«Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы бұқараның басына қонған бақ болғаны даусыз. Тұрғындар есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қорасын да төрт түлікке толтыра алды. Сондай-ақ ауыл сыртындағы жерлер айналымға қосылып, өз кәсібін ашамын деушілерге де қолдау білдірілді. Ал шаруалардың өндірген өнімін қабылдап, өткеру бағытында арнайы кооперативтер құрылды. Әрине, аталған кооперативтердің жиын-терім кезінде тигізген пайдасы орасан. Алайда алдағы үш ай қыста кооперативтер немен айналысады? Қазына қаржысына алынған техниканы пайдалану тетігін таба ма, әлде тоқсан күн бойы көліктер қоймада қаңтарылып тұра ма? Міне, осы мәселеге зер салып зерделеген едік.
Қарашадан қалың «ұйқыға» кетті
Мәселенің мәнісіне жету үшін бар жағдайды кооператив жетекшілерінің өздерінен сұрағанды жөн көрдік. Байзақ ауданындағы «Түймекент–2019» кооперативінің директоры Әуесжан Қалабаевтың айтуынша, олардың жұмысы қыста толықтай тоқтайды екен. – Қазір кооператив жұмысы тоқтады. Енді наурыз айларында тірлікті қайта жандандырамыз. Оған дейін біздің істейтін жұмысымыз болмай тұр. Сол себепті үш ай қыста қимылсыз жатамыз, – дейді кооператив директоры. Жамбыл ауданындағы «Іске Сәт» кооперативінің де қыста жұмысы жүрмейді екен. Алайда кооператив директоры Қадыржан Дөненбаев қыста ішкі инфрақұрылымды жаңарту бағытында тірлік ететінін айтады. – Негізі, біздің кооператив көлік қоятын тұрақтары толықтай дайын болмай, құрылған болатын. Сондықтан жиын-терім аяқталғаннан кейін қазір көлік тұрағы мен қоймалардың жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Қыс қаһарына мінбей жатып, біз техникамызды жылы қоймаға кіргізіп алуымыз керек. Сол себепті қазір жанталасып жатырмыз. Ал одан өзге қыс айларында істейтін шаруамыз жоқ, – дейді Қ.Дөненбаев. Жуалы ауданындағы «Атамекен Бастау» кооперативінің директоры Заирбек Сұлтанмұратов та қыста кооператив жұмысы тоқтайтынын ашып айтып отыр. Дәл сондай Мойынқұм ауданындағы «Айдарлы Агро-2019» кооперативінің директоры Мейірхан Шалқарбеков те қыста жұмыс жүрмейтінін айтты. – Қыс айларында тірлік етейін деп едік. Оған жер тастай болып қатып қалды. Содан техникамызды бұзып аламыз ба деп қорқып, бәрін қойдық. Дәл қазір шынымды айтсам үш ай қыста не істерімді де білмей отырмын, – дейді Мейірхан Әбдікерімұлы. Т.Рысқұлов ауданындағы «Құмарық-тау» кооперативі де қыс айларына қандай жоспар жасайтынын білмей отыр. Кооператив директоры Еркін Сарсебаев наурыз бен сәуір келмей тірлік тәуір болмайтынын айтады.Шөп шауып, көмір тасып көмектесіп жатыр
Жалпы, аудандардың дені қыс айларында кооператив жұмысын жүргізу қиынға соғатынын алға тартуда. Әрине, тірлігі егістікпен тікелей байланысты кооперативтердің жұмысын қыс айларында жүргізу шындығында қиын шығар. Алайда кейбір аудандардағы кооперативтер қыста да қарап жатпай, техниканы барынша тиімді пайдалану тетігін табуда. Мәселен, Қордай ауданындағы «Жаңа тұрмыс – Бірлік» кооперативі көктемнің қамын ойлап, 200 гектарға бидай егіп, 40 гектар жерді дайындап қойыпты. Кооператив директоры Асет Спанов күн сәл жылыса арпа егілетін жерді де аударып, тұқым себуге әзірлеп қоятынын айтады. Ал Талас ауданындағы «Талас – 2020» кооперативі техникаларын тұрғындардың тұрмысына қолдау білдіру бағытына жұмсап жатыр. – Жиын-терім науқаны аяқталғаннан кейін біз техникамызды тоқтатып қоймай қазір шаруалардың қорасын тазалап, шөбін жинап беріп жатырмыз. Одан бөлек тұрғындарға көмір жеткізіп беру бағытында да жұмыстар жүргізудеміз. Әрине, комбайнды қыста кәдеге жарата алмайтынымыз анық. Алайда трактор мен «КамАЗ» жүк көлігін қоймаға тығып қоймай, қара халықтың қамы үшін жұмыс істеп жатыр, – дейді «Талас –2020» кооперативінің директоры Рахымжан Аденов. Сарысулық «Саудакент - 2019» кооперативі де көпшілік үшін игілікті іс қылуда. – Біздің ауданда қыс қаһарлы болатындықтан шаруаларға ең бірінші қажеттісі – мал азығы. Ал шөп шабатын аймақ ауданнан алшақтау жерде орналасқандықтан кооператив техникасының күшімен шөп шауып, оны халыққа арзан бағамен өткерудеміз. Мәселен, бір түк құрақ өзге аудандарда 5 000 теңгеден сатылып жатса, біз оны 3 500 теңгеден береміз. Осы таңға дейін 500 түк дайындап, күн суытқанда халыққа өткіздік. Енді тағы 500 түк әкеліп, нарықтан төмен бағамен сатқалы отырмыз, – дейді кооператив директоры Бегайдар Айтбаев.Қаржы табуға рұқсат бар, құлық жоқ
Міне, осылайша «Саудакент-2019» кооперативі 3 тракторын күндіз-түні жұмыс істетуде. Ол бір жағынан қара халыққа демеу болып жатса, екінші қырынан арзан бағамен өткерілген шөп кооператив шығынын өтеуде. Бұл сөз жоқ, табылған тәсіл. Ал «Талас – 2020» кооперативі болса шаруалардың қорасын тазалап, көмір де тасып беріп, көпке үлгі болар іс қылуда. Осы орайда: «Өзге аудандардағы кооперативтер осылайша қолда бар техниканы неге тиімді пайдалана алмай отыр?» деген орынды сұрақ туады. Бұл сауалмен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына қайырылдық. – Негізі, кооперативтер өз-өзін қаржыландыруы тиіс мекеме саналады. Сондықтан олар қолда бар техниканы пайдаланып, қаржы табатын болса, ешкім бетінен қақпайды. Тек халыққа ұсынған қызметі нарық бағасынан төмен болуы керек. Қазір кооперативтердің дені көктемгі дала жұмыстарының қамын жасап, техникаларын тазалап, қоймаларына сақтауға қойып жатыр. Алайда техникасы жарап тұрса, оны пайда түсіру бағытында қолдануға болады. Біздің тараптан оған ешқандай шектеу жоқ. Негізі, кооперативті құрудағы басты мәселе – тұрғындардың тұрмысын түзеп, қолдау білдіру болатын, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының ауылдық елді мекендерді, ауыл шаруашылығы кооперативтерін және қайта өңдеу саласын дамыту бөлімінің басшысы Дулат Оспанов. Демек, кооперативтер қыс айларында техникаларын сары майдай сақтамай, қаржы табуға құқығы бар екен. Тек қызметін қара халыққа төмен бағамен ұсынса болғаны. Бұл ретте Сарысу мен Талас ауданындағы кооперативтер сенім үдесінен шығып отырғаны анық. Енді басқалары осындай жүйенің барын білмей отыр ма? Әлде қыста техниканы қозғауға қиналып, «сен тимесең, мен тиме» деген ұстаныммен отыр ма? Бұл әрине кооператив жұмысына абырой әкелмейтіні анық. ТүйінРесми мәліметке сүйенсек, пилоттық жоба жанданған уақыттан бері 191 дана техника алу үшін кооперативтерге 1 миллиард 6 миллион теңге несие берілген екен. Енді осы кредиттен құтылу үшін кооператив төрағаларының өздері қаржы табуға құлықты болуы керек емес пе? Ал бұған бақылаушы мекеме тарапынан ешқандай шектеу қойылмаған.
Негізі, осыдан бірер күн бұрын «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасын алдағы жылдары қаржыландыру мәселесіне қатысты Парламентте қызу пікірталас туған болатын. Сол кезде Сенат депутаты Абдалы Нұралиев жобаны қаржыландыруды тоқтатпауды сұранған еді. Бұл мәселе әзірге шешімін таппай, ауада тұр. Алайда пилоттық жоба негізінде құрылған кооперативтер қыс айында бар техникасын пайдаланбай құр қарап отыратын болса, бұл жобаның келешегіне салқынын тигізуі бек мүмкін.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы