Әр заттың өз тарихы бар. Сол секілді адам жаны – бір қызық тылсым. Ел ішінде көне заттар мен ескі жәдігер жинайтын азаматтар баршылық. Оларды бұған қызықтырған не нәрсе? Оның өз құпиясы бар ма? Біз елімізде осындай жәдігер жинайтын жандарды іздеп көрген едік.
Ұлытау ауданының әкімі, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы бала кезінен төсбелгі жинауға құмартқан екен. «8-12 жасыма дейін значок жинадым. Үйде оның 300-дей данасы бар. Оның бәрі үйде, сандықта сақтаулы тұр», – дейді. Ал Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының директоры Нұрнияз Мұханов ұзақ жылдар бойы әшекей бұйымдарын жинаумен айналысып келеді. Коллекционердің үйінде екі ғасырлық өнер туындылары бар. «Бұл бұйымдарды өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап жинақтай бастадым. Коллекция жинау ойыма да кірмеген еді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ел ақшадан қиналған тұста үйіндегі бар асылдарын сата бастады. Тіпті, болар-болмас тиынға асыл тастарын сатып жібергендер болды. Небір қымбат әшекейлерді тамаққа, киім-кешекке ауыстырғандар да бар. Халықта осы қиындықтан шықпай қаламыз ба деген қорқыныш болған сияқты. Қарасаңыз, көз тоймайтын құнды дүниелер шетелдіктерге болар-болмас ақшаға кетіп жатқанына жаным ашып, қолымдағы барымды беріп, сатып ала бастадым. Сөйтіп-сөйтіп коллекция жинақтала бастады. Әр сатып алған әшекейдің тарихын зерттеуді де қолға алдым. Өзімнің де аздап реставрация жасайтын шеберлігім бар еді. Екі-үш ғасырлық заттар болғаннан кейін оны әрлеп, сол қалпында сақтаудың өзі – өнер. Оның әрқайсысы әлемде бір-бір түйір данадан деп айтуға болады. Өйткені зергерлер бір жасаған дүниесін екіншісінде қайталамаған. Олардың бәрі – Маңғыстаудың қолөнері, зергерлік бұйымдары. Көпшілігі сонау ғұн заманынан келе жатқан көне бұйымдар», – дейді. Коллекционер қанша әшекей барын ашық айтпады. «Қазақ малының санын айтпаған. Сол секілді коллекционер де коллекциясының санын айтпайды. Музейден, ұлттық архивтен ұсыныс та түсті. Бірақ ешқандай ұсынысты қабылдаған жоқпын. Менің жиған-тергенім қай музейде тұрған заттардан артық болмаса, кем емес. Бірақ музейге өткізгім келмеді. Ара-тұра көрме өткізіп қоямын», – дейді Нұрнияз аға.Көнеден жеткен домбыра
Қарағанды облысы Шет ауданында тұратын жазушы Кәмел Жүністегінің домбыра жинайтын ерекше қасиеті бар. Ең құндысы – Сембектің «қыз жағалы» домбырасы. Одан бөлек, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында жасалған құнды жәдігер бар. Ол Әбди күйшінің домбырасы екен. Оны 1931 жылы Атырауға апарып, мойнына тас байлап, суға батырып өлтірген. Оның бетінде Омар Хайямның парсы тілінде жазылған бір шумақ өлеңі бар. Пішіні күймеге ұқсаған соң «күймелі» деп аталған. Жазушының коллекциясында Батыраш пен Қотыраштың немересі Тырышқа тиесілі «үшкіл» домбыра. Сол сияқты Шәңгерей бабаның «оюлы», Қақпан ақынның «сүйрік» және Смағұл деген кісінің Арқа домбырасы жазушы үйінің төрінде ілулі тұр. Бұл домбыраның барлығы дерлік тарихи тұлғалардың ұрпақтарынан, кейбірін кісі қолынан тірнектеп жүріп, іздеп тапқан. Көне аспаптарды сақтағаны үшін сол кезде «ескілікті көздейді» деген желеумен көп нәрседен шеттеткен. «Менің өмірім оңай болған жоқ. Қуғынды да көрдік. Үйге КГБ қызметкерлері жиі келіп, тінту жүргізетін. Сол қиын күндерді ұмытқым келген сәттерде домбыра шертіп, күй тартамын. Мұндай құнды дүниелердің ұрпағымда сақталғаны жақсы ғой. Әр үйде бір жақсы дүние сақталуы керек», – дейді жазушы Кәмел Жүністегі. Қазір жазушының қолында Арқаның 6 түрлі домбырасы бар. Олардың әрқайсысының ғасырлар сарынынан сыр шертетін өзіндік үні бар. Ал «Арқа домбырасының жетінші түрі болуы керек. Ол әлі менің қолыма түсе қойған жоқ. Бұл туралы үлкендерден естігем», – дейді. Кәмел ағаның үйінде тағы бір құнды жәдігер Кенесары Қасымұлы мен Ағыбай батыр ас ішкен табақ бар. Кенесары ханмен жақсы араласқан Жанқұтты биге тиесілі көне жәдігердің екі ғасырлық тарихы бар. Одан бөлек, бұзау тіс, жыланбауыр, жылансырт сынды қамшының түрлерін де жинақтайды. Шортанбай жыраудың аса таяғын да ерекше қастерлеп, төрінде ұстап отыр. Кәмел Жүністегінің ендігі бір арманы – арқа домбырасының жетінші түрін табу. «Оны табу өте қиын. Өйткені бұл туралы естігенім ғана бар, көзбен көрген емеспін», – дейді қаламгер. Құнды жәдігерлерді «берсеңізші» деп сұрау салатындар да көрінеді. «Марқұм Сәкен Жүнісов біздің үйге жиі келуші еді. Бір күні келгенінде: «Әй, Кәмел, мен серімін ғой. Ән де айтамын, күй де тартамын. Мына домбыралардың біреуі менде болуға тиіс қой», – деді. «Арқада жеті түрлі домбыра болған екен, Сәке. Алты түрі қолымда бар. Жетіншісі таптырмай тұр» деп едім, үнсіз қалды да: «Ой, жарығым-ау, сен қазақтың көне дүниелерін жинап жүр екенсің ғой, алуға болмайды екен», – деді. Сұраушылар өте көп. Бірақ беруге болмайды»,– дейді жазушы.Николай патшаның сөлкебайлары
Батыс Қазақстан облысында тұратын Аманжол Сәлімов көне монета-құмыраларды соңғы ақшасын беріп, сатып алуға дайын тұратын адам. Базартөбе ауылында өз қаражатына музей ашқан. Кейін Жаңақала ауданына сол кездегі аудан әкімі Лавр Хайретдинов деген кісі шақырып, сол жерде үлкен музей ашты. Өкінішке қарай, әкім кеткен соң ол кісіні жұмыстан шығарып жібереді. «Көне жәдігерлерді жинауға әуестігім бала кезден басталды деп айтуға болады. 1987 жылы Алматыдағы музейден ауылға арнайы қызметкерлер келді. Ол кезде комсомолда жұмыс істеймін. Әлгі қызметкерлер үй-үйді аралап, көне бұйымдарды жинақтап жүрді. Кімнің үйінде қандай қымбат қазына бар, ауыл болған соң бәрі бір-бірінен біліп отырады ғой. Сол жолы біз музей қызметкерлеріне көп құнды дүниелерді беріп жібердік», – дейді Аманжол аға. Ескі монеталар, қыш құмыралар, Николай заманынан қалған тиын-тебендер Аманжол ағаға ой салады. Енді асыл тастарды, құнды жәдігерлерді жинақтауды қолға ала бастайды. «Ескі қорымдардан, құм арасынан іздей бастадық. Жайық бойынан ескі патша заманындағы сөлкебайлар жиі кездесетін. Жексенбі күндері мотоциклге мініп аламыз да, ауыл-ауылды, даланы кезіп, ескі заттарды жинаймыз. Ондағы мақсат – ауданнан музей ашу. Тапқан жәдігерлеріміздің бәрін бір үйге жинай бастадық. Не тапсақ та сол үйге апарамыз. Сөйтіп жүргенде Кеңес үкіметі тарап кетті. Колхоз-совхоздар тарады. Музей ашу ісі аяқсыз қалып қойды. Жинақтаған жәдігерлеріміздің ішінде ең көбі менікі екен», – дейді Аманжол аға. Қазір Жаңақалада керемет аудандық музей жұмыс істеп тұр. Ол музейдің жұмыс істеуіне себепкер болған жан – Аманжол Сәлімов. Музейдегі жәдігерлердің басым көпшілігі коллекционердің жеке қорынан. Аз уақыт ішінде жеке көлігімен Жаңақаланың ой-қырын, құм-қойнауын шарлап, өлке тарихын өңірдің өз туғандарынан артық біледі. Жергілікті жұрт ол кісіні өз ісіне берілген, фанат адам санайды. Көне жәдігерлерді сатып алуға өз қаржысын аямайды. «Ел кезіп, жер кезіп жүріп, көне нәрсе көрсе, қолындағы соңғы тиынын беріп сатып алады. Бірақ әлдебіреулерге ұқсап, астыртын антиквариат сатып, қара басының қамын ойламайды. Талай жыл жинаған жәдігерінің үлкен бір тобын Алматыдағы республикалық музейге ақысыз-пұлсыз сыйлағаны бар. Амантай аға жиған жәдігерлерінің бір парасы Ақжайық ауданы музейінде, Атамекен ауылындағы «Жерұйық» музейінде де тұр», – дейді журналист Қазбек Құттымұратұлы. Аманжол Сәлімов – өз ауылы Базартөбеде де өз қаржысына музей ашып, сол өңірдің тарихы мен тұлғаларын шама-шарқынша дәріптеп жүрген азамат.Керамикалық шәйнектер
Астана тұрғыны Орал Қашқынбекованың сүйікті ісі – керамикалық шәйнек жинау. Шәйнек жинауды бастағанына 48 жыл болыпты. Ең алғашқы шәйнегін 1969 жылы жолдасы Қайырберді Мәскеуден алып келген. «Бұл –менің коллекциямдағы айрықша сыйлықтардың бірі. Әр кез жаңа шәйнектер сатып алып, коллекция санын арттыра бердім. Олардың бір-біріне ұқсастығы – керамика бұйымдары болғаны. Қазір коллекциямда 113 шәйнек бар. Бір үйдің қабырғасын толық алып тұр», – дейді кейіпкеріміз. Орал қаласында тұратын Аслан Мұқановтың үйінде 300-ге жуық самаурын бар. Мұқановтың баспанасы үйден гөрі мұражайға көбірек ұқсайды дейді көргендер. Самаурынның ішіндегі ең көнесі 1856 жылы жасалған ыдыс, ал ең қымбаты «түрік қорқоры» деп аталатын самаурын. Ал ондай самаурын әлемде үшеу ғана, бірі Санкт-Петербордағы Эрмитажда тұрса, екіншісі – ресейлік азаматтың үйінде, үшіншісі Аслан Мұқановқа тиесілі. Ал Петропавл тұрғыны Александр Гончар көне қаланың 100-ден аса фотосуретін сақтаған. Сырдың бойын жаяу аралап, ел арасынан шеберлердің қолынан шыққан алуан түрлі кілем мен жез құманды жалықпай жинаған өнертанушының бірі Мұхамеджан Әлімбаев екен. Ол кісі көзі тірісінде 1 000-ға жуық жез құман жинап, оны Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының музейіне өткізген. Қазақстанда мұндай коллекция жинайтын жандар өте көп. Республиканың түкпір-түкпірін араласақ, небір құнды жәдігерлерді табуға болар еді. Олардың көбі – жекелеген коллекционерлердің қолында. Олар жанына жақын жәдігерлерді жинау арқылы құнды дүниелердің бағасын асырып, жоғалтпай, сақтап отыр.Гүлзина БЕКТАС