Сенаторлар ЕАЭО көлемінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді зерделеді. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында тиісті заң жобасы қаралды.
Ол құжат – «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында қызметкерлерге зейнетақы жарналарын төлеуде де, зейнетақы тағайындау мен төлемі барысында да жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен тең құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Келісім күшіне енгеннен кейін біздің азаматтарымыз ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында еңбек еткен кездегі зейнетақы құқықтарын қалыптастыруға, сақтауға және іске асыруға толық құқылы болады», – деді комитет төрағасы М.Бақтиярұлы. Келісімді ратификациялау ЕАЭО аясында еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын орнықты дамыту үшін жағдай жасайды және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында еңбекшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға ықпал ететін болады. Құжат Сенаттың жалпы отырысында қарауға жіберілді.Елдос СЕНБАЙ