Антиплагиат пен әділдік, егіз бе едің?

Антиплагиат пен әділдік, егіз бе едің?

Білім және ғылым вице-ми­нистрі Фатима Жақыпова биік лауазымынан босатылды. Парламент мінберінен «жоғар­ы білім жүйесін және ғылыми қауымдастықты масқарадан құт­қаруды» сұраған сенаторлар қанағаттануына болады. «Би­лік­тегілер жалған диссерта­ция­мен ғалым атана береді» деп санайтын қоғам өкілдері талап еткен әділдік те қалпына кел­гендей. Шынында, бәрі осынша қарапайым ба? Шындықта да шырғалаң болады.

«Үкімет қаулысымен Фатима Жақыпова берген өтінішіне сәй­кес Қазақстанның білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылды» деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қыз­меті. Осылайша, «плагиат-жан­жалға» нүкте қойылғандай. Тек «Өзгенің еңбегін ұрлаған шенеу­нікке өз бетімен жұмыстан кетуіне жол беруге бола ма? Мемлекеттік қызметтен масқаралап, желкелей қуу керек еді» деп өкінген азамат­тарда ғана қыжыл қалса керек.

Мәселен, қазақстандық ма­ман­дар да, қоғам да ұлық тұта­тын ресейлік «Антиплагиат» жүйе­сінің кінәраты жоқ емес: ол диссертациядағы сілтемесі нақты берілген заңды цитаталарды да «жиендікке» жатқызады. Ал оның орнына сөздерді синонимімен ауыстыра салғандар құтылып кетеді.

Демек, антиплагиатқа тексеру­ді компьютерлік бағдарлама емес, білікті ғалымдар қолдарына қалам мен құжаттарды ала отырып, са­лыстыра талдап шықса жөн. Алай­да әңгіме қолында ғылым са­ласының билік бишігі бар лауа­зымды тұлға туралы болып отыр­ғанда, кез келген ғалымның адалдығына қоғам бәрібір күмән келтіреді.


Аласталғанның ақталғаны ауыр

Бұрынғы вице-министрді аяй­тындар да, адалдығына сене­тіндер де жетерлік. Ф.Жақыпованың Facebook-тегі парақшасында жүз елудей адам оны қолдап, пі­кір қалдырыпты. Олардың кей­бірі Жақыпова ханым жүйеде жүр­гізген реформасы үшін кертартпа күштерге ұнамай қалды деп па­йым­дайды.

БҒМ басшылығының экс-өкілі де өзін сол бұрынғыдай «кі­нәсіз» санайды және төл доктор­лық диссертациясын «өзге­нің еңбегінен ұрлаған» дейтін­дер­мен идеологиялық күресін жал­ғастыруда. Сонда дәйектемелері қандай?

– Әлеуметтік желілерде ме­нің жұмысым бойынша екі компа­нияның есебі ұсынылған. Оның ішінде ресейлік «Антиплагиатты» 1 100 ұйым пайдаланады және оның деректер базасы 500 мил­лион ақпарат көзін қамтиды. Польшаның Plagiat.pl ұйымы 300 университетте қолданылады, деректер базасына 50 миллион жұ­мыс кіреді. Компьютерлік тек­серіс нәтижесі бойынша қоры­тынды жасау дұрыс емес. Се­бебі тіпті есептің өзінде: «Коэффи­циент­тердің жоғарғы мәні пла­гиатты білдірмейді» деп атап көрсетілген. Соған қарамастан, жалпы сан­ды негізге алған жекелеген адам­дар «плагиаттың» барлығы ту­ра­лы тұжырым жасады және жұрт­шылықты жаңылыстырды, – деп ренжиді Білім және ғылым ми­нистрі­нің бұрынғы орынбасары.

Ол 150 елдің 15 мың универ­ситетінде орнатылған, 30 тілдегі 2 миллиард көзден тұратын Turnitin халықаралық жүйесінің қызметіне де жүгінгенін айтады. Өйткені 2019 жылы Білім және ғылым министрлігі Turnitin-ге жазылуды рәсімдегендіктен, бұл тегінге түсті. Бұл жүйе Жақыпова ханымның ғылыми еңбегінің өзгемен ұқсас­тығы, заңды сілтемесі берілген­дерін қоса алғанда, 13%-ды құрай­тынын анықтапты.

Мардымсыз болса да, ұр­лық­тың аты – ұрлық. Тұтас вагон толы көмірден бірер қапшық отын алып кетсе, ол ұрлық болып саналмай ма? Қалай болғанда, билікте ман­сап сатысымен өрлеймін де­ген адамның әр ісі кіршіксіз таза болғаны жөн. Әйтпесе, кез кел­ген дақ жұртшылық алдында бады­ра­йып көрініп қалады.

– 2019 жылдың сәуірінде жо­ғары білім мен ғылымға жетек­шілік ететін вице-министр болып тағайындалғалы бері ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету бойынша шараларды қолға алдым. Ғылыми жобаларды қар­жыландыру туралы шешім қабыл­дайтын ұлттық ғылыми кеңестер жаңа форматқа көшірілді: кеңес мүшелеріне талаптар түбегейлі арт­тырылды, ашық дауыс беру ен­гізілді. Кеңес отырыстары енді бей­нежазбаға жазылады және онлайн трансляцияланады. Ал экономикалық сараптаманың енгізілуі бюджеті негізсіз қымбат жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Ғылымның экономикаға шынайы үлесін бағалау әдістемесінің жобасы әзір­ленді. Осының барлығы ғалым­дарға салмақты сын-тегеурін. Сондықтан кейбір ғалымдар мен ЖОО қызметкерлері өз жоба­ла­рының қаржыландырудан қағы­латынына қауіптенеді, – деп тұс­пал­дайды Фатима Жақыпова.


Даудың кілті – кінәрат

Әр дауласқан жақ бір-бірінің кінәраты мен кемшілігін іздейді. «Шығармашылық ұрлыққа» қа­тысты айыптаулар басталғанда екі жақ­тың да олқы соғып тұратын тұс­тары болады. Мысалы, кез кел­ген антиплагиат жүйесі жүз пайыз адал бола алмайды.

Ал қолмен тексерудің нәти­же­сіне адами фактормен ілесе жү­ретін жемқорлық, алалау, үстірт көзқарас, мұқият болмау секілді кеселдер кері ықпал етуі мүмкін.

Компьютерлік тексеру диссер­тация мәтінін ғылыми жұмыстар базасымен өзара тек механикалық салыстыруға ғана құрылады. Яғни, сөз тіркестері мен сөйлемдердің қайталануын іздейді. Салдарынан тіпті өзге ғылыми еңбекке сілте­мелері бар дұрыс үзінділер де «жиен­дік» жасау болып танылады. Қа­ра­пайым тілмен айтқанда, қан­дай да бір ұлы ақын-жазушы туралы диссертация дәл сол тұл­ғаға арналған, бірақ ертерек жа­зылған ғылыми жұмыстардың пла­гиаты деп ұғынылуы ғажап емес. Себебі барлығында сол клас­сик­тің шығармаларынан үзінді келтіріледі.

Антиплагиат жүйелерінің ол­қы­лығын жақсы білетіндер оның айна­ласында шағын бизнестерін құрып алды. Мәселен, өз мәтінінің даралығы (оригинальность) пайы­зын арттырғысы келетіндер «жұ­мыс­тар тюнингі» қызметіне жү­гінеді.


Ай-ти саласының маманы Юрий Чехович бұрындары өзгенің жұмысын заңсыз әрі жазасыз мен­шіктеуге ұмтылатындар антип­лагиат жүйесін айналып өту­дің түрлі айла-шарғыларын қолдан­ғанын айтады. Айталық, кирил­лица қарпін латын графикасымен жазады: эр орнына пи (Р), тэ ор­нына ти (Т), у орнына уай (У) сияқты. Немесе қаріпті санмен өзгертеді: О орнына нөл (0) қояды.

Тағы бір әдіс сөйлемдердің не жекелеген сөздердің орнын ауыстырумен байланысты болды. Бұдан бөлек, тыныс белгілерін өзгерту амалы да қолданылған.

– Қазіргі уақытта шығар­ма­шылық ұрлықты анықтай­тын бағдарлама мұндай манипуля­циялардың көпшілігінен жоғары деңгейде қорғалған және қулық­ты тез табады. Цитаталар мен сілтеме­лерді ұрлық көзі деп анықтайды. Мұндай қателікке ұрынбау үшін заманауи университеттік бағ­дар­ламалар тырнақшаға алын­ған үзін­ділерді плагиатқа жатқызбайды. Алайда бұл мәтіннің бірегейлігін арттырғысы келетіндердің тырнақ­шаны кең пайдалануына соқтыруы ықтимал. Үшіншіден, жүйе жұ­мысында техникалық ақаулар болып тұрады. Салдарынан жал­ғыз бір мәтінге қатысты әр кезде әртүрлі қорытынды беруі мүмкін. Сөйтіп, адам ешкімнен көшірмей, өзі жазса да, бағдарлама әлдебір ұқсастықтар тауып, плагиат ре­тінде тануы ғажап емес, – дейді сарапшы.

Ол кейбір кілтипандарға қара­мастан, антиплагиат – шығарма­шы­лық қарақшылықпен күресте көмектесетін бірден бір құрал екеніне сенімді.

 

Саясаткерді күйретер қару

Әлеуметтік желілер еркіндік берген, еркін мінбер ұсынған қа­зіргі заманда өзгенің жұмысына «жиендік» жасады деп кінәлау – белгілі саясаткерлер мен лауа­зымды шенеуніктердің мансабын құртып, беделін бүлдірудің басты бір қаруы.

Екі жылдай бұрын көр­ші Ресейде елдің жоғарғы басшы­лығына кіретін адамдардың – мәдениет министрі Владимир Мединскийдің, МемДума спи­керінің орынбасары Игорь Лебедевтің, есеп палатасының басшысы Татьяна Голикованың, сондай-ақ балалар омбудсмені Павел Астаховтың, МемДуманың 50 депутатының, 64 ректордың диссертацияларынан жаппай плагиат табыла бастады. Кейбірі, шынымен, расталды. Біразы бар ресурсын жұмылдырып, ақталды. Бірақ оларға қатысты қоғам көңі­лінде кірбің, газеттер бетінде – әшкерелеуші мақалалар қалды.

Өткен жылы Чехия үкіметінің бірден үш мүшесі – еңбек ми­нистрі Петр Крчал, әділет ми­нистрі Татьяна Мала және қорға­ныс министрі Лубомир Метнар жоғарғы оқу орындарында дип­лом­дық жұмыс жазу кезінде шы­ғар­ма­шылық қателері анықта­лып, бәрі отставкаға кетті.


Түйін:

Қазіргі уақытта белгілі адам­дар­дың жоғары оқу орнын бі­тіру, ғылыми атақ алу кезінде жаз­ған жұ­­мыстарынан «жиендік» жа­сау белгілерін іздеумен әділ­құ­мар аза­маттар, жекелеген энту­зиас­тар немесе өз мүддесін діт­­теген күш­­тер айналысады. Ал жо­ға­ры технологиялардың ша­рық­тап дамуы­мен бірге болашақта пла­гиатқа қарсы күреске жасанды зер­де қо­сы­лады деп күтілуде. Бұл «жиен­дік» жасауға жол бермейді деген ой­дамыз.



Елдос СЕНБАЙ