Сыр елінде кен орны болмаса да, индустрияландыруға үлес қосқан Жосалы механикалық зауытының өзіндік даму жолы мен тарихы бар. Зауыт тарихы көнекөз аға ұрпақ пен зауытта еңбек еткен ардагерлерге ғана мәлім, кейінгі ұрпақ осы өндіріс орны туралы біле бермейді. Кеңес өкіметі тұсында негізі қаланып, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында күні-түні еңбек етіп, майданды қару-жарақтың бір түрі – минамен қамтамасыз еткен зауыт ірі өндіріс ошағына айналды.
Соғыстан кейін де дүниежүзіне әйгілі болып, 400-ден аса кәсіпорын мен геологиялық басқармаларға өз өнімдерін жіберіп отырды. Мысалы, Куба, Ауғанстан, Иран, Вьетнам, Аргентина, Сирия, Тунис, т.б. мемлекеттерге зауыт өнімдерінің маркасы танымал болған. 1925 жылдың 10 маусымында КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесінің арнайы қаулысымен Атбасар түрлі-түсті металл тресі құрылды. Бұл трест құрамына Қарсақбай комбинаты мыс балқыту зауыты, Байқоңыр көмір шахталары мен Жосалы темір жол стансасының қасынан мыс қабылдап, тиейтін қойма кірді. Бұл қойма орнына кейін тұтынушылар одағының дүкендері орналасты. Қарсақбай – қазақ елінің тұңғыш отандық металлургиялық орталығы болатын. 800 шаршы шақырым аумақты алып жатқан бұл жер Қызылорда өңіріне жататын. Жосалы Қарсақбайға ең жақын орналасқан, патша өкіметі кезінде салынған «Орынбор-Ташкент» темір жолының бойындағы станса еді. Қарсақбайға қажетті жүктерді түйемен, атпен 430 шақырым қашықтыққа тасыған. Екі ортада 18 бекет орналасып, осы екі араны жүк керуені 7 күн жүретін. Бұл керуенде 1 500 түйе, 1 000-нан астам атарба болып, жүк тасылса да, жұмысты үлгерте алмады. Жер қойнауынан табылған мыс рудасын темір жол бойына тасу мақсатында қазіргі зауыт төңірегіне, сол кездегі ең ірі деген 300-350 автомашинасы бар «АМО» маркалы автобаза паркі ашылды. Бұл кәсіпорынның ашылуына септігін тигізген комбинат директоры Иван Васильевич Деев пен ұлтымыздың мақтанышы, атақты академик, «Атбасар түсті металл» тресінің бас геологі Қаныш Сәтбаев болды. Ол қыстақтың түкпір-түкпірінде болып, жергілікті халықты өндіріске тартты. 1938 жылғы 19 қазан Қарсақбай зауыты өміріндегі ерекше күн болды. Бұл күні зауыт алғашқы металын және Байқоңыр шахтасы көмір бере бастады. Болашақ Жосалы механикалық зауытының іргетасы Жосалы автобазасы негізінде қаланды деп айтуға болады. 1930 жылы Жосалы стансасында құрылған автобаза «Қарағанды-Жезқазған» темір жолы іске қосылғанша 9 жыл бойы мыс тасыған. Елімізде ашаршылық болып жатқанда бұл кәсіпорын жүздеген азаматты нәубеттен құтқарды. Жоғарыда айтқан темір жолдың іске қосылуына, жұмыс көлемінің ұлғаюына орай 1939 жылдың 15 маусымында КСРО Түсті металлургия Халық комиссариатының бұйрығымен Қарсақбай зауытының бұрынғы автомашина жөндеу шеберханасының базасында Жосалы бұрғылау, құрал-сайман зауыты ұйымдастырылды. БКП (б) Орталық комитетінің жанындағы партиялық бақылау комиссия-сының Қазақ КСР бойынша жауапты бақылаушысы Рязанцевтің Жосалы зауытына «Главгеолмашцвет» басшылары тарапынан берілген арнаулы тапсырыстардың орындалуы жайлы жасаған баяндамасында 1941 жылдың 1 қыркүйегінен бастап геологиялық құрал-саймандарды шығаруды тоқтатқаны жазылған. Жаңа тапсырыстар қабылдауға, эвакуацияланған 1 200 адамды және 300 станок орналастырып, іске қосуға дайын екені айтылды. Сонымен бірге 1942 жылғы 5 қаңтардағы берген хабарында «резбалы калибрдың нұсқасын жасап, оны Ташкент қаласына өңдеуге, өз дәрежесіне жеткізу үшін жіберемін» деген мәліметтер бар. 1942 жылы 23 қаңтарда Қорғаныс Комитетінің қаулысымен Жосалы механикалық зауытына 82 миллиметрлік шойын миналарды шығару тапсырылды. 1942 жылдың 6 наурызындағы КСРО түсті металлургия Халық комиссариаты бұйрығымен тек қана наурыз айында 10 мың дана мина шығару міндеті қойылды. Зауыт жұмысшыларының қажырлы еңбегінің арқасында 1942 жылдың 1 сәуірінде арнайы тапсырысты орындауға 13 станок жұмылдырылып, тәуліктік норма 500 данаға жетті. Зауытта соғыс жылдары және соғыстан кейін түрлі ұлт өкілдері еңбек етті. Аудандық архив құжаттарын ақтарғанда зауыт еңбеккерлерінің көпшілігі қазақ, орыс, шешен ұлты болғанын, сонымен қатар өзбек, тәжік, корей, татар, еврей, латыш, украин, белорус тіпті финдердің еңбек еткенін анықтадық. 1954 жылы 96 адам еңбек етсе, оның 34-і қазақ, 41-і шешен, 8-і грек, 10-ы орыс, 2-еуі татар, 1-еуі корей ұлтынан екен. Сан жылдық тарихы бар Жосалы механикалық зауытында тағдыры тоғысқан түрлі ұлттардың жұмыс істеген кездері мен кейінгі өмірін, олардың ұрпақтарын зерттеу жұмысына арқау етсек, артық болмас еді. Өйткені мұның өзі басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқының кеңпейілдігін танытатын бірден-бір мәлімет болды. 1956 жылы зауыт маңында балабақша, электростанса, тағы басқа нысандар салынды. Жұмысты көп жағдайда қолмен атқаруға тура келетін. Механикалық цехта детальдарды қолдан таситын, мұны көбінесе көмекші әйелдер атқаратын. Алда механикаландыру мәселесі тұрды. Зауыттағы инженер-конструктор Борис Иванович Ким станок арасына тізбектелген конвеер орналастырды. 1956 жылы Пушкарь бас инженерлік қызметіне келді. Құрылыс бөлімін өз ісіне адал Ақмырза Қуатов басқарды. Материалдың жетіспегеніне қарамастан, қыстақ орталығында зауыт демеушілігімен кинотеатр және мектеп салынды. Шығарылған өнім жайлы сол кезеңдегі Чехословак Социалистік Республикасы мамандарының бірі Миклаш былай деп жазды: «КСРО-да ФКО сүзгішін ЧССР-ға Жосалы механикалық зауыты дайындап, «СоюзГеотехника» арқылы жеткізілді». 1983 жылы мемлекеттік комиссия сапа белгісін берді. Келесі жылы ФКО сүзгіші Мәскеу қаласындағы «Геоэкспо-84» халықаралық көрмеге қатысып, құрмет дипломына ие болды. Зауыттың әрбір шебері мен инженер-техник қызметкеріне НОТ тәрбие саласы, еңбекте өндіріс сақтауды, жаңа техниканы енгізу мен технологияны жетілдіріп, сапалы өнім шығаруға бағыт беріп отырған. 1976 жылы зауыт өнімі мемлекеттік сынақтан өте алмаса, 1982 жылы шығарылған өнімнің барлығы бірінші категорияны иеленді. 1983 жылы ФКО жоғары сапамен шығарылып, геологиялық құрал ретінде дүниежүзінде тұңғыш рет Жосалы механикалық зауытында жасалып, ірі капиталистік елдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Сирия, Пәкістан, ЮАР) патентіне ие болды.Миуа БАЙНАЗАР