2021 жыл сайлау жылы болғалы тұр. 10 қаңтарда Мәжіліс пен жергілікті барлық мәслихат депутаттарының додасы өтетіні мәлім. Бұдан бөлек, қала, кент және ауыл әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылмақ. Бір қызығы, әкім сайлау келесі жылы екі рет өтеді екен. Осыны қарастыратын жаңа конституциялық заң жобасы әзір және қоғамдық талқыға ұсынылды.
Сайланғаны тағайындалғанының шылауында
Жалпы, ауыл әкімі бұрын да сайланған. Ондай эксперимент алғаш 2005 жылы пилоттық 4 ауданды қамтыды. Келесі жылы тәжірибе барлық облысқа таратылды. Айтпақшы, сонда қай қала мен ауылдың «әкім орынтағы» сайлауға тасталатынын анықтау құзыры облыс әкімдеріне берілді. Нәтижесінде, Ақтөбе, Атырау, БҚО, СҚО, Жамбыл, Қызылорда облыстары сайлауға бірде-бір қаласын «қимады». Сөйтіп, 2006 жылғы 20 қазанда сол кездегі 196 аудан мен облыстық маңыздағы қаланың 30%-ында «әкім-дода» ұйымдастырылған. Сайлау қорытындысында республикада 49 аудан орталығы мен 10 облыстық маңызы бар қаланың (Степногорск, Текелі, Риддер, Приозерск, Сәтпаев, Теміртау, Рудный, Жаңаөзен, Екібастұз және Арыс қалаларының) басшысы өзге әріптестерінен «сайланған» деген айқындауышымен дараланып шыға келді. Рас, одан басқа ерекшелігі жоқ-тын. Иелігінде жеке бюджеті болмаған соң сайланғаны да жоғары тұрған, тағайындалған әкімге қол жаюға мәжбүрленді. Тиісінше, соған тәуелділікке түсті, ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Ол кезде республикада бюджет тек 3 деңгейден ғана тұратын: біріншісі – республикалық бюджет. Екіншісі – облыстық бюджет, республикалық маңыздағы қалалардың бюджеті. Үшіншісі – аудандық және облыстық маңыздағы қалалар бюджеті. Ал ауыл-кент бюджеті деген болмайтын. Оларға тек Қаржы министрлігінің қазынашылығында ашылған және аудандық бюджет құрылымына жататын есепшот қана тиді. Мұндай жағдайда әкім сайлаудың көзбояушылық екені байқалды. Сондықтан заң қабылданып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан елімізде бюджеттің 4-ші деңгейі енгізіле бастады. Бұл деңгейге аудандық маңыздағы қала, ауыл, кент және ауылдық округтер кірді. Бюджеттің жаңа деңгейі алдымен екі жыл бұрын 2 мыңнан көп тұрғыны бар шаһарлар, ауыл-кенттерде пайда болды. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері бұл қатарға екі мыңнан да аз тұрғыны қалған шағын ауылдар қосылды. Олардың бәрінің енді төл бюджеті бар. Оны толтыруға да, шығындауға да жергілікті әкім жауапты. Соған қарамастан, сайланған әкімдер әлі күнге аудан және облыс әкімінің айдауынан шыға алмай жүр. Бұған ауыл бюджетінің аздығы, аудан бюджетінен дотацияланатыны, ауылдықтардың жоғары билік өкілдерінен ығатыны және басқа да факторлар себеп. Оның үстіне, жоғарыдағы әкім кез келген уақытта өзіне ұнамаған «сайланған әкімді» орнынан алып тастау өкілеттігіне ие. Негізі, әкімдердің жаппай сайлауы 2013 жылғы 5-9 тамыз аралығында дүркіреп өтті. Барлығы 7 миллион 632 мың қазақстандық тұратын аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың 2 454 әкімі 4 жылға сайланды. Әкім аламанына шамамен 7 мыңдай кандидат қатысты. Қазіргі кезде сол 2,5 мың сайланған әкімнің қаншасы орнында отырғанын білмек болдық. Алайда ондай статистика жүргізілмейтіні анықталды.Неге бұл «әкімдердің алғашқы сайлауы»?
Ұлттық экономика министрлігі алдағы әкім сайлаудың құқықтық тұғырын қалыптастыратын қос заң жобасын – «Сайлау туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңының, сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі. Олар бірнеше жаңалықтан тұрады. Біріншіден, тек аудандық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау ғана облыстық бюджет мойнында қалады. Ал ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiнiң сайлауын Орталық сайлау комиссиясы республикалық бюджет қаражатына өткізбек. «Ауыл-кент әкімдерінің сайлауы құпия дауыс беру тәсілімен тікелей сайлау құқығы негізінде өткізіледі. Яғни, ол Президент, Мәжіліс, мәслихат сайлауына ұқсас, ал бұлар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Осыны ескере отырып, біз сайлау өткізудің осы жолға қойылған, ұтымды жұмыс істеп тұрған тетігін пайдалануымыз қажет және бұл сайлауды Ортсайлауком арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландыруымыз керек деп есептейміз», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Екіншіден, заң жобасында көрсетілгендей, тек ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiн ғана жергілікті тұрғындар тікелей сайлап ала алады. Ал аудан және аудандық маңыздағы қалалардың әкімдерін сайлаудың сапырылысында тұрғындар «ат терлете» алмайды: олардың орнына таңдауды «таңдаушылар» (выборщики) жүзеге асырады. Бұл мәртебе мәслихат депутаттарына берілген: 2021 жылғы 10 қаңтарда сайланатын мәслихаттар келесі жылы қалалар әкімдерін сайлайтын болады. Билік бұған маслихаттардың бедел-қарымын көтеру үшін барып отыр. Әділін айтайық, жаңа заң жобасының бір жаңалығы да осында: бұған дейінгі сайлаулардың бәрінде, яғни аудан, қала, ауыл, кент әкімдерінің бәрін тек мәслихат депутаттары сайлайтын, былайғы жұрт алыстан бақылап, не болып жатқанынан бейхабар қалатын. Ал келесі жылы жанама сайлау орнына, тікелей сайлау енгізіледі: барлық ауылдық өз әкімін өзі сайлап алу үшін дауыс беруге ағылмақ. Билік өкілдерінің және ақпарат құралдарының «Қазақстан тарихындағы тұңғыш әкім сайлауы» деп дәріптеуі де осыдан. Әйтпесе, әкімдерді сайлау 2005 жылдан бері жүріп жатқанын айттық. Үшіншіден, аудан әкiмiне ауыл, кент, ауылдық округтің сайланған әкімінің өкілеттігін тоқтату құзыры беріледі. Бірақ сондай шешім қабылдамас бұрын аудан әкімі ауыл-кент тұрғындарын жинап, жергілікті қоғамдастық жиынының келісімін алуы тиіс. Сонымен қатар сайланған әкімді орнынан алып тастау туралы бастаманы жергілікті тұрғындар да көтеріп, аудан әкіміне ұсыныспен шыға алады. Ал қаланың сайланған әкімін аудан әкімі өз бетінше қызметінен қуа алмайды: ол ниетін жүзеге асырғысы келсе, жергілікті қауымдастықтың ғана емес, сондай-ақ облыс әкімінің келісімін алуы шарт.Әкім болғың келсе, 2,5 миллион теңге жина
Төртіншіден, үш мегаполистің, сондай-ақ облыс орталығы саналатын қалалардың әкімдері сайланбайды. Олардың кандидатурасын Президент бекітеді. Бесіншіден, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер әкімінің орынтағына жасы 25-ке толған азаматтар таласа алады. Дегенмен мұнда да шектеу бар. Қала әкімінің сайлауына кандидаттарды аудан әкімі ғана ұсынады. Үміткерлер саны екеу не одан көп болуы міндетті. Аудан әкімі ол кандидатураларға жергілікті қауымдастық жиынының келісімін алуы тиіс. Ала алмаса, ұсына алмайды. Яғни, қала әкімінің кім болатынына тұрғындардың ықпал етуіне бәрібір мүмкіндік болады. Жаңа заң жобасының бір жаңалығы да осы: қолданыстағы тәжірибе бойынша тек қаланың ғана емес, сонымен қатар ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі лауазымына кандидаттарды тек аудан әкімі ұсынатын. Салдарынан өзін-өзі ұсынушылар жіберілмейтін. Енді ауыл-кент бұл шектеуден құтылмақ. Ауыл-кент әкімінің кандидатурасын саяси партиялар да ұсына алады. Үміткер ауыл-кенттегі дауыс беру құқығы бар тұрғындардың кем дегенде 1%-ының қолын жинап, тапсыруы керек. Алтыншыдан, кандидаттың сайлау қорының жалпы сомасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 50 есе көлемінен аспауы тиіс. Келесі жылға ЕТЖ 42 500 теңге көлемінде бекітілді. Ендеше ауыл әкімдігіне басшылық етуден үміткерлер сайлау науқанына 2 миллион 125 мың теңгеден артық шығындай алмайды. Бұл сомаға оның төл қаражаты және өзгеден жинаған қайырымдылық қаржылары кіреді. Мұндай лимит болмаса, бай кандидаттар қаржыны аяусыз шашып, кедейлеу, бірақ лайықты бәсекелестеріне еш мүмкіндік қалдырмас еді. Жетіншіден, әкім-дода 1 жылда 2 мәрте ұйымдастырылады. «Ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің кезекті және кезектен тыс сайлауы жылына екі рет, сәйкесінше тиісті жылдың сәуірінің бірінші жексенбісі мен қазан айының бірінші жексенбісінде өткізіледі. Ол Қазақстан Президентінің сайлауымен немесе Парламенттің жаңадан құрылуымен сәйкес келмеуі керек», – делінген заң жобасында. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін өткізіледі. Әкімнің сұрауымен бұл уақыт өзгеруі мүмкін. Бірақ сайлау учаскелерін таңғы 06.00-ден ерте ашуға және 22.00-ден кеш жабуға тыйым салынған. Яғни, қажеттілік туындаса дауыс беру мерзімін осы аралықта жылжытуы ықтимал. Әкімдерді сайлау – демократияны нығайту, жергілікті халықтың билікті бақылаудағы рөлін және ықпалын арттыру, сондай-ақ дамыған елге айналу жолындағы маңызды қадам. Парламент пен ел Үкіметі Елбасы бастаған реформалар аясында жергілікті бюджеттер табысын арттыратын әрі орталық бюджетке тәуелдігін азайтатын заңдар қабылдауда. Мысалы, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы енді орталық бюджетке алып қойылмайды, жергілікті бюджет еншісінде қалады. Тиісінше, қай ауылда бизнес гүлденсе, кәсіпорындар өндірісінің көрігі қызса, сол ауыл бай болады. Өз ісіне мығым, кәсіпкерлікті гүлдентудің мәнісін білетін ауыл әкімі елді мекен қажеттілігінен асып түсетін түсім жинап, миллиардер ауылға айналдырып, орталыққа алақан жаймайтын күйге жетуі де ғажап емес. Саясаттанушылар ауыл-қала әкімін сайлау рушылдық пен ұлтшылдықты қоздыратынын айтады. Мысалы, ірі этнос өкілдері шоғырланған елді мекендерде қазақ кандидат жеңіске жете алмауы әбден мүмкін. Бірақ жеңген кандидаттың сепаратизм секілді қауіпті әрекетке бой ұрмауын билік қадағалайды. Мысалы, әр үміткердің сайлау бағдарламасына қатысты шектеулер қарастырылған, әлеуметтік, ұлттық араздықты қоздыруына жол берілмейді. Бұған қоса, заң жобасында сайланған әкімге де мемлекеттік қызметшіге белгіленген талаптар қойылатыны жазылған. Яғни, мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтіндіктен, олар құзырлы құрылымдардың тексеруі мен сүзгісінен өтеді. Қалай болғанда да, алдағы жылы ауыл халқын біраз қызық күтіп тұрғандай. Әкімді тікелей сайлауға қатысты айтылып келген ұзақ жылғы үрей мен үміттің шындыққа айналар-айналмасы да сонда айқындалмақ.Айхан ШӘРІП