Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының ХХ съезінде сөйлеген сөзі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының ХХ съезінде сөйлеген сөзі
238
оқылды

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Құрметті съезд делегаттары! Партиямыздың ХХ съезі күрделі әрі маңыз­­ды кезеңде өткізіліп отыр. Бұл – мем­­лекетіміздің қоғамдық-саяси өмі­рін­дегі айтулы оқиға.

Бүгінде «Nur Otan» партиясы ел тағ­ды­ры­на жауапты ең басты саяси күшке айнал­ды. Халқымыз бізге қашанда зор сенім ар­тады. Әсіресе, жаһандық дағдарыс ке­зінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бүкіл әлемге тараған пандемия Қа­зақ­станға да оңай тиген жоқ. Мемлекет аза­маттардың денсаулығын қорғау үшін бар­лық қажетті шараны қабылдады. Пар­тия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көр­сетіліп келеді. «Nur Otan» белсенділері мен еріктілері мұқ­таж жандардан көмегін аяған жоқ. Осын­­дай нақты жұмыс пен шынайы жа­на­­шырлық береке-бірлігімізді арттыра тү­седі. Қазақстан қазіргі жағдайға қара­мас­тан, стратегиялық даму мақсаттарын дәйек­ті түрде жүзеге асырады. Бұл ретте, Ел­басы сая­сатының сабақтастығын қам­тамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Мен биылғы Жолдауымда партияның қо­ғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру бары­сын­да «Nur Otan»-ның  зор әлеуетіне сүйе­нетін боламыз. Құрметті делегаттар мен съезд қонақтары! Бүгінде бүкіл әлем түбегейлі өзгерістер дәуі­ріне аяқ басты. Халықаралық қаты­нас­тар жүйесі барған сайын белгісіздік пен бейберекеттікке белшесінен ба­тып барады. Сенім дағдарысы туындағаны анық. Соңғы жүзжылдықтағы аса терең рецессия әлемдік экономиканы ондаған жыл­ға кері ығыстырып тастады. Өсімнің бұрын­ғы қарқыны мен орнықты дамуды қал­пына келтіру үшін орасан күш-жі­гер және уақыт керек. Осының сал­да­рынан көптеген ел қиын жағдайда қал­ды. Қазақстан жеткілікті деңгейде берік не­гізге ие болып отыр. Өйткені ең алды­мен біздің қаржы ресурстарына негіз­дел­ген нақты даму жоспарымыз бар. Біз жауапкершілігі мол миллиондаған аза­матымыздың арқасында ішкі саяси тұрақ­тылықты сақтай білдік. Сондай-ақ биз­нес қоғамдастығын қолдап, мем­ле­кет­тің барлық әлеуметтік міндеттемесін орын­дай алдық. Осы жолда халқымыздың дәс­түрлі құндылықтары – өзара көмек, та­бандылық, жанашырлық шешуші рөл ат­қарды. Біз пандемия кезінде азамат­тары­мыз­дың шынайы ынтымақтастығы мен жап­пай жанқиярлығының куәсі болдық. «Біз біргеміз!» ұраны Қазақстан патрио­тиз­мінің формуласына айналды. Қатерлі дерт ырық бермеген қиын күндерде біз шын мәнінде бірге болдық. Партия және оның белсенділері ха­лық­ты біріктіруге орасан зор еңбек сіңір­ді. Нақты істер атқаратын «Nur Otan» пар­­тиясы өзінің іс-қимылы арқылы көш­­басшылыққа лайықтылығын, Қазақ­стан­­ның болашағы үшін бүкіл жауап­кершілікті мойнына алуға дайын екенін көрсетті. Осындай дағдарыс кезінде билеуші пар­тияның, Үкімет пен бүкіл қоғамның алдында бірегей мүмкіндіктер пайда бо­латыны бұрыннан белгілі. Сол тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде биліктің барлық тар­мағы: Президент, Үкімет және заң шы­ғарушы орган күш жұмылдыруы керек. Сондықтан алдағы сайлаудың бүкіл қоғам үшін маңызы аса жоғары. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 5 институттық ре­фор­ма мен Ұлт жоспарында белгілеген жүйе­лі жаңғыртуларға серпін беруіміз қа­жет. Осы мақсатпен біз 2025 жылға дейін «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа – лайық­ты өмір!» сайлауалды бағдарла­м­а­сын қабылдаймыз. Бұл – жан-жақты ой­­ластырылған әрі нақты жүзеге асатын құжат. Экономикадағы қиындықтарға қара­мас­тан, «Nur Otan» партиясы бағдар­лама­ны жүзеге асыру үшін Үкіметпен бірлесіп, алдағы бесжылдыққа 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарламада елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және халық­тың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді шаралар ұсынылады. Партия жұртшылықтан келіп түскен ұсыныс-тілектерді назарға алды.  Біздің бағдарламамызды бүкіл еліміз дайындады деуге толық негіз бар. Құрметті партияластар, жолдастар! Біздің бағдарламамызда негізгі төрт басымдық бар. БІРІНШІ – әр азаматқа өз әлеуетін жү­зеге асыру үшін тең мүмкіндік беру. Біз әлеуметтік-экономикалық сая­сат­та нарық тәсілдерін басшылыққа аламыз. Қар­жыны және жәрдемақыны негізсіз  оңды-солды таратуды доғару қажет. Мем­лекет атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол се­бепті мұқтаж жандарға қамқорлық жа­сауға баса мән береміз. Әлеуметтік сая­сат­ты жүр­гізгенде қиындыққа тап болған аза­маттарға атаулы көмек көрсету ша­ра­лары күшейтіледі. Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік тө­лемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 трил­лион теңгеден астам қаражат бө­лінеді. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте, біз мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке кө­мекші қызметін пайдаланбайтын І топ­тағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бар­лығына қосымша әлеуметтік қолдау көр­сетіледі. Осыған орай, берілетін ар­нау­лы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс дең­­гейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне тең болады.  Алдағы бес жыл ішінде біз ерек­ше күтімді қажетсінетін адамдарды ар­наулы техни­калық құралдармен қамта­ма­сыз етеміз. Сондай-ақ оларға толықтай оңалту-сауық­тыру қызметтері ұсы­ны­ла­ды. Бірақ ең бастысы, әр адамға табыс табу мүмкіндігін беру керек.  Бұл ретте, біз нақты шаралар қабылдаймыз. Соның нә­тижесінде, 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіші 30 пайызға жетеді. Осындай жандардың кәсіби қызмет­пен айналысуымен бірге білім алуына да жағдай жасау маңызды. Бес жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар мектепке дейін­гі барлық мекеме мен мектептерде бұл көрсеткішті кезең-кезеңмен 70 пайыз­­ға дейін жеткіземіз. Біз тек әлеуметтік көмекке мұқтаж жан­­дарға ғана емес, халықтың өзге де топ­­тарына қолдау көрсетеміз. Партиялық тізімдегі 20 пайыздық кво­­та жас көшбасшыларды қолдаудың нақ­­ты тетігіне айналды. «Nur Otan»-ның қа­тары­на білімді, қайсар және жігерлі жас­тар қо­сылды. Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі, эко­номиканың барлық секторындағы рө­­лін күшейту – әлемдік үрдіс. Қазіргі уа­­қытта партиялық тізімнің 30 пайызы әйел­­дерден құралған. Бұл – әйелдер қауы­­мы үшін мемлекет басқару ісіне атса­лысуға жол ашатын нақты әлеуметтік мүм­­кіндік. Партияның белсенді қатысуымен Әлеу­меттік кодекс әзірленеді. Бұл маз­мұны жағынан мүлде жаңа құжат болмақ. Ко­дексте қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келісім орнатудың тың тәсілдері көр­сетілетін болады. ЕКІНШІ БАСЫМДЫҚ – саламатты зияткер ұлт қалыптастыру. Жаңа жаһандық сын-қатерлер ес­кері­ле отырып, білім, ғылым, денсаулық сақ­тау, мәдениет және спорт салаларына жұм­салатын қаражат ұлғайтылатын бола­ды. Бұл – адам капиталына, еліміздің бо­­лашағына салынатын стратегиялық ин­вестиция. Денсаулық сақтау саласын қаржы­лан­дыру көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайы­зынан кем болмайды. Жаңа эпиде­мия­лар­ға әрдайым дайын болу керек. Цифр­лан­­дыруды, телемедицинаны, био­ло­гия­лық қауіпсіздік инфрақұры­лымын қам­титын Біртұтас ұлттық жүйе құру ісі аяқ­­­талады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көп­бейінді екі ғылыми-инновациялық клиника салынады. Өңірлік медицинаны да­мыту үшін біз еліміздің барлық об­лысында 20 заманауи медициналық ор­талық салатын боламыз. Аудандық ау­руханалар мен перзентханаларды, ауыл­дық емдеу мекемелерін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. 2023 жылға қарай дәрігерлердің ең­бекақысы 2,5 есе өседі. Басты мақсат – қазақстандықтардың ор­таша өмір сүру жасын 75-ке дейін ұзарту. Саламатты өмір салты мен бұқаралық спорт­ты дамыту зор маңызға ие. Сондық­тан балалар мен жасөспірімдер клубтарын тек шағын және орташа қалаларда ғана емес, сондай-ақ тірек боларлық барлық ауыл­да ашу қажет. Сонымен қатар жат­тықтырушы-оқытушылардың еңбе­кақысын көтеру керек. Әрбір ауылдық округ­те спорт жөніндегі нұсқаушы лауа­зы­мын енгізген жөн. Құрметті съезге қатысушылар! Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апат­ты және үш ауысыммен оқытатын мек­тептердің мәселесін толық шешеміз. Бар­лық мектеп интернетпен, компью­тер­мен және пәндік кабинеттермен қамта­ма­сыз етіледі. Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан ор­талықтарында, ауылдық жерлерде ор­наласқан 5 мыңнан астам мектеп жаң­ғыртылуы керек. Педагог мамандарға сұра­нысты арттырып, білім сапасын жақ­сарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді. Жаһандық білім және инновациялық жүйеге енген заманауи зерттеу универ­си­теттері білім экономикасының негізін құрау­ға тиіс. «Назарбаев университетінің» тәжірибесі бойынша тағы да кем дегенде 2 озық өңірлік жоғары оқу орны ашылады. 2025 жылға қарай жоғары білім алу үшін бөлінетін гранттың саны 50 пайызға ар­тады. Бұл – 75 мың жас азаматымыз жо­ғары білімді тегін алады деген сөз. Біз студенттерге материалдық қолдау көр­сету ісін жалғастыра береміз. Сту­дент­тердің стипендиясы 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе көбейеді. 2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақханаларындағы орындар саны кем дегенде 50 мыңға ар­тады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылады. Бұл жоба жылына 5 мың адамды қам­титын болады. Бизнес саласындағы келешегі зор идеяларды жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант ұсынылады. Жұмыс істеп жүрген жастарға жылына 3 мың жалдамалы пәтер беріледі. Біз  жас­тар ұйымдары мен Еріктілер қозғалысы­ның жобаларын қаржыландыру көлемін 1,5 есеге арттыруға әзірміз. Осындай қол­дау шаралары оқымайтын және жұмыс істе­мейтін жастардың санын 2025 жылға қарай 100 мың адамға азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларға қосымша білім беру, бос уақытты тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетті дамыту мәсе­лелері шешімін табады. Барлық мектепте спортпен және шығарма­шылықпен ай­налысуға жағдай жасалады. 3-6 жас ара­лығындағы балалар мектепке дейінгі бі­ліммен толық қамтылуы тиіс. Осы ретте, тұр­­ғылықты жеріне қарамастан баланың бәріне бірдей көңіл бөлінеді. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыра береміз. Бұл аса маңызды құжат ұрпақтың санасын серпілтіп, ұлттың жаңа болмысын қалып­тастыруға арқау болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің қол­данылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұ­­мылдырамыз. Ана тілімізді ардақ­тама­сақ – елдігімізге сын. Кез келген шаруашылық қызметімен айналысқан жағдайда табиғатты сақтау және оны қорғау міндеті басты қағидаттың біріне айналады. Жаңа Экологиялық кодекс және «Жасыл өсім» тұжырым­да­масы қабылданады. Біз прагматизм құндылықтарын, үнем­­ділік, қанағатшылдық және ұстам­дылық мәдениетін орнықтыруымыз керек. ҮШІНШІ БАСЫМДЫҚ – экономика мен өңірлердің орнықты дамуы. Әлемдік экономиканың ұзақмерзімді дағдарысқа тап болып отырғаны анық. Әрине, Қазақстан да бұдан едәуір қысым көретіні белгілі. Дегенмен дағдарыс – жаңа экономикалық модель құру үшін жүйелі реформалар жүргізудің мүмкіндігі. Бүкіл әлемдік экономика ғылымы мен саналы саясаткерлер адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жаһандық дағдарыс жағдайында мемлекеттің эконо­микалық үдерістерді басқарудағы рөлі шын мәнінде артады деген қоры­тындыға келіп отыр. Қалай дегенде де, осылай болуы тиіс. Үкіметтердің басты міндеті – өз мем­лекеті азаматтарының тұрмыс сапасын лайықты қамтамасыз ету. Біздің Үкімет осы іргелі мақсатқа қол жеткізуді көздеп отыр. Экономикалық өсімге қол жеткізу үшін негізінен мынадай мәселелерге баса мән беріледі: – қатаң, бірақ теңгерімді макро­экономикалық саясат; – жеке секторды қолдау; – азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау. Мұндай стратегия бюджет шығын­дарын қатаң бақылауға алуға, тиімсіз жеңілдіктер мен субсидияларды алып тастауға, төмен инфляцияны сақтауға және теңгенің еркін бағамын ұстануға негізделеді. Фискальді салада бюджет шығындары оңтайландырылады, мұнай тапшылығы қысқарады, ұлт байлығын әділетті бөлу қамтамасыз етіледі. Ақша-несие саясаты жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтар тұрғысынан жүзеге асы­­рылады. Нәтижесінде, бюджеттің мұнай­­­дан тыс бөлігінің тапшылығы 2025 жылға қарай Үкіметтің есебі бойынша – 6 пайыз­ды, ал жалпы тапшылық 3 пайыздан аспайтын көлемді құрайтын болады. Үш жыл ішінде инфляция 4 пайызға, тіпті бұл көрсеткіштен де төмен деңгейге дейін азаюы ықтимал. Индустрия­ландырудың белсенді жүргізілуі өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемін 1,5 есе ұлғайтуға жол ашады. Біз үшін жаңа бағыттар – IT саласы мен туризмге шын мәнінде басымдық беру керек. Осы екі сала бойынша 300 мың­ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Мәліметтерді өңдеу мен сақтау сала­сына салынатын инвестициялар 6 есе ұлғаяды. Біз Қазақстанның экспортын да белсенді түрде ілгерілететін боламыз. Мақсатымыз – шикізаттық емес экспорт көлемін 2 есе, яғни жылына 40 миллиард долларға дейін ұлғайту. Аграрлық сектор да зор әлеуетке ие. Саланы дамытудың жаңа моделіне қарай қадам басу керек. Барлық қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктерін стратегиялық міндет­терді шешуге бағыттап, толығымен цифр­ландыру қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­діретін және өңдейтін 7 ірі экожүйе құры­латын болады. Бұған 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтары жұмыл­ды­рылады. Бұл дегеніміз – ауылдықтар үшін жаңа жұмыс орындары әрі тұрақты табыс көзі. 600 мың гектардан астам жаңа суар­малы жерлерді игеру жөнінде шаралар қабылдаған жөн. 2025 жылға қарай ауыл шаруашы­лығының жиынтық өнімінің көлемі үштен біріндей мөлшерге, ал экспорт көлемі 2 есеге дейін ұлғаяды. Кәсіпкерлікті қолдау аясында бәсе­келестікті дамытуға, заң үстемдігін ны­ғайту мен сот жүйесін жаңғыртуға айрық­ша назар аударылады. Бұл – негізгі бағыт­тар. Онсыз тиімді нарықтық экономиканы құру мүмкін емес. Қазақстан бизнес жүргізу үшін қо­лай­лы шарттар жасалған, мейлінше дамыған елдер қатарына қосылуы тиіс. Бизнеске жасалған кез келген заңсыз кедергі ауыр қылмыс ретінде қарасты­ры­латын болады. Тікелей шетелдік инвестиция көлемін жылына 30 миллиард долларға жеткізуді де жоспарлап отырмыз. Шағын және орта бизнеске жан-жақ­ты қолдау көрсетіледі. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес 4 миллион қазақ­стандықты жұмыспен қамтып, ішкі жал­пы өнімнің 35 пайызын өндіреді. 50 мың азаматымыз ең алдымен ауыл тұрғындары өз бизнесін ашу үшін шағын несие алады. Жоспарланған экономикалық бағдарды жүзеге асыру 2025 жылға қарай жыл сайын­­ғы өсім қарқынын 5 пайыздан жоға­ры деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсарту басты назарымызда болады. Жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес 3,5 мыңнан астам ауыл жаңғыртылатын болады. Барлық қалалар мен ауылдар сумен қамтамасыз етіледі. 246 ірі елді мекенге газ тартылады. Мұндай елді мекендерде 900 мың адам тұрады. Олардың 350 мыңнан астамы – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларының тұрғындары. 53 тазалау қондырғысын орнату және жаңғырту арқылы еліміздің барлық өңіріндегі ағын суды тазартуға мүмкіндік туады. Бұл осы саладағы түйткілді мәсе­ленің ұтымды шешімі болмақ. Жол құрылысы қолға алынады. Әр ауылға дейінгі барлық жол, яғни 27 мың шақырым жол жөндеуден өткі­зіледі. Облыс орталықтары мен респуб­ли­калық маңызы бар қалалар жылдамдығы жоғары 5G интернетімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауылдардың 99 пайызы осындай мүмкіндікке ие болады. Ауылдық жерлерге қажет мамандарды, дәрігерлерді, мұғалімдерді тартуға назар аударылады. Оларға үй салу үшін жылына 22 мың жер телімі бөлінеді. Облыс орта­­лықтарында және шағын қалаларда жы­лына 25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алғанда, алдағы бес жылда шамамен 1 мил­­­­лион отбасы үшін 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салы­нады. Соның ішінде 300 мыңға жуық пәтерді әлеуметтік тұрғын үй ретінде жеңіл­дікпен пайдалануға болады. Шөл дала мәселесі, Семей ядролық полигоны, «Байқоңыр» космодромы төңірегіндегі экологиялық түйткілдерді шешу жұмыстары жалғасын табады. Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және Жайық өзені алабының экологиялық жүйесін сауықтыру жөнінде шаралар қабылданады. ТӨРТІНШІ БАСЫМДЫҚ – есеп беретін, халық үніне құлақ асатын мемлекет және жауапты азаматтар. Мемлекет пен қоғамның өзара сенім мен жауапкершілік қағидаттарына негіз­делген өзара іс-қимылынсыз елдің жүйелі және тұрақты дамуы мүмкін емес. Ел үшін күрделі уақытта партия халық­қа етене жақындай түседі. Біздің мінде­тіміз – азаматтардың өзін және ұрпақ­тарын лайықты тұрмыспен қамта­масыз етсем деген әділ әрі орынды тіле­гімен ұштасып жатқан ниеттестік пен іс-қимыл бірлігіне қол жеткізу. Тағы да атап өтейін, біздің жұмысымыздағы басты бағдар – жұртшылықтың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждықтары. Мемлекет ха­лық­тың үні мен пікіріне құлақ асуға мін­детті. Пар­ламент пен халыққа есеп беретін Үкімет дәл осы бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл үшін біздер, партияластар, қоғамы­мызды толғандыратын барлық мәселені жақсы білуге, оның жылдам әрі тиімді шешімін табуға тиіспіз. Партия жұмысының тиімді іс-қимыл коэффициенті азаматтарымыздың тұр­мысын жақсартатын тәжірибелік ше­шім­дерге байланысты болады. Бос сөз бен құр уәде емес, нақты іс қана халық сенімі мен саяси көшбасшылық үшін күрестегі ең мықты аргумент бола алады. Сондықтан партия мемлекеттік басқару жүйесін жаң­ғыртумен тікелей айналысады. Бұл – стратегиялық сипаты бар міндет. Біздің негізгі басымдығымыз – сы­байлас жемқорлықпен күрес. Бұл – нау­қаншылдық емес, салмақты, жүйелі жұ­мыс. Мемлекеттік органдардың қызметі ашық әрі жұртшылықтың ұдайы бақы­лауында болуы тиіс. Волонтерлікті және үкіметтік емес секторды жан-жақты қолдау – елді ор­нықты дамытудың кепілі. Қоғам мен аза­маттық сектор мемлекет қызметінің бар­лық маңызды мәселелері бойынша шешім қабылдау үдерісіне толыққанды атсалысуы тиіс. Сонымен қатар партия Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын бел­сен­ді ілгерілететін болады. Бұл құжатта ауыл әкімдерін сайлау, халық атсалыса­тын бюджетті реттеу, жергілікті билік ор­­­­­ган­дарына азаматтық бақылау жүргізу мәселелері қамтылады. Әлбетте, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы осымен тоқтап қалмайды. Партия пайдалы нәтижелерге қол жет­кізуіне қарай осы саладағы тиімді құры­лымдарды одан әрі ілгерілетумен айна­лысады. Қымбатты партияластар! Көптеген маңызды бастамалар мен партия жоспарлаған өзгерістер Елба­сы­ның бағдарламалық тұрғыда сөйлеген сөздерінде және менің Қазақстан халқына Жол­дауларымда көрініс тапқан. Пар­тиямыздың негізін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті стратегиясының са­бақтастығын сақтай отырып, біз ха­лық­тың тұрмысын жақсартуға және мемле­кеттің әлеуетін күшейтуге бағыт­талған барлық жоспарды нақты іске асыруға ниеттіміз. Саясаттың сабақтастығы дегеніміз жауапкершілік, ұйымшылдық, еңбек ұғымдарымен өзектес екенін қаперде ұс­та­­ған жөн. Жауапсыз сөзуар-саясат­керлер өз мемлекеттерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, барлық игіліктен оп-оңай бас тартады. Ал Брест бітімінен бастап, Кав­каздағы соңғы оқиғаларға дейінгі жаңа тарихтан білетініміз – саяси ка­таклизмдер мен қақтығыстар терри­то­риядан да айы­рылуға әкеп соқтыруы мүмкін. «Nur Otan» партиясы – ізгі ниетке негізделген нақты істер партиясы. Қазақ­станның жарқын болашағы үшін зор жауапкершілік бізге жүктелген. Отаны­мыздың тағдыры партияның стратегиясын қолдайтын белсенді мүшелерінің, шы­найы патриоттардың қолында. Еліміздің алдында тұрған жаңа жа­һандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қа­терлер бар күш-жігерімізді біріктіруді талап етеді. Ол үшін бүкіл қоғамның ортақ іске жұмылуы қажет. Барлық мақ­са­ты­мызға тек бірлік пен келісім арқылы жете аламыз. Сондықтан елімізде саяси диалог мәдениетін жүйелі түрде дамыту маңызды. «Nur Otan» тұтас ұлтты біріктіретін бастамаларды ұсынып отыр. Алдағы уақытта да солай болады. Партия заң үс­темдігі қағидатын кеңінен енгізеді. Тиісті заңдылық, содан туындайтын тәртіп пен үйлесім болмаса, қоғамда іл­герілеуге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжі­рибеде әлдеқашан ор­нық­қан аксиома. Біздің бағдарлама дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан ке­мелденген мемлекет құруды көздейді. Біз басқарушы партия мәртебесіне ие бо­лудың мәні билік өкілеттіктеріне қол жеткізу емес, ел-жұртқа нақты пайда әке­луге мүмкіндік алу екенін әрдайым есте сақтауға тиіспіз. Партия мүшелері, әсіресе мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары лауазымда отырған азаматтар, шынайы еңбек­қор­лықтың, саяси жауапкершіліктің, аза­маттық патриотизмнің озық үлгісін көр­сетуі керек. Партияластарымыздың бо­ла­шақта да дәл осы ұстанымға сай бола­тынына күмәнім жоқ. Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Құрметті съезге қатысушылар! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы Мәжі­ліс және мәслихат депутаттарының сай­лауымен басталмақ. Мұның символдық мәні зор. Бұл дода барлық мерейтойлық іс-шараларға идеологиялық және маз­мұндық тұрғыдан тың серпін беретіні анық. Алдағы сайлау қоғамның біртұ­тастығын және береке-бірлігімізді бекем­дей түседі деп сенемін. Бұл науқанның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен Мемлекет бас­шысы ретінде мұны жіті қадағалаймын. Осыған орай, Орталық сайлау комис­сиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бердім. Барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырамын. Еліміздің игілігі және мем­лекетіміздің мүддесі жолында табысқа бірге жете берейік! Отанымыз мәңгі жасасын! Халқымыз әрқашан аман болсын!