Мемлекеттік бағдарламаларды «сауынды сиырға» айналдырғысы келетін алаяқтар легі тыйылар емес. Соның бірі «мембағдарлама бойынша аз қамтылған отбасыларға үй алып беремін» деп біраз адамды сазға отырғызып кеткен.
Ұсталған 60 жастағы М. есімді алаяқ әйел бұдан бұрын да ұқсас қылмыс жасап, сотталғаны анықталды. Ол халық сенуі үшін өзін белгілі бір партияның мүшесі ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіріп отырған. Сөйтіп, олардың ірі көлемдегі барлық жинағын иемденіп кеткен. – Ол өз құрбандарын таныстарының арасынан іздестірген. Бір ғажабы, алаяққа алданған кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайы жоғары болып шықты. Соған қарамастан олар аз қамтылғандарға арналған бағдарлама бойынша пәтер алуға ниет білдірген. Әйел оларға тез арада пәтерді алдын-ала кезекке қою үшін төлем-жарна жасауды ұсынған. Осылайша ол жәбірленушілерден 300 мыңнан бастап, 1,5 миллион теңгеге дейінгі көлемде ақша алып отырған. Алаяқ әйелдің арам пиғылына алданған кейбір азаматтар өздерінің соңғы ақшаларын ұстата салса, кейбіреулері несие алуға дейін барған, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Бостандық аудандық Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалым Қасымбаев. Шынында қу әйел ешкімге көмектесуге ниетті болмаған. Салдарынан зардап шеккендердің ешқайсысына пәтер тимеді. Ал алаяқ алдап жиған қаражатты жеке мүддесіне жұмсап жіберген. Әзірге күдіктінің 8 алаяқтық қылмысқа қатыстылығы әшкереленді. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағының 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.Ерік ЕРДЕНОВ