Желеу көп, жұмыс жоқ, зағиптар қалай күн көрер?
Желеу көп, жұмыс жоқ, зағиптар қалай күн көрер?
336
оқылды

Елімізде 18 жасқа толмаған 87 мың мүмкіндігі шектеулі ба­ла бар. Соның ішінде 4,5 мың баланың көру қабілеті нашар. Бірнеше қалада көру қа­білеті төмен балаларға арналған мек­теп-интернат бары белгілі. Бірақ біз әң­гі­мелескен жеткіншектер тұратын өлкеде ин­тернат жоқ. Сондықтан бірі қалаға қа­тынап оқыса, ендігісі жалпы білім беретін мек­тепке барады. Оның үстіне, ата-ана­лары жәрдемақысы тамағы мен киімінен ар­тылмайды деп отыр. Ал қашықтан оқу ата-ананы әбден қажытқан. Өйткені зағип ба­ласы бар көпбалалы отбасы бір смар­т­фонға тәуелді.

Тасбақа кейіпті баспана кезегі

Мадина Қанатханқызы – І топтағы мү­гедек. Үш баласы бар. Тұңғышы да есеп­те тұр. Оның айтуынша, өзіне де, ба­ласына да көз ауруы геннен берілген. Тал­дықорған қаласында тұра­тын ол – кә­сіби биші. Жұмыспен қамту орта­лы­ғының кө­ме­гімен жұмысқа орналасқан. Кейіп­керіміз әңгі­месін қазір зағип жандарға жұмыс табу өте қиын екенінен бастады. Біз де қаладағы қо­ғамдастықтан осы жайын­да сұрастырдық. Олар зағиптарға ба­рынша көмектескенімен, жағ­­дай қа­лыпқа түспей тұрғанын айтты. Жағдаймен толық танысу үшін Еңбек министрлігіне сауал жол­дадық. Олардың айтуынша, за­ғиптарды әлеуметтік-меди­ци­на­лық қолдау жергілікті әкім­дік­тер­дің құзырына кіреді. Ал олар­дың «екі қолына бір күрек» тауып беру міндеті жұмыспен қамту ор­талы­ғына жүктелген. Орталық жұ­­мыс­пен қамтылғандардың ста­тисти­касын толық жүргізеді. Мә­селен, enbek.kz сайтындағы ха­барландыру назарымызды ау­дарды. Оларға тігінші, офис менеджері сияқты маман керек. Көру қабілеті нашар тұлғаға төленетін жалақы 42 500-70 мың теңге аралығында екен. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жан­дар қазір педагог, психолог, заңгер, массажист мамандығын меңгереді. Кейіпкеріміз Мадина Қанат­ханқызы да жұмыспен қамту орта­лығы көмегімен жұмысқа орна­лас­қан. Алғашында оған 38 800 теңге төлеген. Карантин жария­ланған тұста жалақысы 68 мың теңгеге дейін өскен. Ол ата-анасы, үш ба­ласымен бірге 2 бөлмелі пә­терде тұрады. Оның айтуынша, 2012 жылдан бері баспана кезегіне тұр­ған. Бірақ кезектің алға жылжуы мұң. Әкімдікке де базынасын ай­тып барғанымен, «үмітіңізді үзіңіз» дегендей сыңай танытқан. Жауап­ты­лар мемлекеттік бағдарлама ар­қылы баспаналы болу жолын нұс­қаған. Ал ол «кім І топтағы мүге­декке несие береді?» деп отыр. Осындайда өңірлердегі За­ғиптар қоғамы еске түседі. Өйткені олардың жергілікті әкімдікпен қоян-қолтық жұмыс істейтіні бел­гілі. «Бірінші кезекте – баспана мә­селесі. Көпшілігі «мүмкіндігі шек­теулі азаматтар жәрдемақы алады, қосымша жұмыс істейді», – дейді. Алматы облысы бойынша мүм­кіндігі шектеулі жандардың 60%-ы пәтер жалдап тұрады. Зағиптардың дені жұмыспен қамтылып жатқан жоқ. Заңда «мүмкіндігі шектеулі жандардың 2-4%-ы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуі керек» делінген. Бірақ бұл заң жүзінде болғанмен, қатаң тексеру жүріп жатқан жоқ. Заң қуғандар ілініп-салынып көшке ілесіп жүр», – дей­ді Алматы облысына қарасты Зағиптар қоғамының төрағасы Аликен Әділбекұлы.

Ата-ана ойында күдік басым

Аудан мен облыстарда зағип­тарға арналған мектеп жайы – өзекті мәселе. Себебі өңірлердегі көру қабілеті нашар балалар аудан мен облыс орталықтарында білім алуға мәжбүр. Білім министрлігінің мәліметі бойынша, мұндай бала­ларға арналған 11 мектеп-интернат бар. Ауылдағы ата-ана мүгедек баласын өзге аймаққа оқуға жі­беруге қорқады. Бұған себеп те жоқ емес. Мәселен, Қарағандыдағы зағиптарға арналған мектеп-ин­тернат құрылысы 10 жылға созыл­ғаны есімізде. 2009 жылы құрылысы тоқтап, 6 жылдан соң аяқтау жұ­мысына 1 млрд 84 млн теңге бө­лінді. 2017 жылы ырду-дырдумен жүріп бой көтерген мектеп-ин­тернаттың 3 қабатынан кішкентай бүлдіршіннің құлап кеткені бар. Сайып келгенде, ішкі құрылыс зағип балалардың ыңғайына қарай икемделмеген. Ал 2019 жылы Н.Островский атындағы зағип және нашар көре­тін балаларға арналған мектеп-интер­наттан оқушы қашып кеткен еді. 1 аптадан соң табылған жеткін­шек өзіне қол жұмсамақ болғанын мойын­даған-ды. Әрі интернатта жәбір көріп, таяқ жейтін бала жетерлік екенін айтқан. Міне, осын­дай фактілерден кейін, ай­мақтарда тұратын ата-аналар бала­ларын қашықтағы мектеп-интер­натқа жібергісі келмейді. Мысалы, Маң­ғыстау облысында тұратын Жансерік Ерланұлы 12 жаста болғанымен, 4-сыныпта оқиды. Се­бебі ол алға­шында Есік қала­сындағы мектеп-интернатта оқы­ғанымен, кейіннен Ақтауға ауыс­қан. Сөйтіп, 1-сыныпты екі рет оқуға мәжбүр болған. «Маңғыстау облысында көзі нашар көретін балалар жетерлік. Ата-аналар Білім басқармасына арыз жазып, сынып ашып беруін өтіндік. Қазір баламыз дарынды балаларға арналған мектепте оқи­ды. Басқарма білім орда­сын­дағы 2-сыныпты жабдықтап берген. Бірақ Жансеріктің қатарластары 7-сы­ныпқа көшсе, балам 4-сынып­та оқиды. Басында Есікте оқып жүр­­ген. Үш күндік жол бар, оның үстіне зағип балаға күтім керек. Осы­­лайша, ұлымды Ақтауға әкел­дік. Онда да мектептің интернатына ор­наластырмай, туысқандардың үйінде тұрып оқыды»,– дейді Кам­шат Құдайбергенова.

1 смартфон – 4 бала

Камшат Құдай­бергенова – алты баланың анасы. Жансеріктен бөлек үш бала мектепке барады. Сондықтан қашықтан оқу кейіп­керімізді әбден қажытқан. Күйеуі жұмыста бол­ғандықтан, 1 смарт­фонға төрт бала таласады. Көп­балалы анаға әкімдік оқу жылының ба­сында планшет пен роутер береміз деп құлаққағыс жасаған. Кейіннен хабарлас­қанында құ­рылғы жетпей қалғанын, ІІ тоқ­санда беретіндерін мәлімдеген. Бірақ Жансеріктің анасы ІІ тоқ­санның бел ортасынан асып, төрт бала 1 смартфонға телміріп отыр­ғанын айтты. Бәлкім, әкімдік мүм­кіндігі шектеулі балаларға жаңа­жылдық тар­ту-таралғы жасар тұсты күтіп жүрген болар, кім біл­сін?.. Айтпақшы, Мадина Қанат­хан­қызы секілді маңғыстаулық от­­­басы да баспана кезегіне тұрған. Алты баласы бар отбасы әкімдік жағ­дайымызды түсінер деп ойла­ған. Алайда қайран болма­ғасын бауыр­лары үй сатып әперген. Әң­гіме ауаны баспана кезегіне кел­генде, «әкімдік баспана ал­ғаны­мызды біліп, кезектен шы­ғарып тас­таған шығар» деп миы­ғынан күл­ді. Ал қашықтан оқу жайына келгенде, Жансерік Ерлан­ұлының айтуынша, мектепте тү­сіндіру мен үйдегі оқу­дың арасы жер мен көк­тей. «Есік қаласында оқығанымда білім беруі ұнағанымен, жатақ­ха­насы көңілімнен шықпады. Ал Ақтауда екі-ақ сынып болғасын, жа­сымнан төмен сыныпта оқимын. Маған осы жағы қиын. Әрі брайль шрифтімен жазылған кітаптарды үйге оқуға бермейді. Арманым көп», – дейді Жансерік Ерланұлы.

Бәрі қағаз жүзінде ғана...

Осындайда бізді зағип бала­лардың мектептен кейінгі өмірі толғандырды. Олар қалай білімін жалғастырады? Кім болады? Мә­се­лен, инклюзивті білім беруді дамы­ту еліміздің барлық өңірінде жүзеге асып жатыр. Бір ғана елор­дада өт­кен жылы инклюзивті бі­ліммен қамту 80% болса, биыл көрсеткішті 100% жеткізу көз­делген. Әрине, мұндай білім беру дегенімізде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың барлық санаты қам­тылады. «Қазір Талдықорған қаласында инклюзивті білім беру бағдар­ламасы бойынша жастар білім алып жатыр. Дәлірек айтқанда, Тал­дықорған медицина кол­­лед­жінде «Массаж» мамандығын оқы­тады. Оны бітірген жастар Алматы облысы бойынша, Талдықорғанның өзінде, аудан емханаларында мас­­­саж жасап жүр. Жалпы, Алматы қаласында Спорт және туризм ака­демиясында «ЛФК» маман­дығында білім алуға болады. Мүм­кіндігі шектеулі жандар, соның ішінде көз жанарынан айырылған тұлғалар елімізде педагог, психолог, заңгер, массажист мамандығы бойынша білім алып жатыр», – дейді Алматы облысына қарасты Зағиптар қоға­мының төрағасы Аликен Әділ­бекұлы. Жалпы, бір ғана елордада 45 мек­тепке дейінгі ұйымда 300-ден астам баланы қамтитын инклюзивті білім беру тобы бар. Биыл көру қабілеті нашар балаларға арналған балабақша қолданысқа берілетіні сөз болған-ды. Ал ерекше білімді қажет ететін балалар үшін 15 ар­найы білім беру ұйымы жұмыс іс­тейді. Есеп бойынша, Нұр-Сұл­тан қаласында осындай мек­теп­терде 10 мыңнан аса бала оқи­ды. Демек, инклюзивті білім б­еру­дің аясын кеңейту қажет. Өйт­­кені қоғам­дастық төрағалары «Қашанғы 3-4 мамандықты ғана оқы­тамыз? Маман көп, жұмыс ре­сурсы аз» деген еді.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ