғанын қадағалау керек. Дененің ыстығын кәдімгі сынап термометрімен қайта-қайта өлшеп отырып, 37 градустан аспағаны дұрыс. Арасында парацетамол мен аспиринді қабылдауға болады. Айтпақшы, аспирин аз мөлшерде қанды сұйылтуға көмектеседі, бұл коронавирустық инфекция кезінде өте маңызды. Дәрігерлер тамақ пен мұрын қуысын фурацилин ерітіндісімен шаюды ұсынса, өз басым 0,05% хлоргексидин дезинфекциялаушы ерітіндісін қолдануға кеңес беремін. Оны әр адамның төзімділігіне қарай сумен сұйылтуға болады. Бұл вирустың организмдегі концентрациясын төмендетуге көмектеседі. Екіншіден, бұл вирус көбіне өкпеге әсер етеді. Сондықтан тыныс алу жылдамдығын бақылау қажет. Ол үшін орындыққа не төсекке отырып, денені бос ұстап, тыныштықта демді бақылап, санап көріңіз. Адам тыныс алғанда кеудесі не асқазаны көтеріледі. Әдетте тыныс алу жиілігі минутына 12-ден 20-ға дейін. Егер 25-тен асса, алаңдауға себеп бар. Covid-19 – Ұлттық тағамдарымыз «ет», «сорпа», «қымыз», «шұбат» коронавирусты емдеуге көмектеседі деген рас па? – Шынымды айтсам, қымыздың ғана пайдасын айта аламын. Оның биологиялық құндылығы негізі ақуызында. Онда альбумин, С дәрумені, лизоцим мен май қышқылына бай. Осының арқасында қымыз құнарлы әрі қуатты, ол иммунитетті түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. – Бірінші толқында біз көп адамнан айырылдық. Арасында білікті де білгір дәрігерлер де бар. Неге мұндай жағдайға душар болдық? Қайталануы мүмкін бе? –  Бірінші толқын кезінде көптеген медицина қызметкерлері алдымен жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбаған. Не болмаса дұрыс пайдаланбауынан деуге болады. Өйткені аурухананың өзі коронавирустың ортасы деуге болады. Себебі кез-келген адамның әкелуі мүмкін. Ал оны сол жерде істеп жүргендер жұқтырып алуы мүмкін. Бүгінде бұл мәселені, қатаң қадағалап отыр. Сондықтан жазда көргендеріміз енді қайталанбайды деген сенімдемін. – Қазір теледидардан жүргізіп отырған бағдарламаңызда коронавирусты шетелдік дәрігерлермен әрдайым талқылайсыз. Сонда біздің дәрігерлерге не жетіспейді, нені үйренуі керек? – Жақында COVID-19 туралы Джон Хопкин атындағы университеттердің, Вашингтон, Оксфорд және Стэнфорд университеттерінің халықаралық сарапшыларымен, сондай-ақ Жапония, Сингапур, Жаңа Зеландия, Швеция және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының ғалымдарымен сөйлестім. Сонда бүкіл әлемдегі дәрігерлер мүлдем жаңа аурумен айналысып жатқаны және әлі білмейтінміз де көп екенін атаған. Яғни, қазір COVID-19-бен қалай әрекет ету керегін бүкіл әлем бір-бірінен үйреніп жатыр. Нағыз серпіліс дексаметазон мен антикоагулянттарды қолдану тетіктерін түсінуден кейін пайда болды. Қазір Қазақстан мен әлемдегі дәрігерлер жарты жыл бұрынғыдан әлдеқайда көп нәрсе біледі. – Коронавирустың үшінші толқыны күтіледі деген сыбыс бар, бұл туралы не ойлайсыз? – Алдағы қыс айлары, әсіресе қаңтар мен ақпан айлары бізге ауыр тиуі мүмкін. Соған біз психологиялық тұрғыдан дайындалуымыз керек. Себебі, COVID-19 эпидемиясының өсімі болады деп күтілуде. Бұл көп адамның денсаулығын әлсіретіп жіберуі мүмкін. Өйткені адамдар постковид синдромына шалдығады. Осының алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтай отырып, сырқатты асқындырып алудан аулақ болайық. Сонымен бірге соңғы уақытта COVID-19-ға қарсы Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирусқа қарсы вакцинаның, сондай-ақ Moderna биотехникалық компаниясының вакцинасы 95 пайыздық тиімділігін көрсеткен. Оның артықшылығы -20 градусқа дейін ұзақ уақыт сақтауға болады. Тіпті, жай тоңазытқышта бір ай бойы тұрақты қалпын сақтайды екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Үміт отын сыйлағандай. Осындай тиімді вакциналардың арқасында пандемия келесі жылдың ортасында не аяғында басылады деп сенемін. Бұған дейін бәріміз шыдауымыз керек, аз ғана уақыт қалды. Сондықтан барлығын аздап шыдамдылыққа шақырамын, әсіресе алдағы қыс айларында сақтық шараларын сақтап, бетперде киіп, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болыңыз. Бұл – сіздің жақындарыңыз бен өзгелерге деген қамқорлығыңыз бен жанашырлығыңыздың белгісі.