Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды дамыту және парламентаризмді нығайту жолындағы рөлін көптеген елдердің сарапшылары мен Парламент өкілдері жоғары бағалап жүр. Олар биыл да Назарбаевтың парламентаризмді қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Оған Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Елбасы Н.Назарбаевтың қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты дәстүрлі конференция дәлел.
Парламент Мәжілісінің Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырған дәстүрлі конференциясы биыл бейнеконференция форматында өтті. Жиынға Вьетнам, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Еуропалық парламент, ТүркПА парламенттерінің басшылары мен депутаттары қатысты. Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды және оның парламентаризмін қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөлін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Елбасы елімізді барлық қиындықтан аман алып шығып, ірі саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жасағанын, «Қазақстандық даму жолы» қалыптасқанын айтты. Сондықтан «Тәуелсіздік жолы – Елбасы жолы». Нұрлан Нығматулин өз сөзінде: – Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық саясаттың биік орны болуымен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси-экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді, – деді. Сонымен қатар Палата Спикері Қазақстан Парламентінің өркениетті елдердің заңнамалық органдарымен тең дәрежеде қызмет етіп, Елбасы айтқандай, нағыз демократия мектебіне айналғанын жеткізді. Конференция барысында Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру, оның саяси жүйесін жетілдіру және тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне тоқталды. «Тұңғыш Президент Назарбаев – халықаралық қоғамдастықтағы беделді саясаткер болумен қатар, қытай халқының тілеулес досы ретінде ұзақ уақыттан бері қытайлық-қазақстандық тату көршілік және достық ынтымақтастықты нығайтып, Қытайда жоғары беделге ие болып келеді», – деді Қытай Парламентінің спикері. Ал Ресей Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығы, бай өмірлік және басқарушылық тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту ісінде, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуда, Еуразиялық кеңістікте көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде ұзақ жылдар бойы сұранысқа ие болады, – деді. Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие деп санайды. – Қазақстанның үдемелі дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін дамыту жолында қолға алған қадамдары маңызды орын алатыны сөзсіз, – деді түрік Парламентінің төрағасы. Сонымен қатар Өзбекстанның Олий мәжілісі заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекені Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі мен тиімділігін бағалаудың тамаша мүмкіндігі деп атады. Халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Нурдинжон Исмоилов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған көрнекті тұлға екенін айтып: – Оның стратегиялық бағытының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік тамырын тереңдете түседі, – деді Өзбекстанның заң шығару палатасының спикері.А.СҰЛТАН