Апатты үй тұрғындары пәтерлі болды
Апатты үй тұрғындары пәтерлі болды
171
оқылды

Биыл Атырау қаласында апатты үйде тұратын 813 отбасы пәтерлі болып, қоныс тойын тойлады. Бұл туралы  Атырау облыстық коммуникациялар таратқан мәліметтерде белгілі болды.

Биыл қуанышқа кенелгендер арасында ұзақ жылдар баспана азабын тартып келген қарабатандық 27 отбасы бар. Олар «Жұлдыз» шағынауданындағы су жаңа пәтерлерге орналасты. Олардың баспаналы болғаны жайлы «Айқын» газеті бұдан бұрын да жазған болатын. Қарабатандықтар  өткен ғасырдың 60-жылдары салынған, газ тартылмаған ескі үйлерде тұрып келді. Елді мекендерінде авто­көлік жолдары мен көше жарығы болған жоқ еді. Енді олардың мәселесі түбегейлі шешілді. «Қалаға көшуді асыға күткен едік. Біз үшін бұл үлкен қуа­ныш», –  дейді теміржол саласының ардагері Назымгүл Өтеуова. Биыл осылайша тозығы жеткен үйлердi мекендеуге мәжбүр болған халықтың 40 пайызы жаңа баспанаға көшті. Алдағы уақытта 1 500 жаңа пәтер тапсырылса, өңірдегі апатты үй тұрғындарының мәселесі түбегейлі шешiледі. Осы мақсатта жыл соңына дейін Атырау қаласындағы Молдағалиев көшесі 30, 33 А және Төлебаев көшесі 44 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарын баспанамен қамту жоспарланған. Сонымен бірге, Атырау қалалық әкімдігі ескі үйлердi күреумен қатар, аталған тұрақтардың инфрақұрылымын пайдалана отырып, жаңа үй құрылысын жүргiзуге инвесторлар тарту, тиісті техникалық кепілдіктердi сақтай отырып, аз шығынмен ескі үйлердi қалпына келтіру жолдарын карастыруда.

Т.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ