Қазақстанда коронавирус 114 миллиард 826 миллион теңге тұрады. Нақтырақ айтсақ, бұл індепен күресуге Денсаулық сақтау министрлігіне осынша қаражат бөлінген. Дегенмен індетпен күреске бөлінген қаржыны орынсыз жұмсау фактілері анықталып отыр. Мәселен, Қарағандыдағы шенділер бір бетпердені 68 мың теңгеге бағалады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, коронавирустың алдын алуға бөлінген қаржының 40 миллиард 58 миллионы Үкімет резервінен алынды. Ал республикалық бюджеттен 74 миллиард теңге бөлінді. Миллиардтаған қаржыны жұтып жатқан індеттің екінші толқыны иек астында. Коронавирустың бірінші толқыны кезінде жүргізілген сатып алулар мен тендерлер бүгінде медиа бетінде талқылауға өзек болуда. Мәселен, күні кеше ғана Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бір бетпердені 68 мың теңгеге сатып алуы ел наразылығын тудырды. Әлемді алаңдатқан дертпен күреске жұмсалған қаржының ашықтығын Қазақстанда тәуелсіз Zertteu Research Institute ұйымы қадағалап отыр. Ұйым коронавирустың алдын алуға бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын анықтау мақсатында 6 сәуір күні жаңа айдар ашты. Ол #коросатыпалу деп аталады. Айдар сарапшылары мемлекеттік мекемелер жүргізген түрлі сатып алуларды таныстырып келеді. Соңғы күндері бір данасы 68 мың теңге тұратын бетпердені сатып алу фактісі қоғамда қызу талқыланды Қарағанды облысында жартылай бетпердені сатып алуға 13,6 млн теңге жұмсалған. Барлығы 200 дана бетперде сатып алынған. Тапсырыс беруші – Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық арнайы медициналық жабдықтау базасы» КММ. Өнімді жеткізуші GoldenStag ЖШС-мен келісімшарт 2020 жылдың 1 сәуірінде жасалған. «Аталмыш тендер заңбұзушылықпен өткен», – дейді сарапшылар. Жартылай бетперделер арнайы тәртіппен – «бір көзден» сатып алынған. «Сатып алу құжаттамасында сатып алынған тауардың техникалық сипаттамасы толық берілмегендіктен, бағасы қаншалықты негізді деген сұрақ туды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 21-бабының талаптары бұзылған. Сипаттама түсініксіз, қандай тауар сатып алуға сәйкес келетіні анық емес», – дейді Zertteu Research Institute ұйымының сарапшы Ғалымжан Оразымбет. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, аталмыш бетперде ДДҰ ұсыныстарын, реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелерінде COVID-19 бар науқастарды емдеудің халықаралық және отандық ережелерін ескере отырып сатып алынған. «Бетперде беттің ең осал бөліктерін барынша қорғауды қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, инвазивті процедуралар кезінде пациенттің аэрозоль секрециялары көз, ауыз қуысы, мұрын арқылы (интубация, бронхоскопия, трахеобронхиалды ағаш пен орофаринс, негізгі тамырлардың катетеризациясы) вирустың таралуынан қорғайды. Қорғаныс бетпердесі, сонымен қатар қызметкерлердің бактерияға қарсы қорғанысын да қамтамасыз етуі керек» деп түсіндірді басқарма. Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, «Мемлекеттік сатып алулар туралы ереженің» 4-бөлігінде осындай құжаттарды рәсімдеу стандарттары көрсетілген. Бұл жағдайда олар сақталмаған: конкурстың техникалық ерекшелігі, тапсырыс берушінің деректері, жеткізушілерге қойылатын талаптар, сатып алынатын тауардың саны көрсетілмеген. Сипаттамада былай жазылған: «Қатты бөлшектердің ауадағы үлесі шамадан тыс көп болуы мен булануы қиын сұйық бөлшектерден жұмысшылардың тыныс алу органдары зиян шегетін жағдайда, солардан жақсы қорғану мақсатында қолданылады. Көмір шаңдарынан қорғайтын сүзгісі бар». Қымбат бағалы бетпердеге тапсырыс берген құзырлы мекеменің өз уәжі бар. «Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына сәйкес әлеуетті өнім берушілерден ауыстырылатын көмір сүзгілері бар, 3m аэрозольдерімен қорғанышы бар, медициналық, бетті толық жабатын сүзгіш бетперделерге баға ұсыныстары сұралды. Баға ұсыныстарын «ПТЭК» ЖШС – 69 300 теңгеден, ЖК «Хон и. в.» – 69 500 теңгеден, GoldenStag ЖШС – 68 000 теңге ұсынды. Салыстыру нәтижелері бойынша ең төменгі бағаны GoldenStag ЖШС қойды», – дейді басқарманың баспасөз қызметі. Дегенмен түрлі деректерге қарағанда коронавирусты емдеу кезінде қолданылатын бір құрал-жабдықты әр аймақ әртүрлі бағаға сатып алғанын анықталған. Мәселен, өкпеге газ қоспасын жасанды жолмен жіберуге арналған медицина құралын алуға елімізде 5,7 млрд теңгенің келісімшарты жасалып, 334 ӨЖЖ аппараты алынған. Ең қымбат аппаратты Ақмола облысында Mindray (ҚХР) – бір данасын 31 млн теңгеге алса, ең арзанын Қарағанды облысында – ТС prisma VENT50-C (Германия) – 9,4 млн теңгеге әперген. Аппаратты ең көп сатып алған аймақ – ШҚО 1 млрд теңгеге 56 аппарат алған. Ең аз қаржы жұмсаған, халқы көп аймақ Шымкент қаласы 256,8 млн теңгеге 12 аппарат алған. Әрине, біз айтқан деректер пандемиямен күреске бөлінген қаржының тиімсіз жұмасалғанына мысал болатын санаулы мәліметтер. Өкінішке қарай мұндай деректер аз кездеспейді. Мемлекеттің коронавируспен барын салып жатқанынан қарамастан жергілікті атқамінерлердің мұндай келеңсіздіктерге жол беруі алаңдататын мәселеге айналып отыр.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы