Әулиеаталық әлеуметтің де әлеуетін арттыру бағытында бағдарын тапқан бастамалар жетерлік. Десе де, сананы нарық билеген заманда қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы сынды мәселелер бұқараның қос бүйіріне батуда. Мұндайда не істемек керек? Жақында Жамбылда әлеуметтік дүкендер ашылатын болды. Бірақ жобаның өміршең боларына кепілдік бар ма?.
«Әрбір ауданда желтоқсанның он бесіне дейін ең кем дегенде 2-3 әлеуметтік дүңгіршек ашылуы керек. Алдымызда мерекелер келе жатыр. Тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар арзандатылған тауарлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деді облыс әкімі Б Сапарбаев. Енді аудандарда әлеуметтік дүкендерді ашу бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр? Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін бе? Бұны біз аудан әкімдерінің өздерінен сұрадық. – Қазір 1 және 16 желтоқсандағы мерекелерге орай жәрмеңке ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Одан бөлек бұған дейін сауда үйлерінде жұмыс жасап тұрған әлеуметтік сөрелерді де бақылауға алдық. Мұнда тауарлар нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан өткерілуде. Бұдан бөлек биыл «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан 20 тонна қант алып, тұрғындарға арзан бағамен беріп жатырмыз. Ал әлеуметтік дүкенге келер болсақ, қазір бұл мәселе бойынша бір шаруашылықпен сөйлесіп жатырмыз. Егер ол дүңгіршек ашуға келіссе, арнайы жер бөліп беруге де дайынбыз. Тек келісімі керек болып тұр, – дейді Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров. Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков болса, елді мекенде әлеуметтік дүкен бір жыл бұрын ашылып қойғанын айтады. – Аудандағы орталық базардың артынан әлеуметтік дүкенді бір жыл бұрын ашқанбыз. Алайда кейінгі кезде жұмысы жүрмей, тоқтап қалды. Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін осы дүңгіршекке қайта жарықтандыру мен жылу жүргізіп, жұмысын жандандыруды қолға алып жатырмыз. Одан бөлек базар маңындағы таксистерді басқа жерге орналастырып, әлеуметтік дүкеннің жарнамасын жаңарту қажет болып тұр. Мамандарым қазір осы жұмыстармен айналысуда. Нақты атқарылған тірлікті айтсам, кеше ғана ет комбинатының басшысымен сөйлесіп, әлеуметтік дүкенде еттің келісін 1700 теңгеден сату туралы келісімін алдым. Одан бөлек, сүт өндіруші кәсіпорындармен де келісіп, ағарғанды арзан бағамен сатуға қол жеткізіп отырмыз, – дейді Меркі ауданының әкімі. Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков болса, әлеуметтік дүкен ашуда қиындықтар туып жатқанын жасырмайды. – Бес сауда орнында әлеуметтік сөрелер бұрыннан жұмыс істеп тұр. Одан бөлек нанды арзан бағамен сатып жатқан әлеуметтік сауда орны да жұмыс істеп жатыр. Ал нақты облыс әкімінің тапсырмасына қатысты қиындықтар туып жатқанын жасырмаймын. Себебі әлеуметтік дүкен ашу үшін бұл жұмысқа бір кәсіпкерді жұмылдыру керек. Бірақ оған екінің бірі келіспейтіні белгілі. Оған жер бөліп бергеннің өзінде құрылыс кемі бір айды алатыны анық. Ал облыс әкімі желтоқсан айының 15-не дейін әлеуметтік дүкенді ашуды тапсырып отыр. Сондықтан шынымызды айтқанда, не істерімізді білмей отырмыз. Алайда тапсырма талабы нәтиже екені белгілі. Сол себепті қазір бұрыннан жұмыс істеп тұрған бір сауда орнымен сөйлесіп, соны әлеуметтік дүкенге айналдыру жолдарын қарастырудамыз, – дейді Н. Ергебеков. Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов та әлеуметтік дүкен ашу оңай емес екенін ашып айтып отыр. – Бүгінде аудандағы 9 сауда орнында әлеуметтік сөрелеріміз жұмыс істеп тұр. Алайда нақты әлеуметтік дүкен ашу үшін бізге қолдау керек. Олай дейтінім, біз әлеуметтік дүкеннің құрылысына бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Сондай-ақ оған таурларды да қазына қаржысына алуға құқығымыз жоқ. Ал «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болса биыл бір-ақ рет ауданға келіп жәрмеңке өткізді. Оның өзі жалынып жүріп шақырдық. Егер аталған корпорация ауданнан әлеуметтік дүкен ашамын десе, біз жер бөліп беруге дайынбыз немесе кәсіпкерлерге аштырған әлеуметтік дүкенімізді тұрақтандыру қоры азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Әйтпесе, қазіргідей қиын экономикалық жағдайда біреуді қинап, әлеуметтік дүкен аштыру мүмкін емес, – дейді Бақытжан Алпысұлы. Әрине аудан әкімінің сөзі орынсыз дей алмаймыз. Себебі қазіргідей қиын жағдайда біреуге күштеп дүкен аштыру мүмкін емес екенін әркім түйсініп отыр. Мұны біз хабарласқан аудандардың дені құптауда. Алайда кәсіпкердің тілін тауып, жұмысты жолға қойған аудан да бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев бұл мәселеге күні бұрын кіріскен екен. – Аудандағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылды. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 139 меморандумға қол қойылып, жұмысшы топ апта сайын сауда орындарында мониторинг жүргізуде. Зерделеуге аудан орталығынан 5 ірі сауда орны және әр ауылдық округтен бір негізгі сауда орындары, барлығы 20 нысан таңдалды. Сауда орындарынан әлеуметтік сөрелер белгіленді. Сөрелерде азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша өнімдер шекті бағамен сатылуда. «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорымен тікелей жұмыс істеудің нәтижесінде ауданнан павильон ашуға ниет білдірген жеке кәсіпкер Б.Нүпбаевпен келісім жасалып, қазір жер телімі белгіленіп, қажетті құжаттары рәсімделуде, – дейді аудан әкімі. Әрине, бұл жанға жылу беретін ақпар. Тараз қаласына жақын орналасқан аудан болғаннан кейін өзгеге үлгі болғаны да құптарлық. Енді тек осы жүйе бойынша өзге аудандар да тірліктің тетігін тапса нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, «болмайды» деп қол қусырып жата бергеннен ешкім елді мекенге келіп әлеуметтік дүкен ашып бермейтіні белгілі. Оған қоса 15 желтоқсанға дейін тапсырма орындалмаса, аймақ басшысы әкімдердің басынан сипамайтыны тағы анық.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы