Ер Бәукеңнің ауылы еңсесін тіктеп келеді
Ер Бәукеңнің ауылы еңсесін тіктеп келеді
248
оқылды
«Жуалы халқы жаудан қорықпайды» деуші еді көненің көздері. Әрине Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған мекен талай генералдар мен жаужүрек тұлғаларды тудырған өлке. Алты ай қар астында жататын таулы аймақта бүгінде бағдарын тауып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған жұмыстар аз емес. Оған біз Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтың айтуынша, өлке ағымдағы жылдың тоғыз айында толайым табысқа қол жеткізген екен.

– Тоғыз айда жалпы ішкі өнім көлемі   43401,9 миллион теңгені құрап,  өткен жылдың есепті кезеңімен  салыстырғанда 20,5 пайызға артты.   Өнеркәсіп үлесі – 18,2, ауыл шаруашылығы – 60,4, құрылыс 9,4 және сауда айналымы 12 пайызға жетті. Жыл басынан  23 миллиард 205 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өсімдік шаруашылығы өнімі – 12686,4 миллион, ал мал шаруашылығы 13492,1 миллион теңге болды. Нақты көлем индексі 101 пайызды құрады. Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 210772 гектар. Оның егістігі 95004 гектар, суармалысы – 8708 және жайылым мен шабындық 111484 гектар.

Егіншілеріміз нарықта өтімтал дақыл түрлерін өсіруге ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде өңірде егілетін мақсары көлемі – 20638, пісте – 960, дәндік жүгері – 300 және қытайбұршақ 80 гектарға орналастырылды. Қазір олар толық жиналды. Мақсарының әр гектарынан 8,9 центнерден өнім жиналды. Қытайбұршағының өнімділігі гектарына 14 центнерден айналды. Дәндік жүгері де жақсы өніммен қуантты. Ораққа түскен 37424 гектар арпа мен бидайдан 77093 тонна астық алынды. Картоп алқабының көлемі де жыл сайын артып келеді. Биыл егілген «екінші» нан алқабы 2560 гектарға жетті. Оның әр гектарынан орта есеппен 242 центнерден түйнек жиналды. Сондай-ақ көкөніс пен бау-бақша жемістерінен де күтілгендегідей өнім алынды, – дейді аудан әкімі.

ауыл Бұдан бөлек ауданда биыл ауыл шаруашылығы техникалары да айтарлықтай жаңартылған. – Ағымдағы жылы 655,6 миллион теңгеге 190 дана техника сатып алынды. Оның 15-і трактор, 50 данасы картоп дақылына арналған техника, қалғаны ауыл шаруашылығы құрал-саймандары. Диқандарымыз егін орағына, күзгі дала жұмыстарына 1680 тонна жанар-жағармайға сұраныс берген болатын. Үкіметтен бөлінген арзандатылған жанар-жағармай уақтылы жеткізілді. Шілде айында 585 тонна, тамыз айында 400 тонна жанар жағармай алынды. Жуалы жерінің шөбі шүйгін, суы тұнық, мал өсіруге қолайлы өңір. Бүгінде ауданда мүйізді ірі қара – 48264, қой-ешкі – 225669, жылқы – 10920, шошқа – 245 және құс 125184 басқа жетті. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 7,6, қой мен ешкі – 0,5, жылқы – 6,8 және құс 0,7 пайызға өсті. Үстіміздегі жылдың 9 айында тірі салмақпен 9864 тонна ет, 38239,8 тонна сүт және 7176,6 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл – 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет – 1,6, сүт – 2 және жұмыртқа 0,5 пайызға артып отыр. Ауданымыздың  қысы қатал. Сондықтан да тұрғындар жыл сайын жем-шөптің берік қорын жасауға күш салады. Кейінгі кезде сүтті мол өндіру үшін пішендеме дайындауға басымдық берілуде. Осы мерзімде көпжылдық шөптің бірінші және екінші орымынан және шабындықтардан 145200 тонна пішен және 11 мың тонна пішендеме әзірленді, – дейді Н.Ергебеков. Ауыл Аудан әкімінің айтуынша әлемдік пандемия кәсіпкерлікті дамытуға өз салқынын тигізген екен.  Соған қарамастан өңдеу кәсіпорындары 2020 жылдың қаңтар және қыркүйек айларында 7899,1 миллион теңгенің өнімін  өндірген. – Өткен жылы осы мерзімде бұл көрсеткіш 7495,4 миллион теңгені құраған болатын. Ауданда 4910 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның 2-і орта, 188-і шағын кәсіпорындар. Сондай-ақ 2259 жеке кәсіпкер, 2461 шаруа қожалық бар. Жалпы  тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 4554-і немесе 92,7 пайызы жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша ағымдағы жылдың 9 айында 2001,8 миллион теңгенің бөлшек саудасы жасалды. Өткен жылы осы мерзімде ол 1857,2 миллион теңге болды. Ауданда 4 шағын микрокредиттік ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне несие таратады. 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында осы ұйымдар барлығы 2416 адамға 1732619 мың теңге несие берді. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық мөлшері субсидияланатын несие алуға кепілдік беру және инфрақұрылымды дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биыл нақты 5 жоба бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен 257 миллион теңге несиеге қол жеткізілді, – дейді аудан басшысы. Ауыл Елді мекенде мемлекеттік бағдарламалар да мінсіз орындалуда. – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Нұрлыкент ауылында 180 орындық Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен құрылысы жүргізілуде. Нысан келесі жылы іске қосылады. Қоңыртөбе ауылындағы Д.Похомов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал салуға 2020 жылға облыстық бюджеттен 169226 мың теңге қаражат бөлінген. Нысан таяуда пайдаланылуға берілді. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы 2020 жылы 30 жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Оның ішінде ауызсумен қамтамасыз ету жобалары да бар. Аудандағы шалғайдағы бірқатар ауылдарда ауызсу және газдың болмауынан біраз тұрғындар көшіп кеткен болатын. Кейінгі кезде ол елді мекендерге ауызсу және газ тартылуына байланысты тұрғындар қоныстарына қайтып келуде. Елді мекендерді «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» жобасы Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата және Т.Дүйсебайұлы елді мекендеріне ауызсу құрылысына 1218391 мың теңге қаралған. Аталған елді мекендерде құрылыс жұмыстары биыл басталып, оның дені еңсерілді. Келесі жылы олар таза ауызсуға қол жеткізіп, үлкен қуанышқа бөленейін деп отыр. Ауданда 49 елді мекен бар. Оның 30-на «көгілдір отын» жеткізілген. Қалған 19 ауылды арзан және қолайлы отынмен қамту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Тасбастау, Майбұлақ, Шыңбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Күреңбел және Қоңыртөбе ауылдарына кварталішілік газ тарату желісінің құрылысына 636119 мың теңге қаралған. Оның 592370 мың теңгесі игерілген. Бұл қаржыға елді мекендерге газ құбыры жеткізілді. Жалпы, белгіленген жұмыстардың 97 пайызы жүзеге асырылды. Енді аталған мекендегі тұрғындардың қуанышқа кенелетін күндері алыс емес. Жұрттың жағдайы жақсарған соң зәулім де еңселі жеке тұрғын үй салуға ұмтылуда. Осы мерзімде ауданда 9846 шаршы метр жеке тұрғын үй іске қосылды. Бұл – өткен жылғыдан біршама көп. Биыл аудандық мәндегі «Диқан ауылына кіреберіс» жобасы бойынша 1,606 шақырым автомобиль жолы және «Нұрлыкент-Теріс» жобасы бойынша 1,04 шақырым автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Соның нәтижесінде аудандағы ескі жолдардың дені жаңартылып бітті. Тоғыз айдың қорытындысында тұрақты жұмыс орындарына 1116 және уақытша жұмыс орындарына 1066 тұрғын жолданды. Мұның өзі ауданда жұмыссыздық деңгейін 3,5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Жалпы, 2020 жылы бұл мақсатқа 363316 мың теңге бөлінді. Ауданда әлі де еңсерілмеген, шешуін күткен мәселелер бар. Біз келешекте оларды кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешуге күш саламыз. Жуалылықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында барлық мүмкіндіктер қарастырылады, – дейді аудан әкімі Нарбай Ергебеков. Иә, дамудың даңғыл жолына түскен аудандағы жүйелі жұмыстарға біз де дән риза болдық. Баянды болашаққа желкен керген Ер Бәукеңнің ауылының атар таңы ақ болсын деп тілейміз!

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы