Саясат ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында партиялардың бір «қулығын» ашты.
Мысалы, бірқатар партия дәл сайлау алдында ребрендинг жүргізіп шыққан: ҚХКП – ҚХП, ал «Бірлік» – Adal деп атала бастады.
«Бұдан белгілі бір тиімділіктің болуы ғажап емес. 10 қаңтарда дауыс беруге келген сайлаушы бюллетендегі «Халық партиясы», «Адал партия» дегенді оқып, соған нанып қалуы мүмкін. Қалайша бір партия халық не адал сөзін «жекешелендіріп» ала алады? Партия латынша «бөлік» деген сөз. Яғни, ол Қазақстан халқының шағын бөлігі ғана. Ертең әлдебір қайраткер шығып, «Құдай берген партия» деген партия ашып алмасына кім кепіл. Әрине, оған жол беріле қоймас, Ата заңда діни негізде партия құруға тыйым салынған», – деді Е.Ертісбаев.
Оның байламынша, өзге партиялар «Nur Otan» партиясынан керемет артта қалғанын көріп отыр. Амалсыздан әрқайсысы әртүрлі тосын қадамға баруда. Бірақ Қазақстан халқының саяси мәдениеті жоғары. Сайлаушылар қандай партияның күрделі, аумалы-төкпелі заманда елді алға бастайтынын түсінеді және 10 қаңтарда өз таңдауын жасайды.
Саясаткер барлық партияның алдағы сайлауда мүмкіндігі барын айтты.
«Мысалы, Азат Перуашев Мәжілістегі орындардың жартысына жуығын «Ақ жолдың» еншісіне алуға ниетті екендерін мәлімдеді. Алайда партиялық тізімін қарадым, небары 38 адамнан тұрады. Бұл сан Мәжілістегі орындардың жартысына тіпті жуымайды да. Қарсыластардың мүмкіндіктері тым мардымсыз. Соған қарамастан, Парламентке 3-4 партия кіргенін қалар едім. Өйткені Қазақстанда саяси плюрализм бар», – деді Ермұхамет Қабиденұлы.
Ол «халықтық коммунистердің» жаңа логотипіне қатысты ойын да білдіре кетті: онда түйілген 3 жұдырық бейнеленген.
«Бұл өзі біртүрлі, оғаштау логотип. Егер олар өз атауларындағы коммунизм сөзінен бас тартса, сәйкесінше, «барлық елдердің пролетарийлері, бірігіңдер!» дейтін, келмеске кеткен заманмен байланысты барлық нышандардан да бас тартулары керек еді. Түйілген 3 жұдырық жүз жылдай бұрынғы, Германиядағы қараша төңкерісі тұсында Эрнст Тельман ойлап тапқан неміс коммунистерінің символы болатын. Қазіргі заманда нақты идеологиясы, өзекті бағдарламалық мақсаты жоқ күштер ғана мұндай рәміздерге әуес болса керек. ХХІ ғасырда бұл күлкілі көрінеді», – деді Е.Ертісбаев.
Қоғамда саяси партияларды мемлекеттің қаржыландыруы мәселесі, мұның қаншалықты орынды екені талқыға салынып жатыр.
«Бұл – батысеуропалық елдердің тәжірибесі. Біз бұл тұрғыда жаңа ештеңе ойлап тапқан жоқпыз. Мәжіліске өте алған 3 партияға бюджеттен қаражат бөлінеді. Мұны дұрыс деп санаймын. Осының арқасында барлығы әділ, айқын болады. Ешқандай олигарх, көлеңкелі бизнес депутаттарды не партияны қаржыландырып отырмайды. Біз бұл тәжірибені дамыған елдерден қабылдадық. Айтпақшы, үш партия ішінде тек «Nur Otan» партиясы ғана алған әрбір теңгесінің қайда және қалай жұмсалғаны туралы жыл сайын егжей-тегжейлі есеп береді екен. Оны аз десеңіз, Есеп комитеті биылғы жазда «Nur Otan»-ның бастамасы бойынша оның қаржылық қызметін мұқият тексеріп шықты. Ешқандай бұзушылық таппады», – деп мәлім етті саясаткер.
Бұл өте маңызды. Өйткені жаңа Мәжіліс қалыптастырылғанда, бюджет қаражаты әрбір депутаттық орын бойынша партиялар арасында бөлінеді. Ел аманатын арқалаған әр партия ел қаржысын қайда жұмсап жібергені жөнінде ел алдында есеп беріп отырғаны жөн. Әзірге көшбасшы партиядан басқасы ондай белсенділік танытуға асығар емес.
«Қазақстанда шынайы оппозиция бар ма?» деген сұрақ та қойылуда.
–Әрине, бар. Қазақстанда наразы электорат жеткілікті. Өткен жылғы Президент додасында Әміржан Қосановтың 16% немесе 1,5 миллионға жуық дауыс жинауы соған дәлел. Саясаткер биліктің парламенттік сайлауға оппозицияның қатысуын қалап отырғанына назар аудартты. Президент Қ.Тоқаевтың өзі Парламентте оппозиция ұсынылуы тиістігін қадап айтты. Тиісті заң да қабылданды. Қалай болғанда, Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, қазақстандық сайлаушылардың жақсы таңдау жасауына мүмкіндік мол. Елде мемлекеттілік пен тұрақтылықтың ұстынына айналған қоғамдық күш бар.
«Пандемия және аса қатал күйзеліс тұсында халқымыздың біріккені, күшті саяси партиямызды қолдағаны керек. Сонда ол әрбір қала мен ауыл-кентке арналған 216 өңірлік бағдарламасын жүзеге асырып, нақты нәтижеге жете алады. Бұл бос демагогия, популизм емес», – деп түйді Е.Ертісбаев.
Ал сайлаудың адал әрі әділ өткізілуі еліміздің ары қарай орнықты дамуының бір кепіліне айналмақ.