Қазіргі қазақ тiлi дегенде қарама-қайшы екі жағдай ойға оралады. Бір жағынан, қазақ тілі – әлемде теңдесi жоқ телегей-теңіз ауыз әдебиетін жасаған, би-шешендердің көкірегінде дамылдаған, жауһар шығармаларды түйдек-түйдегімен туғызған бай, оралымды, көркем тіл. Екінші жағынан, қазақ тiлi – мемлекеттiк тіл мәртебесіне қарамастан, iс жүзiнде мемлекеттiк iстер сирек жүретін, экономикада, өндiрiсте, технологияда қолданылмайтын, ережелерi бір ізге түспеген, стильдерi ажыратылмаған, орнықтылығы сақталмайтын, халықтың белгілі бір бөлігі меңгермеген тіл. Үкіметтің тілдерді дамыту бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырды ма?
Биыл тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аяқталады. Соның арқасында мемлекеттік тілді білетін халықтың үлесі 90 пайызға, мектептерде мемлекеттік тілді В1 деңгейде меңгерген түлектер үлесі 100 пайызға, мемлекеттік БАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесі 72 пайызға, ономастикалық комиссия шешімдерін қолдайтын тұрғындар үлесі 90 пайызға жетіп, терминология қоры 100 пайыз реттелуге тиіс еді. Үкімет құжаттағы нысаналы индикаторлар ойдағыдай орындалды деп жыл басында сүйінші сұраған. Алайда қағаздан бас көтеріп, айналаға ой көзімен қарасақ, көңіл көншітер нәтиже көрінбейді. Миллиардтаған қаржының есебіне былтыр сенатор Мұрат Бақтиярұлы шүйліккен. «Бағдарламаның жемісін жеген жоқпыз. Нәтижесін көрген жоқпыз. Бөлінген миллиардтар желге ұшты. Сонда бұған кім жауап береді? Өкінішке қарай, мемлекеттік тіл Қазақстанды мекен еткен 130-ға жуық ұлт пен ұлысқа ортақ тіл бола алмады. Мойындауымыз керек, осы кезге дейін тілді тұғырға қондырмадық», – деп ашынған халық қалаулысы. Обалы не керек, Асқар Мамин уақыт оздырмай жауап берді. Премьер-Министрдің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде: «Сіздердің мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25 пайыз өсіп, бүгін 86 пайызды құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56 пайыздан 73 пайызға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88 пайыздан 93 пайызға дейін артты», – деп жазылған. Сонда дейміз-ау, әуел баста 10 жылға жоспарланған бағдарламаны шенеуніктер сегіз-ақ жылда қалай орындап үлгерген? Негізінен екі тілде сөйлеп, екі түрлі әлемде өмір сүретін, сан алуан диаспоралар тоғысқан қырық құрау қоғамның күрделі мәселесі ерте бітетіндей оңай-оспақ шаруа ма? Қош. Ары қарай жылжиық. Қағаз жүзінде ала тауды айырып, қара тауды қайырып, бүкіл жұмысты тап-тұйнақтай қылған Үкімет мұнымен тоқтай қоймайтыны анық. Былтыр тілдерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын таныстырды. Алдағы бес жылда мемлекеттің тіл саясатын бекіткен құжатта: «Қазақстандағы өзбектердің 95,5 пайызы, ұйғырлардың 93,7 пайызы, қырғыздардың 92,7 пайызы қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12 пайызы жоғары деңгейде меңгерген. Ауызекі қазақ тілін орыстардың 25 пайызы, украиндардың 21,05 пайызы, белорустардың 19 пайызы, поляктардың 20,9 пайызы, немістердің 24 пайызы түсінеді. Қазақша оқып, жаза білетіндер – 2,9 пайыз», – делінген. Дәл осы арада «қазақша оқып, жаза білетіндер – 2,9 пайыз» деген сөйлемге назар аударайық. Жалпы, бағдарламада тілді меңгерудің шарттары құқықтық тұрғыдан нақты айқындалмаған. Егер өзіміз қисынға салып, қазақша білетіндер қатарында жаңағы 2,9 пайызды ғана қалдырсақ, 4,7 млн өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілден мақұрым деген болып шығады. Бұл – Қазақстан халқының шамамен 25,6 пайызы. Сәйкеспейтін статистикаға қағынан жеріген қандастарымызды да қосып қойыңыз. Демек, үкіметбасының «мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25 пайызға өсіп, бүгін 86 пайызды құрап отыр» деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Бағдарламаның авторларына сенсек, 2011-2018 жылдары қазақтілді балабақша саны 5 664, мектеп саны 3 798, орталық саны 90-ға дейін көбейген. Мемлекеттік органдардан қазақ тілінде жолданатын құжаттардың үлесі 93 пайызға барған. Бұл жердегі кілтипанды Inbusiness.kz сайты жақсы байқапты. «2010 жылғы жағдайды талдаған тарауда осыған ұқсас деректер келтірілген. «Қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін балабақшалар мен шағын орталықтар – 5 644, мектептер – 3 798, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары – 88. Мемлекеттік органдардан қазақ тілінде жолданған құжаттардың үлес салмағы шамамен 88 пайыз», – деп жазылған. Сонда бақандай 10 жылдың ішінде қазақтілді білім ошақтарының қатарына бірде-бір жаңа балабақша, бірде-бір жаңа мектеп қосылмағаны қалай? Осы өзгерістерді үшін мемлекет бюджетінен қанша қаражат кетті?» – деп сауал тастайды басылым. Орта мектеп пен ЖОО-ның «сауатсыз» оқулықтары, тіл заңдылықтарын өрескел бұзып аударған жарнамалар, ресми мекеме, кәсіпорын, жекеменшік компаниялардағы мән-мағынасыз құлақтандырулар, Парламенттегі қатеге толы заң жобалары исі қазақтың ұлттық намысына тиіп біткен. Парламент демекші, депутаттар 30 жылда небәрі екі-ақ заңды қазақ тілінде әзірлепті. Бірі – «Көші-қон туралы» заң, екіншісі – «Бала құқықтары туралы» заң. Біреуі Әкім Ысқақтың бастамасымен жазылса, екіншісіне Фариза Оңғарсынова күш салған. Осы орайда Шерхан Мұртазаның қазақ тілін жұмыс істемейтін «бездельник» тілге теңегені еске түседі. Баяндамасын «қайырлы күнмен» ашып, «рақметпен» жауып, ортасында «баршаға түсінікті орыс тілінде» көсілетін, қазақшаға келгенде тегіс жерде сүрінетін шенеуніктер – өз алдына бөлек жыр. Бір жақсысы, 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламада мемлекеттік тілдің мәртебесін заңмен белгілеу жайлы ұсыныс айтылыпты. «Әзербайжанда, Өзбекстанда, Латвияда, Литвада, Эстонияда, Молдовада, Арменияда, Грузияда заң жүзінде тек мемлекеттік тілдің ғана мәртебесі бекітілген. Тіл саясатында жүзеге асырылатын тілдің мәртебелік жоспарлануы үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру керек», – депті құжаттың авторлары. Дұрыс-ақ. ТМД аумағында орыс тілінің ресми дәрежесі Қырғыз Республикасы, Беларусь және Қазақстанда ғана мұрты бұзылмастан мызғымай тұр. Бізде «Тіл туралы» алғашқы заң қабылданғалы 30 жылдан асты. Одан бері қоғам жаңғырды. Демографиялық тұрғыдан жаңа кейіпке енді. Қазақтардың үлес салмағы 70 пайызды еңсергені даусыз. Славян текті қауым азайып, түркі тілдес бауырлардың қарасы қалыңдағанын ескерсек, қазақ тілін заңмен міндеттеуге қоғам дайын деп пайымдаймыз. БҰҰ мамандарының пікірінше, тіл сақталуы үшін 100 мыңдай сөйлеушісі болуы керек екен. Ал жазушы Мұхтар Мағауин: «10 миллионнан асқан халықтың тілі құрымайды. Құриды деген адамның тіліне шоқ түссін», – дейді. Сонда да тіл тағдырына алаңдауға толық негіз бар. «Айқайлай-айқайлай қасқырдан ұят болды» дегендей, қазақ тiлiнiң жанашырлары көбірек қаржы бөлуді, қоғамда қажеттілік тудыруды талап еткелі қашан? Тіпті, қазақ тілін білмейтін азаматтарды Парламент пен Үкiмет құрамынан қудалау, қызмет бабымен өрлетпеу, тіл полициясын құру сияқты идеяларды да естігенбіз. Әзірге бұл идеялар иі қанбаған қалыпта тек ауыздан-ауызға көшіп жүр.Еркебұлан НҰРЕКЕШ