Елордада Еуразиялық интеграция институтының бастамасымен «Парламент сайлауы: ерекшеліктері мен маңызы» атты сараптамалық конференция өтті.
Шарада алдағы Парламент сайлауының маңызы сарапталып, талқыға түсті. Сондай-ақ кездесу кезінде партиялардың стратегиялары талданып, халықтың саяси мәдениетін арттыру бойынша ұсыныстар ортаға тасталды. Іс-шараға Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мен ғалымдар, басқа да сарапшылар мен блогерлер қатысты. Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясының ХХ съезі өтіп, партия өзінің сайлауалды бағдарламасы мен кандидаттар тізімін таныстырған болатын. Іс-шараның модераторы Ерлан Саиров еліміз Парламент сайлауының жауапты кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясының ХХ съезі жұртшылыққа қазақстандық элитаның біртұтастығын байқатты. – Қазір еліміздің одан әрі дамуына өз үлестерін қосқысы келетін және өз көзқарастары қалыптасқан көптеген партия бар. «Nur Otan» партиясы өте күшті әлеуметтік бағытталған бағдарлама ұсынды. Оған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыруымыз қажеттігін атап өтті. Ең бастысы – осы, – деді Ерлан Саиров. Ол қазақстандықтардың тұрақсыз әлемдегі тұрақты елде өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарымның пікірінше, барлық реформалар әлемдік үрдістерді де, қоғамның мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін де ескеруі керек. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов сайлау кезіндегі саяси партиялардың жұмысына түсі-ніктеме беріп, мүмкіндіктерін бағалады. Ал Марат Шибұтовтың пікірінше, Мәжіліс сайлауы қарсаңында саяси партиялар мүмкіндігінше көп кандидат ұсынуы керек. Сондай-ақ сарапшы партияның қаншалықты жаңарғанын, «Nur Otan» атынан кандидаттар тізімінде жастар мен жаңа тұлғалар көптігін де айтып өтті. – Біз «Nur Otan» тізімінде 84 депутаттың 23-і ғана бар екенін көріп отырмыз. Яғни, депутаттардың 75 пайызы өткен жоқ. Оның ішінде екі вице-спикер, бірнеше комитет басшылары бар, – дейді саясаттанушы. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина болса егер әрбір қазақстандық дауыс беруге қатысса, сайлаудың әділетсіз өту қаупі азаяды деп санайды. – Қазіргі кезде тәуелсіз бақылаушылар тобы белсенді жұмыс істеп жатыр. Сайлауда жергілікті бақылаушылар да, әр партияның бақылаушылары да, шетелдік бақылаушылар да болады. Олардың міндеті – сайлаудың барынша адал өтуін қадағалау. Ең бастысы, әр партияның өз бақылаушыларын шығаруға құқығы бар. Оның өзі сайлаудың адал өтуіне жол ашады, – деді Индира Рыстина. Сарапшы жеңімпаздар туралы болжам жасау қиын екенін, алайда «Nur Otan»-ның қарсыластарына қарағанда артықшылығы болатынын айтты. Жиын барысында саяси кеңесші Дина Айкенова партиялардың белсенділігі мәселесіне жеке тоқталды. Оның сөзінше, еліміздің саяси аренасында «Nur Otan»-нан басқа партиялар әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істемейді. Осы тектес мәселелерді ортаға салған мамандар алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясы мүшелерінің мүмкіндігі зор екенін алға тартты.Мадияр ТӨЛЕУ