Сайлау ұғымы пайда болғалы түрлі қызметке үміткер болған жандар діттегеніне қол жеткізу үшін сан алуан амал-әдіске жүгінген. Бүгінде оларды саяси технологиялар деп атайды. Біреу ашық күрес жүргізсе, басқалары жалған ақпар таратып, қарсыласын қаралауға тырысады. Жұрттың естігісі келетін сөздерді айтып, популизмге берілетін кандидаттар да аз емес. Күн санап жақындап келе жатқан сайлау алдында кең қолданылатын саяси амал-әрекеттерді ой сүзгісінен өткізсек.
Жалпы, саяси технологиялар тек сайлау барысында ғана қолданылмайды. Түрлі жобаларға ақпараттық-идеологиялық қолдау көрсету, нақты азаматтың саяси имиджін қалыптастыру, үкіметтің жүргізіп отырған жұмысын, реформаларын демеу қажет болса, осы әдістерге жүгінеді. Жоғарыда аталған жайттарда көбіне ақпараттық ресурстар қолданылады. Ал саяси технологиялар кеңінен іске асатын кез, әрине сайлау немесе референдум. Кандидаттар қолындағы әкімшілік, қаржылық ресурстарға сай түрлі әдіске жүгінеді. Осыдан біраз уақыт бұрын Ресейде сарапшылар 5 балдық жүйемен саяси технологиялардың тиімділігін бағалаған. Нәтиже мынадай: элитаның өзара келісуі – 4,2; «есіктен есікке» кампаниясы – 3,5; медиа кампания – 3; сыртқы кампания – 2,7; БАҚ-тағы тікелей жарнама – 2,5; әлеуметтік желілерді қолдану – 3,8. Бұл нәтижеде екі нәрсені есте ұстаған жөн: біріншісі, Ресейдің саяси-ақпараттық нарығы Қазақстанға жақын, сондықтан бұл рейтинг еліміздегі жағдайға жақын келуі мүмкін. Екіншісі, аталған сауалнама 2 жыл бұрын жүргізілген, қазір әлеуметтік желілердің рөлі анағұрлым артқанын жоққа шығара алмаймыз. Дәстүрлі жол. Жалпы, саяси технологияларды дәстүрлі және заманауи деп бөлген дұрыс болар. Дәстүрлі әдістер интернет кең тарағанға дейін қолданылды. Мәселен, «есіктен есікке». Аты айтып тұрғандай, мұнда кандидаттың өзі немесе оның штабының өкілдері белгілі сайлау округтерін аралап, әр есікті қағып, насихат жүргізеді. Белгісіз адамға есік ашып, онымен тілдесуді көпшілік қаламайды. Ал есікті ашқан күннің өзінде оны нақты бір адамға не партияға дауыс беруге көндіру оңай емес. Сондықтан бұл уақытты, күшті, төзімді талап ететін тәсіл. Дегенмен бұл бет-бет кездесу болғандықтан, оның тиімділігі жоғары. Егер кандидаттың өзі араласа, онда жақтастар санын ұлғайту мүмкіндігі тағы да артады. Билбордтар ілу – көптен бері келе жатқан жарнаманың әдісі. Мұны сайлау кезінде де кеңінен қолдануға болады. Басты мақсат – қоғамға кандидат партияның атауын не азаматтың аты-жөнін визуалды түрде есінде қалдыру. Сайлау күні адам таныс фамилияны таңдауы әбден мүмкін. Иә, бұл шығынды талап ететін шара. Билбордты жасатудан бұрын оны ілу құқығы қымбат тұрады. Жұрт көп жүретін көшеде ілу ақысы қымбат. Ал тұрғын үйлердің қабырғасына тұрғындардың рұқсатынсыз жабыстырсаңыз, штабқа айыппұл салыну мүмкін. Сондықтан бұл әдіс қаражат пен ұйымдастыру жұмыстарын талап етеді. Медиа. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танылу. Газетте мақала жариялау, радиода сұхбат беру, телеарнадағы дебатқа қатысып, электорат арасында танымалдықты арттыру тиімді қадам есептеледі. БАҚ-ты көпшілік тұтынғандықтан, қысқа уақытта жақтастар санын еселеуге медиа ұтымды мүмкіндік береді. Дегенмен кандидат не партияның өкілі өзін әккі оратор не ұшқыр ойдың иесі ретінде көрсете білуі қажет. Олай болмаған жағдайда медиа кері әсер беруі әбден мүмкін. Бұдан бөлек, қоғамның қай топтарына (жұмысшылар, қарттар, студенттер, әйелдер) қандай БАҚ-тың (газет, сайт, әлеуметтік желі, телеарна, радио) ықпалы мол екенін анықтап алған жөн. Ірі ұжыммен жолығу. Бұл халқы тығыз орналасқан ауданда нәтижесін беретін амал. Қаланың белгілі бір ауданында бірнеше зауыт, аурухана, мектеп, компания және басқа да кәсіпорындар орналасады. Онда жұмыс істейтін қызметкерлердің басым бөлігі аталған ауданда тұруы мүмкін. Сәйкесінше, 10-15 ірі ұжыммен кездесу арқылы аудандағы көпшілік сайлаушылармен кездесуге болады. Оған қоса, бетпе-бет кездесу, тікелей сұрақтар қою сайлауда кандидатқа дауыс берушілер санын арттыруы бек мүмкін. Телефон шалу. АҚШ – саяси технологиялар кең қолданылатын ел. БАҚ дамымай тұрғанда президенттікке үміткерлер штаттарды аралап, кейін кездескен азаматтарына телеграмма жіберіп, байланысын үзбеген екен. Бұл «сарафанное радио» әсері секілді сыбыстың тез таралуына ықпал етеді. Аталған әдіс әлі де қолданыста. Мәселен, биылғы сайлауда экс-президент Барак Обама өзінің үзеңгілесі Джо Байденді қолдау үшін бірнеше адамға қоңырау шалып, сайлауға қатысуға шақырды. Танымал саясаткердің бұлайша қатардағы кісілерге хабарласуы әлгі адамның өзіне және оның маңындағы азаматтарға ықпал ететіні, сол арқылы оларды өзіне жақтас қылатыны белгілі. Кейде бұлай қоңырау шалуды робот-телефонға тапсырады (робоколл). Робот тізім бойынша белгілі округтегі азаматтарға қоңырау шалып, алдын ала жазылған хабарламаны жеткізеді. Дегенмен бұл әдісті теріс мақсаттарға қолданатындар да табылады. Мәселен, 2011 жылы Канадада белгісіз біреулер азаматтарға робоколл арқылы жалған ақпарат таратқан. «Қара PR». Алайда саяси технологиялардың барлығы бірдей әділ әрі таза емес. Сайлау билікке жетудің төте жолы болғандықтан, онда түрлі құрал, айла іске қосылады. Осындайда «Мақсат – әдісті ақтайды» деген саяси афоризм ойға оралады. «Қара PR» ұғымы сайлау барысында қарсыласты тұқыртып, оның жақтаушылар санын азайту үшін белсенді түрде қолданылады. Оның жарқын үлгісінің бірі – Дональд Трамп. Ол биыл қарсыласы Джо Байденді «ұйқыдағы Джо» деп мазақ қылды, себебі Байден сан рет сөзінен жаңылған болатын. «Қара PR-дың» құралы көп. Өсек-аяң, фейк ақпарат тарату, кандидаттың ебедейсіз, ұятты жағдайға тап болған фото-видеоларын ғаламторға жүктеу және т.б. Әрине, мұның барлығы ақпарат саласымен байланысты. Бірақ әділетсіз саяси технологиялар арасында қарсыласпен тегі толық сай келетін мүлде басқа кісіні сайлауға қосу әдісі де бар. Мәселен, кезінде экс-саясаткер Ораз Жандосов сайлауға қатысқанда Жандосов есімді басқа азамат та сол округтен саяси додаға араласты. Бұл сайлаушыларды шатыстырып, дауыстың жартысын басқа кандидатқа бұру үшін жасалады. Лас саяси технологиялардың қатарына қарсыластың атынан жалған парақша, брошюра және басқа да өнімдер тарату жатады. Тек онда жазылған контент өзгереді. Яғни, кандидат қолданған түс, шрифт, стиль – бәрі көшіріледі де жұрттың ызасына тиетін ұрандар жазылады. Мәселен, «жәрдемақыны қысқартайық, біздің кандидатты қолда!», «зейнеткерлер де арнайы салық төлесін!». Бұл, әрине жұрттың ашуын келтіреді. Big Data. Интернет, әлеуметтік желінің рөлі артқан сайын саяси технологтар оларды кеңінен қолдана бастады. Қоғаммен кері байланыс орнатуға, танымал болуға, жұрттың көкейіндегі сұрақтарға жауап беруге және басқа да мақсаттарға таптырмас арзан құрал. Мысалы, 2016 жылы Дональд Трамп Cambridge Analytica компаниясы арқылы Big Data әлеуетін пайдаланып, сайлаудағы күресін жеңілдетті деуге болады. Себебі аталған компания азаматтардың әлеуметтік желідегі жазбалары, кімге «ұнайды» белгісін қойғанын зерттеу арқылы үлкен дерекке қол жеткізген. Осылайша, Cambridge Analytica америкалықтарды 32 психотипке бөліп, Трамптың саяси жарнамасын барлығына бөлек, сол топқа бейімдеп жіберген. Бұл өз кезегінде Трамптың қолдаушыларының артуына әкелген. Әрине, миллиондаған АҚШ азаматтарының әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылауға нейрожелі немесе жасанды интеллект қолданылғаны анық. Бұл қызметін компания 15 млн долларға бағалапты. Бірақ әлеуметтік желіні теріс мақсатқа да қолдану қиын емес. Сол 2016 жылғы сайлауда Ресей АҚШ-тың президент сайлауына араласты деп айыпталды. Мамандардың пікірінше, Мәскеу Facebook сынды танымал желіде түрлі жалған, жұрттың ашуын туғызатын немесе нәсілшілдікті оятатын тақырыптарды фейк аккаунттар арқылы белсенді түрде таратқан. Бұл кандидат Хиллари Клинтонның сайлауда жеңілуіне әкеп соқты деген болжам бар. Әрине, тізілген әдістерді тиімді қолдана алу өз алдына бөлек әңгіме. Себебі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған кандидат әдістерді сәтсіз қолданса, өзіне зиян келтіруі мүмкін. Осы себепті әдетте сайлауда жеңіске жету үшін кандидаттың сапалы штабы, оның жұртпен байланысатын коммуникативті қабілеті, қаржысы, БАҚ-пен бекем байланысы аса маңызды. Осы факторлар сайлауда жеңіске жетелеуі мүмкін. Кез келген сайлау – шығыны мол саяси дода. Мәселен, биыл АҚШ-тағы президент және Конгресс сайлауына 14 млрд доллар жұмсалса, Ресейде 2018 жылғы президент сайлауына 14 млрд рубль бөлді. Ал Қазақстанда қаңтарда өтетін Парламент және мәслихат сайлауын ұйымдастыруға 15,3 млрд теңге жоспарланып отыр. Маманның ақысы. Қазақстанда сауатты әрі тәжірибелі саяси технологты табу оңай емес. Негізгі себеп – елімізде сайлау жиі өтпейді және ашық бәсекелі күрес аса қатты байқалмайды. Сондықтан 4-5 жылда бір өтетін сайлауларда шетелдік мамандардың шақырылатыны жасырын емес. Ал көрші Ресейде 89 субъектіде түрлі сайлау өтетіндіктен, саяси технологтар сұраныста. Ақысы да арзан емес. Қатардағы маман күніне 300-600 доллар сұрауы мүмкін, ал Кремльдің жобаларына қатысқан әккі мамандар тәуліктік қызметін 2 500-5 000 долларға бағалайды.Нұрмұхамед БАЙҒАРА