Қазақша стендап «тістеп» ала ма?
Қазақша стендап «тістеп» ала ма?
732
оқылды

Әр әзілдің астарында шындық жатады. Әсіре­се, бы­­лайғы күні бетке айтуға бат­пайтын мәселені біл­дір­мей, қалжыңмен жет­кізе білу – өнер. Ал қазір ол өнер түрі ғана емес, таны­мал әрі табысты болудың жо­­лына айналып келеді. Ба­тыста уытты әзілдің ар­қа­­­сында қалтасын қомпай­тып алғандардың мысалы көп. Соның ішінде стендап жанрын көрермен жақсы қа­был­дайды. Қазақстанда туған комик Нұрлан Са­буров серік­тестерімен бір­ге Forbes рейтингінде YouTube жарнамасы арқылы ең көп табыс тапқандар кө­­­шін бастады. Нағыз «жұрт­­­тың баласы» деп ай­та­­тын мы­сал осы болса ке­­рек. Ендеше стендаптың Қа­­зақ­стан­ға қалай еніп, да­­мып жатқанын тал­қы­лап кө­­ре­лік.

Қанша жерден батыстағы сөз бостандығы жай­лы ауыздың суы құрып тұрып айтсақ та, ол еркіндік бір күнде бола қоймады. Түр­лі ой-пікір, олардың ор­тада қабылдануына қа­рай біртіндеп сіңді. Стен­дап жанрының дамуы да осыған ұқсас. Ко­миктер телевизиядағы темірдей тәр­тіп, шынайылықтан алыстау көріністерді көріп, күн­дердің күнінде өз­деріне еркіндік сыйлай бас­тайды. Ол үшін ойын ашық жеткізудің бір жолы ре­тінде ел алдына шы­ғып, микрофонды қосып қойып, ирония, сарказм, трол­лингті алға тартты. Ақыры бұл әдіс електен өтіп, ел ішінде мойындалды. Ал қазір әлемдік ко­миктер кішігірім пабтарда ғана емес, мыңдаған кө­рерменнің басын біріктіретін ау­дитория алдында өнер көрсететін болды. Стендапты көрерменмен көзбе-көз әңгіме айту деп си­паттаған дұрыс шығар. Өйткені дайын сценарий бойынша сөзді жаттап алып, актерлік шеберлік көрсету жеткіліксіз. Мұнда белгілі бір деңгейде еркіндік пен өзіңе сыни көзқараспен қарай бі­летін, кемшіліктеріңді қабылдай оты­рып, оның үстінен күлуге қы­сылмайтын қасиет қажет-ақ. Одан қала берді импровизацияның шебері болу да міндетті. Олай болмаса, аудитория жаттанды сөзді бірден сезеді. Ал ол болса, жасанды ғана емес, жансыз өнер көрсету екені көрініп қалады. Тарихына бір үңіліп көрсек, кейбірі көрермен алдына шығып, әзіл айтуды бастағандардың бірі ретінде америкалық жазушы Марк Твенді атайды. Өйткені ол – «юморға толы лекцияларын» ел алдында айтып, гастрольге шық­қан тұңғыш­тың бірі. Әлбетте, бастапқыда стен­даптың формасы сәл басқаша болып, қазіргі таңда трансфор­мацияға ұшыраған. Басында бәрі ұзын-сонар анек­доттан басталған. Кейін ХХ ға­сырдың басында Нью-Йорктің көше клуб­тарына әзіл-сықақ шеберлері жи­налады. Атап айт­қанда, әзілдері қылыштай өткір, миды құдды бұр­ғылап жатқандай әсер қалдыратын комиктер шығады. Олардың негізгі ауди­ториясы Аме­рикада туған­дардан да, имми­грант­тардан да тұрған. Былайша айтқанда, сол кездегі жұмыс­шылар тобы күн­делікті тұр­мыстан шар­шағанда, кешкілік уақыт­та шоу қарауға жи­налатын. Ауыр жұмыс күндегі күй­беңді ұмыт­тырып, көңіл көтеруге бұл әдіс тап­тыр­майтын. Адамның түрлі типажын дәл сипаттай оты­рып, олар­дың образын әжуаға айнал­дыратын. Бірақ комик­тердің сәтті өнер көрсететіні сонша, өзін көрсе де ешкім аса ашу­лан­байтын. Осылайша, әзілдің түрі де, са­пасы да, тақырып аясы да өзгере берді. Бірнеше минуттық моно­­логтерде әлсін-әлсін ғана ду күлкі естілетін болса, стендапта қысқа-нұсқа қайы­рып, демде езу тарт­қызады. Әрі ко­миктер белгілі бір образды таңдап алып, әзілдерін соның аясында айтады. Стендап-клубтар қатары осы қарқынмен көбейе беріп, артынша теледи­дардан да көріне бастады. Әсіресе, түнгі және кешкі шоуларда жас таланттар ашылып жатты. Жеке­леген бағдар­ламалардың да саны артты. Ол аздай түгел бір арна сит­комдар мен стен­даптарға арнап ашылды. Батыста бұл тенденция өткен ғасырда басталған. Ендеше бүгінгі даму қарқынын өзіңіз ойлай беріңіз. Ақыр соңында, бұл бағыт әлемге таралды. Әлбетте, Кеңес кезіндегі цензураны ескере отырып, посткеңестік елдерге енді-енді келіп жатқанын түсінуге болады. Тың жанр ретінде Ресейге стен­дап жақсы сіңді. Әрі енесі мен әйелін онсыз да әзілге көп қосатын олардың тіпті қолайына келді. Comedy Club резиденттері салған сара жолмен қазір стендап арқылы «тістеп алып» жүрген комик көбейді. Олардың ішін­де жеке-дара бөліп айтуға тұра­ты­ны – отандасымыз Нұрлан Сабу­ров. Өзіне тән стиль, сөйлеу мә­нері, тәкаппарлығы бар оның жұлды­зын дәл осы стендап жақты. Со­ның арқасында күні кеше Forbes рейтингін бастады. Бұл дегеніміз – ебін тапса, әзіл арқылы табыс табудың мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен отандық әзілкештер Нұр­ланның үлгісі бізге келің­кіремейді деген пікірде. «Са­буровтың мысалы қазақ­ша стендапқа жүр­мейді. Оған қара­ғанда, Тұрсын­бектің үлгісі келеді. Себебі аудитория екі түрлі. Нұрлан орысша әзіл айта­тындықтан, оны шетелде тұра­тындар, орысша біле­тіндер қарайды. Ал қазақшаны тек қазақтар тыңдайды. Бүгінде ай­мақ­тарды концертпен аралауға бо­лады. Дегенмен табыс туралы айтуға әлі ерте. 1-2 жыл танымалдық үшін жұмыс істеуі керек. Сосын барып, табыс келуі мүмкін», – дейді комик Нұрмахан Мұқанұлы. Көрермен тарапынан қабыл­дау әлі тиісті деңгейде емес десек, айту жағынан шеберлік қандай? Осы мақ­сатта желіде жарияланған қазақ­ша стендаптарды шолып шық­тық. Бүгінде боқтық сөз қосса, қа­ралым мен кері байла­ныстың көп болатыны бар, одан қала берді стендаптың сти­ліне сай болуға ұмтылу бар де­гендей, қазақ комиктер сөз ара­сына «паразит» қосады. Солай екен деп енді да­мып келе жатқан сала өкіл­дерінің қанатын кесіп, еңсесін тү­сірмеген дұрыс болар. Осы ретте, бір­неше мысал келтіре кетсек. Темір­лан Нұртө­леуовтің мына әзіліне жақсы баға беруге болады. Аймақ­тағы мәселені айшықты көрсетіп, орын­ды жет­кізіп-ақ тұр. «Менің атым – Те­мірлан. Семей қала­сы­нанмын. 1970 жылдан бері қалада ештеңе өзгерген жоқ. Қант әлі тап­шы. Жол сол күйі істел­меген. Кө­шеде джинсы сата­тындар сотта­лып жатады. Елі­міз­дің көптеген ақын-жазушысы Семей­ден шыққан. Се­бебі мұнда басқа айна­лысатын дым жоқ». Немесе Аманжан Махметов тіл мәсе­лесін әзіл арқылы қалай жет­кізгенін қараңыз. «Алдында тамағым ауырып қал­ды. Сөйтіп, дәріханадан дәрі сатып алдым. Үйге барып, нұс­қаулықты оқиын деп жатқанда ішімде патриот оянды. Таза қ­азақша оқиын дедім. Оқып көріп ем, ішім­дегі адам «денсаулық важнее, орыс­ша оқи сал» деді. Орысша оқып едім, бәрін түсін­дім. Сөйтсем, орыс тілі ден­сау­лыққа пайдалы екен». Стен­­дапта ген­дер мә­селесіне қа­тысты проблема жоқ. Нұр­ма­ханның ай­туынша, ер не әйел­дің айтып жат­қанынан гөрі, қалай және не айтып жатқаны маңыз­ды. Айталық, Жан­сая Мұрат­беко­ваның мынадай әзілі бар. «Біз үйде сегіз ағайын­дымыз. Жеті ағам­ның бәрінің қызы бар. Жынымды келтіріп, жетеуі келіп кезек-кезек «қыздар не ұна­тады?» деп сұрай береді. «Қыздар жеті ағасы бол­ғанды ұнатпайды, болды» дегім келеді». Кей әзілдердің аударылғанын не бізге лайықталғанын да байқап қа­ламыз. «Идея ұрлау көп жағ­дайда болады. Сценаристер «әлем­де 33 қа­на сюжет бар, қал­ғаны – солардың интер­пре­тациясы», – дейді. Жалпы, пла­гиатқа кінәлау – қиындау. Кө­шірсе де, аударса да интел­лектуал әзіл алса ғой дейсің. Осы жағынан ғана қарын аша­ды», – дейді Алмас Тоқа­баев. Жүре-бара түзелетін көш болар деген оймен бұл салада­ғы­лардың көп кемшілігіне көз жұмса да болады. Әлі-ақ ысылып, іріктеледі деп се­неміз.

Жадыра АҚҚАЙЫР