Алматы облысында қатыгездікпен көлікте өлтірілген 34 жастағы әйелге қатысты тың деректер шықты. Әйелдің туыстары оны күйеуі тапсырыс беріп өлтірткен деп есептейді.
"НеМолчиKZ" қорының құқық қорғаушысы және негізін қалауышы Дина Таңсәрі Facebook-тегі парақшасында өлімге қатысты тың мәліметтер жариялады. Әйелдің туыстары да өлімге қатысты өз ойларын айтқан.
13 қарашада күйеуі әйелі мен 1 жастағы қызын ертіп Қапшағай тас жолындағы «Магнум» сауда орталығына барғаны белгілі болды. Қайтар жолда күйеуі «түзге отырамын» деп 300-400 метр жерге бұрылған. Ал ол қайтып келгенде әйелі өлі күйінде жатқан. Алматы облыстық Полиция департаменті өлімге кінәлі күдіктілер ұсталғанын хабарлады.
«Қазір бұл қылмысқа күдікті ретінде 37 жастағы және 34 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар аса ауыр қылмысты жасағанын мойындады», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Ол енесіне хабарласып, Светлананы біреулер өлтіріп кеткенін айтқан. Алайда туыстары әйелді біреу кездейсоқ өлтіріп кеткеніне сенбейді. Айтуларынша, ол әйелімен ұрысып, қызын ұрлап әкетіп, жасырынып қалатынын айтқан. Ер адамның екі азаматтығы бар көрінеді. Сондықтан ол қызын Ресейге алып кетемін деп қорқытқан.
"Марқұмның анасы азық-түлік алуға күйеу баласы баратынын айтады. Өлтірілген әйелді куәгерлер көріп қалып, ер адамның қашуына кедергі келтірген. Олар жедел жәрдем және полиция шақырған. Содан соң ол Светлананың ата-анасына хабарласуға мәжбүр болған.
Көлікте тоңазытқыш сөмке және балаға арналған көпкүндік тамақ қоры болған. Бұл ер адамның кетуге дайындағанын көрсетсе керек. Жалғыз кедергі әйелі болған секілді", - деп жазды Дина Таңсәрі.
Қазіргі кезде әйелдің туыстары тергеудің жан-жақты жүргізілуін талап етіп отыр.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалы басталды.
Еске сала кетейік. бұған дейін Алматы облысында 34 жастағы әйелді көлікте пышақтап өлтірген күдіктілер ұсталғанын жазған болатынбыз.