Павлодарлық полицейлер 10 миллион теңге ұрлаған екі күдіктіні ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
25 қыркүйекте Павлодар облысының полицейлеріне белгісіз біреулердің автокөлігінің терезесін сындырып, 10 миллион теңге ақшасын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленуші Қарағанды қаласында тұрады және жүк көлігімен Қарағанды – Семей қалалары арасында жүк тасымалдайды екен.
Ол бір күн бұрын туысымен бірге Семей қаласына тоғыз тонна көкөніс пен жеміс-жидек алып келіп, тауарды базарға түсіріп, әкелген тауары үшін қомақты ақша алған. Ер адам ақшаны қағаз конверттерге салып, көлік орындығының астында орналасқан темір сейфке салған. Сейф құлыпталады және көліктің орындығына дәнекерленген.
Ер адамдар жолда тамақ ішу үшін Павлодар қаласына тоқтаған. 30 минуттан кейін асханадан шыққан ер адам көлік терезесі сынғанын, ал жүргізуші отыратын орындық пен оған дәнекерленген сейфтің жоқ екенін көрген.
Павлодарлық жедел уәкілдер жедел шара қолданып, 10 миллион теңге ұрлаған екі күдіктіні ұстады. Олар Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болып шықты, біреуі бұрын сотталған.
«Олар жәбірленушілердің ізіне Семей қаласындағы базарлардың бірінде түскен. Кәсіпкерлердің қомақты ақшасы бар екенін байқаған олар қылмыстық жоспар құрып, оны Павлодарда жүзеге асырған. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.