Қазақстандық зейнеткерлер дегенде көз алдыңызға не келеді? Шөбере алақанынан су ішіп, май жалаған ата-әжені елестетесіз бе? Желіп жүріп жер танитындар десе, неге жастарды ғана ойлауымыз керек? Шетелде зейнетке шығу нағыз қолы бос, жұмыс пен мәселе жоқ кезең саналады. Оның үстіне, жылына кемі бір жаңа елді аралап, мәдениетімен танысуды әдетке айналдырған. Біздің зейнеткерлердің бүгінгі бет-бейнесі қандай? Олардың туризмге мұрын шүйіре қарауының себебі неде?
Қазақстандық зейнеткерлердің бет-бейнесі
Бүгінде әлемнің әр он бірінші тұрғыны 65 жастан асқан деседі. Тіпті, БҰҰ болжамына үңілсек, енді бір 30 жылдан соң әлгі көрсеткіш әр алтыншы адамға теңесуі мүмкін екен. Әлем тұрғындарының қартайып келе жатқанын осыдан айқын көре аламыз. Бәлкім, сондықтан болар, зейнетке шығатын жасы келсе де, жұмыс істеуге шамасы барлары әрмен қарай қызметте қалғанды жөн көреді. Ер адамдардың зейнет жасы – 63, әйелдерде 59,5 екені бәрімізге белгілі. 2027 жылы теңесіп, 63 жасқа келіп тіреледі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әр сегізінші қазақстандық – зейнеткер. Соның ішінде 59 жастан асқан әйелдер саны 1,4 млн болса, 63-ті алқымдаған ерлер – 635 мың. Байқағанымыздай, «зейнеткер әйелдерді еркектерден көп дейді» дегеннің кебі болып отыр. Ал енді қайда тұратынына келсек, қала тұрғындары арасында зейнеткерлердің үлесі – 11,6 пайыз, ауылдықтар көрсеткіші 10 пайыз екен. Аймақтарға бөлгенде Солтүстік Қазақстан облысында 100 мың тұрғынға шаққанда – 18 359 зейнеткер. Бұл қарт адамдары ең көп тұратын аймақ екені белгілі болып отыр. Ал Маңғыстауда, керісінше, аталған шама – бар болғаны 7 227.Ата-әже, қанша ақша аласыздар?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде тіркелген 2,2 млн зейнеткердің орташа зейнетақысы 94 913 теңге деген дерек келтірді. Орташасы осы болса, жағдай жаман емес деп қалмаңыз. Себебі жоғары зейнетақы алатындарының үлес салмағы басып, орташа көлемді көтеріп жіберетінін ескеру қажет. Ақыры санмен сөйлеген екенбіз, орташа бекітілген жалақымен салыстырып көрелік. Біздегі шама – 204 330 теңге. Демек, зейнетке шыққан соң қазақстандықтар 2,15 есе аз ақша алады деген сөз. Жалпы алғанда, Ресей, Италия, Финляндия, Канада елдерінде жалақы мен зейнетақыны салыстырғанда, осы шамалас мөлшер шығады. Алып жүрген айлығынан шамалы ғана аз зейнетақы алатындар даниялық зейнеткерлер екен. Бар болғаны 1,27 есе аз алады деседі. Елге оралсақ, біздегі ең бай зейнеткерлер –елордалықтар. Олар орта есеппен 72 145 теңге алады. Бұдан кейінгі орындарда: Алматы қаласы (68 982 теңге), Шығыс Қазақстан облысы (63 977 теңге), Қарағанды облысы (61 383 теңге), Павлодар облысы (59 579 теңге) тұр. Ең төменгі мөлшердегі зейнетақы Жамбыл облысы (51 327 теңге), Алматы облысы (50 101 теңге) және Түркістан облысында (44 151 теңге) тіркелген.Қайтсе жоғары зейнетақы алуға болады?
Германия, Ұлыбритания, АҚШ сияқты елдердің зейнеткерлеріне мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалған деген пікір бар. Шынында, солай ма? Анықтап көрелік. Бүгінде күллі әлемде дерлік зейнетақы әлеуметтік және жинақтаушы екі компоненттен тұрады. Әсіресе, екінші құрылымның маңызы жоғары. Себебі зейнетақы көлемі соған тікелей байланысты. Бізден бірнеше жыл алға кетіп, дамыған елдерде, әлбетте бәрі бір жүйеге түсіп, шегеленген. Ал біздің жинақтаушы зейнетақы жүйеміз реформаланып, бірде оңға, бірде солға шайқалып, енді бір ізге түсіп келе жатыр. Әлі күнге дейін идеал баға берілмей келеді. Себебі олқылық аз емес. Осы ретте, шетелдік зейнеткерлердің тұрмыс жағдайы, зейнетақы мөлшерін салыстырып көрсек. Оған қоса, қамал алатын қырыққа келгенде есепшотыңызға жалақыңыздың қанша пайызын құйған дұрыс, қайтсе жоғары зейнетақы алуға болады – соны да талдасақ. Мысалы, Германияда қызметкерлер міндетті жарна ретінде табысының 18,7 пайызын құяды. 67 жаста зейнетке шықса, мемлекеттен алатыны жалақысының шамамен 38 пайызына тең болады екен. Ал енді жалақысының 70 пайызын алып отырғысы келетіндер, тиісінше 21 пайызын салып отыруға тиіс. Франциялықтар табысының 27 пайызын аударуға міндетті. Осылайша, 67 жасқа келіп зейнетке шыққанда, жалақысының 60 пайызын ай сайын алып отырады. 70 пайыздық межеге жету үшін міндетті жарнадан бөлек, тағы 14 пайызын салуы керек. Негізі, Еуропадағы зейнетақы жүйелерінің ішінде осы Францияны көп мақтайды. Дегенмен сарапшылар алдағы уақытта біршама өзгеріс болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Себебі елдегі қазіргі ахуалға қарап, алдағы уақытта зейнеткерлерін сондай жоғары тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз етуі екіталай деседі. Осыдан шығатын қорытынды, бізде де жалақының 70 пайызындай зейнетақы алу үшін қосымша тағы салу керек. Бірақ бізде көбінің айлығы шайлығына әзер жетіп, қала берді қосымша табысты қорға салу тұрмақ, жасыруға тырысатынын ескерсек, қарт күнді ойлайтындар кемде-кем сыңайлы.Шетелдік зейнеткерлер қалай өмір сүреді?
Әлемде бай зейнеткерлері бар елдердің ішінде алдыңғы шепте тұрған Англия десек болады. Ұлыбританиядағы бүкіл жылжылмайтын мүліктің 40 пайызға жуығы зейнеткерлердің меншігінде екен. Тіпті, 15-20 пайызының бір басында құны 350 мың доллар тұратын қос-қостан үйі бар. Испаниялық зейнеткерлердің дені жақын, олар болмаса алыс туысқандарының қолдауымен өмір сүреді. Мемлекеттік зейнетақы – айына 700-900 еуро немесе 350-450 мың теңге шамасында. Одан бөлек, оларға жүріс-тұрысқа жеңілдік, азық-түлік арзан бағамен ұсынылады деседі. Бұл жағынан келгенде, Қазақстанда да ондай барын атап өту керек. Ал Финляндияда зейнетақының максимал бекітілген шамасы жоқ. Өмір бойына қанша ақша тапса, соған байланысты беріледі. Ал минимум мөлшер болса, айына 550 еуро, яки 277 мың теңге. Орташа жалақы жуықтап алғанда 600-750 мың теңгедей. Енді «финляндиялықтар мұндай зейнетақыны не істейді?» деген сауалдың туындауы заңды. Жауабы мынадай: фин зейнеткерлері деликатестермен тамақтанып, фитнес-орталықтарға, тіпті шетелге шығып, ел көруге әуес екен. Тіпті, Испания не Португалиядан кішігірім үй сатып алып, демалысқа барып тұрады деседі. Ғажап емес пе? Шетелге шығу дегеннен шығады, біздегі орташа жалақы мөлшеріне қарап, өзге елге саяхаттау үшін бірнеше ай бойы ішпей-жемей жинау қажет сыңайлы. Себебі ұшақ, қонақүй бағасы, гид қызметі – бәрі валютасына теңселіп тұрған ел тұрғындары үшін қымбатқа түседі. Германияда минимал зейнетақы 170 мың теңге шамасында. Одан бөлек, мемлекет бір адамға 56 шаршы метрден есептеп, баспана мен коммуналдық төлемдерді төлейді. Қалған ақшаға олар автокөлігін «бағып», жылына екі рет шетел асып, медициналық сақтандыруын төлей алады. Жағдайы төмен зейнеткерлерге арналған арнайы үйлер бар. Ол жердің жалға алу бағасы төмен, маңайында арзан кафелер бар. Сонымен бірге тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық көмек те үнемі қарттарға қарайласуға әзір тұрады екен. Америкада ең төменгі зейнетақы – 127 мың теңгедей. Мұндай соманы еш жерде, ешқашан жұмыс істемеген, қосымша ақы алуға құқығы жоқ адамдар алады. Ал егер шамалы болсын еңбек өтілі болса, зейнетақы мөлшері бір жарым есе көтеріледі. Мысалы, квалификациясы жоқ қызметшілер 300 мың теңгеге жуық зейнетақы алады екен. Бірақ АҚШ-та арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Тек кондоминиумдер, яғни көппәтерлі үйлерде бірлесіп төлеп тұруға болады. Израильде міндетті зейнетақы 1,4 млн теңгеге жуық деседі. Еңбек өтілі болсын, болмасын беріледі. Егер осында жұмыс істеген болсаңыз, қанша жыл өтіліңіз бары есептелмейді. Одан бөлек, зейнеткерлік жасқа жеткен израилдықтарға бірреттік төлем беріледі. Оның көлемі орташа жалақысын еңбек өтіліне көбейту арқылы белгіленеді. Егер төменгі күнкөріс деңгейінен аз зейнетақы берілсе, мемлекет жәрдемақы тағайындайды. Соған қарағанда ең кедей деген зейнеткердің өзі жылына кемі бір рет шетелге шығуына әбден болады деген сөз. Көршілес ресейлік зейнеткерлер соңғы кездері шетелге жиі көшіп кететін болыпты. Бізге бұл тренд әлі келе қоймады. Дегенмен көшуге басты себеп ретінде, денсаулығына оң әсер беретін климат, елдегі төменгі күнкөріс айтылады. Бірақ тұрғылықты тіркеуге зейнеткерлерді оп-оңай қабылдай қоймайды. Ресейліктер, мәселен Болгария, Германия, Қытайға мекен ауыстырады екен. Германияда туыстары көп болғандықтан, көшетін болса, Болгарияға – арзаншылық, Қытайға медицина қолжетімдірек болғандықтан көшеді. Турист ретінде қазақстандық зейнеткерлердің үлкен қызығушылығы туындауы екіталай. Ал тұрақты ел ауыстыруды елестету тіпті мүмкін емес сыңайлы. Себебі жай күні ауылдан қалаға қоныс аудармайтын зейнеткерлер «жасым жеткенде құтырып не көрініпті» деп кейіп шыға келетіні тағы бар. Бәлкім, зейнетақы жеткілікті болғанда немересін ертіп, ел аралап жүрер ме еді? Кім білсін?Жадыра АҚҚАЙЫР