Одақ азаматтарына Қазақстан зейнетақы төлейді
Одақ азаматтарына Қазақстан зейнетақы төлейді
332
оқылды

Сенат жасыл энергетиканы дамытуға арналған қолайлы нормативтерді қабылдады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ұлттық заңнамаға «жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша» өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын қарады.

Құжат жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) қолдау көрсетуді көздейді. Еліміздің көрші елдерге энергетикалық тәуелділігін де төмендетеді. Бұл электр қуатының арзандауына септігін тигізіп, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай туғызады. – Арзан, таза, тұрақты және заманауи энергия көздеріне жалпыға бірдей қолже­тім­ділікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Соған сәйкес елімізде жаңаратын көздерден алы­натын энергияның үлесін арттыру көзделіп отыр. Осы орайда бүгін қабылданған заң елімізде қалпына келетін көздерден энергияны өндіру мен қолдануды ынталандырумен қатар, қор­шаған ортаны қорғауға да оң үлесін қосары сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Сенат Төрағасы құжатта ЖЭК-ті дамыту үшін қолайлы жағдайлар мен тетіктер көрсетілгенін атап өтті. Жиында Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді» ратификациялайтын заң жо­басын қабылдап, Президенттің қол қоюына жолдады. Сарапшылардың бай­ламынша, бұл келісім ЕАЭО кеңістігінде ортақ еңбек нарығын құруға жасалған жаңа қадам. Өйткені ол бойынша одақтың қай елінде жұмыс істесе де, жұмысшыларды зей­нетақымен қамту сол мем­лекеттің азамат­тарымен тең жағдайда жүр­гі­зілмек. Заң бойынша әр мемлекет одақтың өзге елінің азаматы үшін оның өз аумағында жұмыс істе­ген кезеңіне зейнетақы төлеуі тиіс. 2019 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылған бұл құжат ЕАЭО-ға мүше елдердің ынты­мақ­тастығын тереңдетудің жетістігі ретінде дә­ріп­телуде. – ЕАЭО азаматтарына басқа мүше мем­лекетте зейнетақы төлеу мәселесін құқықтық реттеу – жұмыс күшінің қозғалысы жолындағы қазіргі кедергіні жоюға мүмкіндік береді және еңбек қызметін заңдастыруға қосымша ын­таландыру болады. ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбек етушіге оның аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлейді, яғни «экс­порттайтын» болады. ЕАЭО-ның басқа елінде тұратынына қарамастан, еңбек етушіге зей­нетақыны ол еңбек қызметін жүзеге асыр­ған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейді, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстанда осы келісімді іске асыратын құ­зыретті орган болып белгіленді: Ресей, Бе­ларусь, Армения және Қырғыз Рес­пуб­ликасы аза­маттары зейнетақыны соған жү­гініп алады.

Елдос СЕНБАЙ