Жаныңа жақын жәдігер
Жаныңа жақын жәдігер
325
оқылды

Әр заттың өз тарихы бар. Сол секілді адам жаны – бір қызық тылсым. Ел ішінде көне заттар мен ескі жәдігер жи­найтын азаматтар бар­шылық. Оларды бұған қы­зықтырған не нәрсе? Оның өз құпиясы бар ма? Біз елімізде осындай жә­дігер жинайтын жандарды іздеп көрген едік.

Ұлытау ауданының әкімі, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы бала кезінен төсбелгі жи­науға құ­мартқан екен. «8-12 жасыма де­йін значок жинадым. Үйде оның 300-дей данасы бар. Оның бәрі үйде, сандықта сақ­таулы тұр», – дейді. Ал Нұрмұхан Жантөрин атын­дағы Маң­­ғыс­тау облыстық музыкалық-драма театрының директоры Нұрнияз Мұ­ха­нов ұзақ жылдар бойы әшекей бұйым­дарын жинаумен айналысып келеді. Кол­лекционердің үйінде екі ғасыр­лық өнер туындылары бар. «Бұл бұйымдарды өт­кен ғасырдың 90-жыл­дарынан бастап жи­нақтай бастадым. Коллекция жинау ойы­ма да кірмеген еді. Тәуелсіздік ал­ған ал­ғашқы жылдары ел ақ­шадан қиналған тұс­та үйіндегі бар асылдарын сата бастады. Тіп­ті, болар-болмас тиынға асыл тастарын са­тып жібергендер бол­ды. Небір қымбат әше­кейлерді тамаққа, киім-кешекке ауыс­тырғандар да бар. Халықта осы қиын­дықтан шықпай қаламыз ба деген қор­қыныш болған сияқты. Қарасаңыз, көз той­майтын құнды дүниелер шетелдіктерге бо­лар-болмас ақшаға кетіп жатқанына жа­ным ашып, қолымдағы ба­рымды бе­ріп, сатып ала баста­дым. Сөйтіп-сөйтіп кол­лекция жинақтала бастады. Әр сатып ал­ған әшекейдің тарихын зерт­теуді де қолға алдым. Өзімнің де аздап реставрация жасайтын шеберлігім бар еді. Екі-үш ғасыр­лық заттар болғаннан кейін оны әрлеп, сол қалпында сақтаудың өзі – өнер. Оның әр­қайсысы әлем­де бір-бір түйір данадан деп айтуға болады. Өйткені зер­герлер бір жасаған дүниесін екіншісінде қайталамаған. Олар­дың бәрі – Маңғыстаудың қолөнері, зер­герлік бұйымдары. Көпшілігі сонау ғұн заманынан келе жат­қан көне бұйымдар», – дейді. Коллекционер қанша әше­кей барын ашық айтпады. «Қазақ малының санын айтпаған. Сол се­кілді коллекционер де кол­лек­­циясының санын айтпайды. Музейден, ұлттық архивтен ұсы­ныс та түсті. Бірақ ешқандай ұсы­нысты қабылдаған жоқпын. Менің жиған-тергенім қай му­зейде тұр­ған заттардан артық болмаса, кем емес. Бірақ музейге өткізгім кел­меді. Ара-тұра көрме өткізіп қоя­мын», – дейді Нұр­нияз аға.

Көнеден жеткен домбыра

Қарағанды облысы Шет ау­данында тұратын жазушы Кә­мел Жүністегінің домбыра жи­найтын ерекше қасиеті бар. Ең құндысы – Сембектің «қыз жа­ғалы» домбырасы. Одан бө­лек, ХХ ғасырдың алғашқы жыл­дарында жасалған құнды жәдігер бар. Ол Әбди күйшінің домбырасы екен. Оны 1931 жылы Атырауға апарып, мойнына тас байлап, суға батырып өлтірген. Оның бетінде Омар Хайямның парсы тілінде жазылған бір шу­мақ өлеңі бар. Пішіні күймеге ұқсаған соң «күймелі» деп аталған. Жазушының коллекциясында Батыраш пен Қотыраштың не­ме­ресі Тырышқа тие­сілі «үшкіл» домбыра. Сол сияқты Шәң­ге­рей бабаның «оюлы», Қақпан ақын­ның «сүйрік» және Смағұл деген кісінің Арқа домбырасы жазушы үйінің төрінде ілулі тұр. Бұл домбыраның барлығы дерлік тарихи тұлғалардың ұрпақ­тарынан, кейбірін кісі қолынан тірнектеп жүріп, іздеп тапқан. Көне аспаптарды сақтағаны үшін сол кезде «ескілікті көздейді» де­ген желеумен көп нәрседен шет­теткен. «Менің өмірім оңай болған жоқ. Қуғын­ды да көрдік. Үйге КГБ қызметкерлері жиі келіп, тінту жүр­гізетін. Сол қиын күндерді ұмыт­қым келген сәттерде домбыра шертіп, күй тартамын. Мұндай құнды дүниелердің ұрпағымда сақталғаны жақсы ғой. Әр үйде бір жақсы дүние сақталуы керек», – дейді жазушы Кәмел Жүністегі. Қазір жазушының қолында Арқаның 6 түрлі домбырасы бар. Олардың әр­қай­сысының ғасырлар сарынынан сыр шертетін өзіндік үні бар. Ал «Арқа дом­бырасының жетінші түрі болуы керек. Ол әлі менің қолыма түсе қойған жоқ. Бұл ту­ралы үлкендерден естігем», – дейді. Кәмел ағаның үйінде тағы бір құнды жәдігер Кенесары Қа­сымұлы мен Ағыбай батыр ас іш­кен табақ бар. Кенесары ханмен жақсы араласқан Жанқұтты биге тиесілі көне жәдігердің екі ға­сыр­лық тарихы бар. Одан бөлек, бұ­зау тіс, жыланбауыр, жылансырт сынды қамшының түрлерін де жинақтайды. Шортанбай жы­раудың аса таяғын да ерек­ше қас­терлеп, төрінде ұстап отыр. Кә­мел Жүністегінің ендігі бір ар­маны – арқа домбырасының жетінші түрін табу. «Оны табу өте қиын. Өйткені бұл туралы естігенім ғана бар, көзбен көрген емеспін», – дейді қаламгер. Құнды жәдігерлерді «берсеңізші» деп сұрау салатындар да көрінеді. «Марқұм Сәкен Жүнісов біздің үй­ге жиі келуші еді. Бір күні кел­генінде: «Әй, Кәмел, мен серімін ғой. Ән де айтамын, күй де тар­тамын. Мына домбыралардың бі­реуі менде болуға тиіс қой», – деді. «Арқада жеті түрлі домбыра болған екен, Сәке. Алты түрі қо­лымда бар. Жетіншісі таптырмай тұр» деп едім, үнсіз қалды да: «Ой, жарығым-ау, сен қазақтың көне дүниелерін жинап жүр екен­сің ғой, алуға болмайды екен», – деді. Сұ­раушылар өте көп. Бірақ беруге бол­май­ды»,– дейді жазушы.

Николай патшаның сөлкебайлары

Батыс Қазақстан облысында тұра­тын Аманжол Сәлімов көне монета-құмы­раларды соңғы ақ­шасын беріп, сатып алу­ға дайын тұратын адам. Базартөбе ауылында өз қаражатына музей ашқан. Ке­йін Жаңақала ауданына сол кездегі ау­дан әкімі Лавр Хайретдинов деген кісі ша­қырып, сол жерде үлкен музей ашты. Өкі­нішке қарай, әкім кеткен соң ол кісіні жұ­мыстан шығарып жібереді. «Көне жәдігерлерді жинауға әуестігім бала кезден басталды деп айтуға болады. 1987 жылы Алматыдағы музейден ауыл­ға арнайы қызметкерлер келді. Ол кез­де комсомолда жұмыс істеймін. Әлгі қызмет­керлер үй-үйді аралап, көне бұйымдарды жинақтап жүрді. Кімнің үйінде қандай қымбат қазына бар, ауыл болған соң бәрі бір-бірінен біліп отырады ғой. Сол жолы біз музей қызметкерлеріне көп құнды дүниелерді беріп жібер­дік», – дейді Аманжол аға. Ескі монеталар, қыш құ­мыра­лар, Николай заманынан қалған тиын-тебендер Аманжол ағаға ой салады. Енді асыл тастар­ды, құнды жәдігерлерді жинақтауды қолға ала бастайды. «Ескі қорымдардан, құм ара­сынан іздей бастадық. Жайық бойынан ескі патша заманындағы сөлкебайлар жиі кез­десетін. Жек­сенбі күндері мотоциклге мініп аламыз да, ауыл-ауылды, даланы кезіп, ескі заттарды жинаймыз. Ондағы мақ­сат – ауданнан музей ашу. Тапқан жә­дігерлеріміздің бәрін бір үйге жинай бас­тадық. Не тапсақ та сол үйге апарамыз. Сөйтіп жүргенде Кеңес үкіметі тарап кетті. Колхоз-совхоздар тарады. Музей ашу ісі аяқсыз қа­лып қойды. Жинақтаған жәді­герлеріміздің ішінде ең көбі менікі екен», – дейді Аманжол аға. Қазір Жаңақалада керемет аудандық музей жұмыс істеп тұр. Ол музейдің жұ­мыс істеуіне себепкер болған жан – Аман­жол Сәлімов. Музейдегі жәді­­гер­лер­дің басым көпшілігі кол­­­лек­­­ционердің жеке қорынан. Аз уақыт ішінде жеке кө­лігімен Жаңақаланың ой-қырын, құм-қой­науын шар­­­лап, өлке та­рихын өңірдің өз туғандарынан артық біледі. Жергілікті жұрт ол кісіні өз ісіне берілген, фанат адам са­найды. Көне жәдігерлерді сатып алуға өз қаржысын аямайды. «Ел кезіп, жер кезіп жүріп, кө­не нәр­се көрсе, қолындағы соңғы тиынын бе­ріп сатып алады. Бірақ әлдебіреулерге ұқ­сап, ас­тыртын антиквариат сатып, қара ба­сының қамын ойламайды. Талай жыл жинаған жәдігерінің үлкен бір тобын Ал­матыдағы республикалық музейге ақы­сыз-пұлсыз сыйла­­­ғаны бар. Амантай аға жиған жә­ді­­­герлерінің бір парасы Ақ­жайық ауданы му­зейінде, Атамекен ауы­лын­да­ғы «Жерұйық» музейінде де тұр», – дей­ді журналист Қазбек Құт­тымұратұлы. Аман­жол Сәлі­мов – өз ауылы Базартөбеде де өз қаржысына музей ашып, сол өңір­дің та­рихы мен тұлғаларын шама-шарқынша дә­ріптеп жүрген азамат.

Керамикалық шәйнектер

Астана тұрғыны Орал Қаш­қынбекова­ның сүйікті ісі – ке­рамикалық шәйнек жи­нау. Шәйнек жинауды бастағанына 48 жыл болыпты. Ең алғашқы шәйнегін 1969 жылы жолдасы Қайырберді Мәскеуден алып келген. «Бұл –менің коллекциямдағы айрықша сыйлықтардың бірі. Әр кез жаңа шәйнектер сатып алып, коллекция санын арттыра бердім. Олардың бір-біріне ұқсастығы – керамика бұйымдары болғаны. Қазір кол­лекциямда 113 шәйнек бар. Бір үйдің қабырғасын толық алып тұр», – дейді кейіпкеріміз. Орал қаласында тұратын Ас­лан Мұқан­овтың үйінде 300-ге жуық самаурын бар. Мұқановтың баспанасы үйден гөрі мұражайға көбірек ұқсайды дейді көр­гендер. Самаурынның ішіндегі ең көнесі 1856 жылы жасалған ыдыс, ал ең қымбаты «түрік қорқоры» деп ата­­латын самаурын. Ал ондай са­маурын әлемде үшеу ғана, бірі Санкт-Петербордағы Эрмитажда тұрса, екіншісі – ресейлік аза­мат­тың үйінде, үшіншісі Аслан Мұқановқа тиесілі. Ал Петропавл тұрғыны Александр Гончар көне қаланың 100-ден аса фотосуретін сақтаған. Сырдың бойын жаяу аралап, ел арасынан шеберлердің қолынан шыққан алуан түрлі кі­лем мен жез құманды жалықпай жинаған өнертанушының бірі Мұхамеджан Әлімбаев екен. Ол кісі көзі тірісінде 1 000-ға жуық жез құман жинап, оны Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының му­зейіне өткізген. Қазақстанда мұндай кол­лек­ция жинайтын жандар өте көп. Республиканың түкпір-түкпірін ара­ласақ, небір құнды жәдігерлерді табуға болар еді. Олардың көбі – же­келеген коллекционерлердің қо­лында. Олар жанына жақын жә­дігерлерді жинау арқылы құнды дүниелердің бағасын асырып, жо­ғалтпай, сақтап отыр.

Гүлзина БЕКТАС