Қазақстан «күмәнді» қаржыны заңдастырумен және лаңкестікті қаржыландырумен күресті күшейтуде. Осы саладағы мониторингке іліккен адам не компанияның әр қадамы қадағаланады. Айыбы расталса, кейінгі тағдыры ауыр болмақ. Мысалы, тиісті баппен отырып шыққан адамдар үлкен қиындыққа жолыққандарын айтады: банк картасы тегіс бұғатталады, есепшот ашуына тыйым салынады. Бұлай қазіргі заманда қалыпты өмір сүру, жұмыс істеу күрделі екені мәлім.
ТМД-ны артқа тастадық
Еліміз бүгінде бұл салада шың басына шықты, жаһанға үлгі болар дәрежеге жетті деу қиын, сонымен бірге құрдым-құзға да құлаған жоқ. Орташа деңгейде. Атап айтқанда, қаржы жылыстату және терроризмді қаржыландыру бойынша жаһандық рейтингте Қазақстан 2020 жылы 141 мемлекет арасында 73-орын алды. Рас, көрсеткіші бір жыл бұрын бұдан әлдеқайда нашар болған: әлемге заңсыз қаржы тарататын және лаңкестерге дем беретін елдердің отыздығына (28-орын) кіріпті. Бұған қазақстандықтардың Сириядағы, Украинаның Донбасындағы қақтығыстарға қатысуы да кері әсер етсе керек. Жаһандық аталған рейтингте 2020 жылы антилидерлердің бестігіне Ауғанстан, Гаити, Мьянма, Лаос және Мозамбик кірді. Осы күрестегі ең үздік елдер ретінде Эстония (лидер), Андорра және Финляндия танылды. Қазақстан Аргентинамен бірге 73-74-орынды бөлісті. Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдердің орны тіпті нашар: Украина – 67, Әзербайжан – 66, Ресей – 52, Өзбекстан – 43, Тәжікстан – 32. Ал Қырғызстан лаңкестік ұйымдарды қаржыландырушы елдердің отыздығынан шыға алар емес (27-орын). Базель мемлекеттік басқару институты құратын бұл жаһандық тізімде (Basel AML Index) ел неғұрлым соңына қарай орналасса, соғұрлым озық саналады. Еліміз бұл бағытта қарқынына қарқын қосуда: енді кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға бұрынғыдай қомақты мәмілелер бойынша чемодан толы ақшамен есеп айырысуға тыйым салынды. Тек тараптар ақшаны бір-бірінің есепшотына аударуы тиіс. Оны кейін қолма-қол ақша түрінде толық шешіп алуға да шектеу қойылған. Банк өзінен ірі соманы «тірі ақша» түрінде алып кеткен әрбір тұлға туралы ақпаратты дереу Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне жолдайды. Ұлттық банктің дерегінше, биыл төлем карталарының ішінде айналымда жүрген барлық қаржының тек үштен бір бөлігі – 34,9 пайызы ғана қолма-қол ақшаға айналдырылды. Былтыр төлем карталарындағы қаржының 58,4% пайызы, ал 2010-2018 жылдары – 90 пайыздан 72,5 пайызына дейін банкомат не POS-терминал арқылы шытырлаған ақшаға ауыстырылатын. Қазір халық ақшасын негізінен картада қалдыруға тырысады. Бұған, әрине коронавирус пандемиясы және шектеулер де түрткі. Осылайша, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандық және шетелдік төлем карталарынан Қазақстан аумағында 12 триллион теңге қолма-қол ақша түрінде берілді. Бұл өткен жылғыдан небәрі 2,3 пайызға көп. Яғни, бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең аз өсім. Айталық, 2017 жылы – 21 пайыз, 2018 жылы – 26 пайыз, ал 2019 жылы 22 пайызға артқан-тын. Қаржы мониторингі комитетінің дерегінше, барлық құқық қорғау, мемлекеттік және арнайы органдардың үйлесімді қызметінің арқасында заңды тұлғалардың, қаржылық мониторинг субъектілерінің қолма-қол ақшаны пайдалануы 39 пайызға кеміген.Қылмыскердің қатаң жазасы – өзгеге үлгі
Ел заңнамасына енгізілген өзгеріске сәйкес, егер азамат шетелдік қарулы қақтығыстарға, шет мемлекет аумағындағы экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысса, онда ол Қазақстан азаматтығынан айырылады. Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияға осындай құзыр берілді. Бұл қылмысқа қолын малғандар көп кесірге жолығады. Евгений В. 2014 жылы Қылмыстық кодекстің «Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру» деп аталатын, экстремистерге қолданылатын 161-бабы бойынша сотталады. Бұл тармақ 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырумен жазалауды қарастырады. Сот рақымшылық танытты: 4 жыл жаза кесті. Ал қадағалаушы органдар «жалпақшешейлік» танытпады. «2016 жылы Қаржы мониторингі комитеті менің төлем карталарымның және есепшоттарымның бәрін бұғаттап тастапты. Бұл жөнінде 2018 жылы еркіндікке шыққанда білдім. Сондай-ақ тіпті жұмысқа орналасу үшін өзіме еңбекақы карточкасын аша алмайтынымды анықтадым. 2020 жылдың сәуірінде түсіндіруді сұрап, Бас прокурорға хат жаздым. Не себепті бұғаттап тастаған? Бас прокуратура оны Қаржы мониторингі комитеті (ҚМК) жүзеге асырғанын жеткізді. Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгенде 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғым келді, содан шот ашайын деп, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазпоштаға жүгіндім. Қазпошта қызметкерлері маған есепшот ашуға тыйым салынғанын айтып, одан бас тартты», – дейді Евгений. Содан ол еңіреп, етегі жасқа толып, басындағы ауыр жағдайын баяндап әртүрлі инстанцияларды мазалайды. Нәтижесінде, билік пен комитет иіп, көпке тимеген 42,5 мың теңге төлем оған төленеді. «Қазпоштамен, ҚМК-мен хат алмасу, телефон шалысу арқасында ақыры ол проблема жойылды, төлемдерді толық алдым. Әйткенмен, қазіргі кезде басқа карта мен есепшот ашуға әрі қарай тыйым салынып тұр», – дейді Евгений. Ол сондай-ақ «өзге мемлекет аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқаны», қарапайым тілмен айтқанда, сепаратистер қатарында соғысқаны үшін сотталыпты. «Мені ешкім қаржыландырған жоқ. Бұл саналы таңдауым, жүрек қалауы болатын. Егер күресімді тыйым салынған ұйымдар қаржыландырғанда, онда терроризммен және экстремизммен байланысты басқа баппен соттайтын еді» деп өз «ісін» ақтайды Евгений В. Онысы жалған екен. Қаржы мониторингі комитеті Евгенийдің шын мәнінде «Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалардың және ұйымдардың тізбесіне» кіргізілген адам екенін растады. «Қара тізімге» қосуға Бас прокуратураның 2016 жылғы 21 сәуірдегі хаты негіз болыпты. Бас прокуратураның мәліметі бойынша, аталған қазақстандық Қылмыстық кодекстің «Жалдамалық» бабы бойынша сотталған. «Бұл бапта көрсетілген әрекет террористік қылмысқа жатады. Оны тізбеге қосуға Евгений В.-ны террористік қылмыс жасағаны үшін айыпты деп таныған сот үкімінің заңды күшіне енуі негіз болды», – деді ҚМК.«Қара тізімнен» шығуға сегіз себеп
Мұндай мысалдар өте көп. Мәселен, қостанайлық Азат – қаржыны бұғаттайтын «қара тізімде» болған адамдардың бірі. «Қостанай облысы ауылдарының бірінде жекеменшіктегі үйім бар. Соны былтыр өзге елді мекендегі үйге айырбастайын десем, ондай мәміле жасауыма тыйым салып тастапты. Мен ҚМК-нің терроризм мен экстремизмді қаржыландырушы тұлғалар тізімінде болғанмын, бірақ кейін одан шығарды. Алайда Қостанай облысының Әділет департаментіне айырбас келісімшартын тіркеуге беру кезінде ҚМК-нің тізбесінде неге екені белгісіз, сол бойы тұрғанымды білдім», – дейді ол. Бұл – меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі ақау болса керек. Өйткені ҚМК мәліметінше, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Азаттың экстремистік қылмысы үшін соттылығының өтелгені туралы құжатты 2019 жылдың 31 шілдесінде жолдапты. Соған байланысты ол өткен жылғы 31 шілде күні тізбеден шығарылған көрінеді. Жалпы, Қаржы мониторингі мамандарының түсіндіруінше, лаңкестік қылмыстар үшін сотталғандарды «қара тізімнен» шығару және банкте есепшот ашуына рұқсат ету бірнеше жағдайда ғана жүзеге асады екен. Біріншіден, лаңкестік деп танылған ұйымды жою туралы сот шешімінің өзі жойылса. Екіншіден, жеке тұлғаны экстремистік не террористік қылмыс жасады деп айыптаған сот үкімінің күші тоқтатылса. Үшіншіден, шет мемлекет сотының Қазақстан мойындаған айыптаушы үкімінің күші жойылса. Төртіншіден, тізбеге қосылған жеке тұлғаның өлгені құжат жүзінде расталса. Бесіншіден, әлгі ауыр баппен сотталған жеке тұлғаның соттылығы алып тасталса. Алтыншыдан, ұйым немесе жеке тұлға «терроризммен байланысты ұйымдардың не тұлғалардың халықаралық тізімінен» алып тасталса. Жетіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өз қарарымен ұйымға қолданылған санкцияны жойса, сонда ғана сотталып шыққандар қалыпты өмірге орала алмақ. Әйтпесе, олардың үстінен қадағалау және шектеу шаралары жалғасады. Бұл олар қайтадан экстремизмге, сепаратизмге мен терроризмге ұрынбауы үшін қажет. Евгений В. еркіндікке шыққанымен, соттылық мерзімі аяқталмапты. Құзырлы органның оны банкке жолатпай қойғаны да содан. Дегенмен ел Парламенті 2020 жылғы 13 мамырда «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Бұл өзгеріс лаңкестік қылмыстары үшін жазасын өтеп шыққан және түзелу жолына түскен адамдарды соттылық мерзімі аяқталмаса да «қара тізімнен» шығаруға мүмкіндік береді. Ондай өтініштерді сотқа дейінгі тергеуді жүргізген орган қарайтын болады. Аталған заң қабылданғаннан кейін тура 6 ай өткенде, яғни биыл қараша айында күшіне енді. Қалай болғанда, Қазақстан экстремизммен, лаңкестікпен және соны қоректендіретін заңсыз ақшаны жылыстату қылмысымен күресті жыл өткен сайын қатайта бермек. Демек, азаматтар да заңға мүлтіксіз бағынуға бейімделгені, экстремизмге, сепаратизмге ұрынбауға тырысқаны жөн. Бұл салада ойнақтап от басқандарға аяушылық жасалмайды. Заңмен татудың көңілі тыныш деген бар.Елдос СЕНБАЙ