Түнделетіп ағаш кескендер айыппұлмен құтыла ма?
Түнделетіп ағаш кескендер айыппұлмен құтыла ма?
255
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне қалада ағаш­тардың заңсыз оталуына байланысты тексеруді тапсырды. Бұл туралы Пре­зиденттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаш­тардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауап­кершілікке тартуды тапсырды. Мемлекет басшысы 2019 жылы 29 қазанда Алматыда қала проблемаларына арналған кеңесте сөйлеген сөзінде мегаполистің экожүйесіне ұқыпты қараудың, шаһар тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдайлар жасаудың ерекше маңызды екенін мәлім еткен болатын» деп жазды ол. Бірер күннен бері алматылықтар үшін бас­ты тақырып осы болып тұр. Өйткені қала­ның қақ ортасындағы Әуезов пен Төле би көшелері қиылысындағы 13 ағаш бір түнде ота­лып, оған тұрғындар наразылық танытқан. Өйт­кені биіктігі көк тіреген ағаштардың осы әде­мі қалпына келуі үшін ұзақ жылдар керек еке­нін бәрі біледі. Алғашында қала әкімдігі өкілдері осы мекенжай бойынша Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге рұқсат бермегенін айтса, сол маңайда сауда орны қоныс тепкен Sulpak компаниясы өкілдері бұл іске еш қатысы жоқ екенін, ағаш­тар кесілген аумақ компания меншігіне жат­пайтынын, тіпті осы адамдардың әрекеті заңға қайшы екенін айтып, істің ақ-қарасы ашылу үшін тиісті органдарға жан-жақты қол­дау көрсетуге әзір екенін жеткізген. Алай­да таяқтың бір ұшы айналып келіп Sulpak компаниясына тиді. Ведомомство хабар­ламасынан белгілі болғандай,  Sulpak-тың «Сакура» және «Бөрі­беков» мердігер компаниялары Төле би кө­шесіндегі ғимарат маңында абаттандыру жұ­мыстарын жүргізіп жатқан болып шықты. Arena S (Sulpak сауда маркасының иесі), ғимарат иелері және екі жеке кәсіпкер – «Сакура» және «Бөрібеков» компаниясы дренаждық арнаны, тротуар плиталарды жөндеу, өсінділерді отау және тағы басқа жұмыстар жүргізу бойынша келісім жасаған. Енді оталған 13 ағаш – тоғыз емен мен төрт қарағаштың өтеуін кімнен алу керегі мәлім болды.

Шаһарда заңсыз ағаш кесу дерегі жиі тіркелетіні рас. Экобелсенділер рұқсатсыз ағаш кесетіндерге қолданатын шараны қатаңдату керегін айтады. Қалада рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі шамамен 38 мың теңгеден 380 мың теңгеге дейін. Мұндай әрекеттерге көбіне жауапсыз бизнес өкілдері барады екен.

 «Уәкілетті мемлекеттік органдар көр­сетілген ағаштарды кесуге рұқсат бермегені анықталды. Аталған факт бойынша Алматы қаласының табиғатты қорғау прокуратурасы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу барысында тиісті сараптама тағайындалады, оның нәтижесі бойынша зиян көлемі бағаланады және заңдық баға беріледі. Сотқа дейінгі тергеу қалалық прокуратураның бақылауында», – деп хабарлады Алматы прокуратурасының баспасөз қызметі. Шаһарда заңсыз ағаш кесу дерегі жиі тіркелетіні рас. Экобелсенділер рұқсатсыз ағаш кесетіндерге қолданатын шараны қатаңдату керегін айтады. Қалада рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі шамамен 38 мың теңгеден 380 мың теңгеге дейін. Мұндай әрекеттерге көбіне жауапсыз бизнес өкілдері барады екен. Оған қоса табиғатқа келтірген зауалдың орнын толтыру үшін кескен 1 тал орнына 10 көшет отырғызуға міндетті. Бірақ бұл талап қаншалықты орындалып жатыр, әңгіме сонда. Мәселен, жыл басында Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты Құлжа тас жолы бойында Mолл Aport East сауда – ойын-сауық орталығы құрылысын салу үшін 11 мың ағаш кесілгені жөнінде хабар тарады. Қалалық Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесу жөнінде ешқандай рұқсат бермеген. Әкімдік меншік иесін жасыл желекті өз бетінше кескені үшін сотқа берді. Көп ұзамай Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мақажанов барлығы 3 мыңға жуық жасыл желек пен бұта шабылғанын айтып, олқылықтың орны бес есе өтелетінін, яғни 17 мыңға жуық ағаш отырғызатынын айтқан. Бұл – бір ғана мысал. Қазіргі таңда қалада 2 миллионнан астам жасыл желек бар. Соның ішінде 54 мың ағаш апатты жағдайда екен. Алматы экологиясына бейжай қарамайтын тұрғындар әрбір ағаштың ахуалына алаңдаушылық білдіреді. Ал бір түнде 13 ағаштың тамырына балта шапқандар тек айыппұлмен құтыла ма?..

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ