Бүгінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласы зор әлеуетке ие. Өйткені мемлекет тарапынан асыраушы салаға айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, бүгінгі күні «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ демеушілігімен аймақтағы Jambyl Et MS ЖШС Ирландиядан 1 000 бас ангус тұқымды ірі қара малын алдыртып, өңірде мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуда.
Жалпы, Jambyl Et MS серіктестігі асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында биыл құрылған. Қожалық иесі Аграрлық несие корпорациясынан 1 млрд теңге жеңілдетілген несие алып, оған өз қаражатын қосып, қазіргі таңда асыл тұқымды аналық басты бордақылаумен айналысуда. Ет бағытындағы ірі қара малды бағуға ден қойған серіктестіктің басты мақсаты – ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету. Сондықтан да кәсіп иесі сиырдың мол өнім беретін ангус тұқымын таңдаған. «Ангус тұқымы – сиырдың етті тұқымы. Аталған ірі қара мал сапалы ет беретіндіктен, үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ бұл тұқымның тағы бір ерекшелігі – климатқа қарамастан тез жерсінуге бейім. Уақытылы азықтандырып, бағып-күтсе, мол өнім береді деген сенімдеміз. Бүгінгі таңда қыстық маусымға арналған жем-шөп қорын жеткілікті мөлшерде дайындап қойдық. Дәл қазір бізде 1 000 тоннадан аса шөп пен 100 тоннадан аса жем бар», – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Бақыт Есқалиев. Сүт бағытындағы мал шаруашылығымен де айналысуды жоспарлап отырған агроқұрылымның меншігінде 2 дана жаңа трактор, 2 дана жүк тиегіш арба және 1 дана УАЗ маркалы автокөлік бар. Сондай-ақ жоспары жұмыр, бағыты айқын шаруашылықта бүгінгі күні 30-дан аса адам тұрақты жұмысқа тартылған. Олар үшін ай сайын орта есеппен 130 000 теңге жалақы қарастырылған. Шетел асып келген Зеңгі баба тұқымын жерсіндіріп, төл алуды мақсат тұтқан серіктестік жобасын жетілдіруге Аграрлық несие корпорациясының сеп болғанын тілге тиек етті. – Бізге бұл жобаны жүзеге асыру үшін 1,5 млрд теңге қаржы керек болды. Сондықтан Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгініп, 1,1 млрд теңге көлемінде қаражат алып, қалған 400 миллион теңгені серіктестік өзі қаржыландырды. Жалпы, корпорация мұндай қомақты қаржыны 10 жылға 16 проценпен берді. Тиімділігі сол – 10 процентін Үкімет субсидиялайды. Жарқын жобаны қолға алған Jambyl Et MS шаруа қожалығы болашақта мал санын 6-7 мың басқа дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар аталған серіктестік алдағы уақытта ет пен сүт бағытындағы симменталь ірі қара малын сатып алуға ниетті екендерін де жеткізді. – Келешекте тек ангус тұқымды ірі қарамен шектелмей, басқа да асылтұқымды сиырлар әкелу жоспарда бар. Облысымызда тек ет бағытын емес, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуды да көздеп отырмыз. Әрине, бұл жоспарларымыздың орындалуына біраз уақыт керек, – дейді Бақыт Есқалиев. Ал Жамбыл облысындағы мал шаруашылығы саласының мүмкіншілігін молайтуға үлес қосып келе жатқан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірде асыраушы саланы дамытуда ілкімді істер атқаруға дайын екенін алға тартты. «Бүгінгі таңда біздің негізгі мақсатымыз – ауылшаруашылық саласына экономикалық қолдау көрсету. Осы ретте, бүгінгі күнге дейін облысымыздың агро салысын қаржыландыру арқылы 35 млрд теңге инвестицияланды. Осы жылдың 10 айлық қорытындысы бойынша 500 ауыл шаруашылығы субъектілеріне 7 млрд теңге шамасындағы несие рәсімделді. Солардың қатарында – Jambyl Et MS ЖШС бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған бұл серіктестік бүгінде жаңа техникалармен қамтамасыз етіліп отыр», – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы филиалының бөлім басшысы Нұрдәулет Тілеубаев. Қазіргі таңда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастап, нәсіп табамын деушілерге қолжетімді несие беруде жүйелі жұмыстар атқаруда. Аталған корпорация бизнесін бастаған іскер азаматтарға ұзақмерзімді, төмен пайызды несие беріп, сонымен қатар 2-3 жылға дейін төлемге жеңілдік жасау арқылы жағдай жасап отыр. Өңірлік корпорация өкілі Нұрдәулет Тілеубаевтың айтуынша, отандық агро саланы қаржыландыру арқылы ел экономикасын алға жылжытуға мүмкіндік туады. – Бұл саланы инвестициялау арқылы, біріншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туады. Екіншіден, ауылда білікті мамандар саны артады. Үшіншіден, ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, онда жаңадан өндіріс орындары құрылады. Төртіншіден, елімізде шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылады. Айта кетейік, «ҚазАгро» ҰБХ еншілес компаниясының Аграрлық несие корпорациясы республика бойынша биыл 7 асылтұқымды шаруашылықтың құрылуына ықпал етті. Корпорация соңғы бес жылда елімізде 10 мыңға жуық қосымша жұмыс орнын ашып, халықтың жұмыспен қамтылуына үлес қосты.Ұлдана ЖҰБАЙ, Жамбыл облысы