Кесілген ағаштың құны қанша?
Кесілген ағаштың құны қанша?
641
оқылды

Алматының қақ ортасында көше бойлай өскен көлеңкелі ағаш­тарды отаған кәсіпкердің әре­кеті ауыр қылмыс деп та­нылды. Бұ­ған дейін аз мөлшерде айыппұл салынса, енді Қызыл кітапқа кірген өсімдіктерді кес­кені үшін істің ба­ғыты түбегейлі өзгерді. Айыптылар 7 жылға де­йін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Соған қарамас­тан, кейбір сарапшылар қол­даныстағы заң­ды қатайту қажет деп санайды. Өйткені әлем­дік тә­жірибеде әртүрлі мы­сал бар.

Құқық қорғау қызметкерлерінің сөзінше, бастапқыда қылмыстық іс бірыңғай тізілімде Қылмыстық кодекстің 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу) бойынша ашылған. Бірақ істі кейіннен ҚК 339-бабына (сирек кездесетін және  құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлерін заңсыз жою) ауыстырған. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал Sulpak дүкенінің халықтан кешірім сұрайтын ойы жоқ екен. «Біз шағым түскен соң оқиға орнына бардық. Екі бірдей кәсіпкерге айыппұл салынды. Sulpak басшысы тұрғындардан кешірім сұраудан бас тартты. Өтемақысын күтпей, Әуезов көшесінен Жароков көшесіне дейін ағаш егеміз», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская. Әлеуметтік желіні желдетіп, ха­лық­тың зығырданын қайнатқан ағаш дауына Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударған. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев істі өз бақылауына ал­ған. Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрі Мағзұм Мырза­ғалиев елімізде жаңа экокодекс қабылданғанын, 2 млрд-тан ас­там ағаш егу жоспарланғанын, биыл Мемлекет басшысының тапсыр­масымен заңға өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Бұдан былай 1 ағаш кескен азамат орнына 10 ағаш егуге міндетті. Айыппұл көлемі 2 есе артты. Алайда бірқатар мамандардың пікірінше, одан браконьерлер айы­лын жыймайды. Атышулы іске қыл­мыстық сипат бе­рілмей тұрғанда таны­мал адвокат Джохар Өтебеков қол­даныстағы заң­ды тым жеңіл деп сынаған еді. «Қазақстанда заңсыз ағаш отау неге сонша оңай? Кесілген еменнің өтемақысы қанша екенін білесіз бе? 6 айлық есептік көрсеткіш! Бұл – 16,5 мың теңге. Рұқсат етілмеген жерге кө­лік қойғанмен бірдей айыппұл. Тағы қайталаймын: 1 емен = 40 доллар. Ол 70 жыл бойы 40 долларға дейін өсіпті. Мына түрімен Sulpak-тың бүтін бір емен тоғайын шауып тастауға жағ­дайы жетеді», – дейді заңгер. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 381-бабына сәй­кес, жасыл желекті кескені үшін айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға 26 510 теңгеден басталып, ірі кәсіп­орындарға миллион теңгеден асып жығылады. Яғни, авдокаттың дерегі күмәнді. Енді шетел тәжірибесіне көз жүгіртейік. Дамыған әлем әрбір ағашын нөмірлейді. Мысалы, Германияда бір ағашты кесудің өзі – ұзаққа созылатын бюрократиялық процесс. Заңды белден басқандар 25 мыңнан 50 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Ағаштың көлемін жергілікті билік өзі айқындайды. Берлинде жуандығы 80 сантиметр және биіктігі 1,3 метр ағаштар ерекше қорғалады. Немістер 1 наурыздан 30 қыркүйекке дейін ағаш отауға қатаң тыйым салады. Әйтпесе, ұя басатын құстардың мазасы қашады екен. Әркім өз ағашын күтіп-баптап, суарып, емдеуі тиіс. АҚШ-тың Атланта штатында диаметрі 15 сантиметрден жі­ңіш­ке ағаштың өзі 1 мың доллар­ға бағаланады. Тіпті, онда жекеменшік­ке тиесілі ағаштардың тағдыры да заңмен реттеледі. Алда-жалда сау ағаштардың көзін жою керек болса, мәселе тек қоғамдық тыңдау арқылы шешіледі. Канаданың Торонто қаласында айыппұл 75 мың долларға дейін барады. Нью-Йоркте ағашты қаса­қана қиғандар 15 мың долларға дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады немесе 1 жылға сотталады. Дубай билігі көшедегі гүлдерді жұлғаны үшін 150 доллардан 300 долларға дейін, ағаш кескені үшін 13 мың долларға дейін айыппұл өндіріп алады. Вена қаласы ағаштарды қорғау туралы арнайы құжатқа сүйенеді. 20-дан астам ағашты себепсіз отағандарға 1 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Жалпы, үлкен бір ағаш бір жыл­да 10 адам тұтынатын оттегі бө­ліп шығарады. 1 гектар бақ немесе тоғай бір күнде 220-280 келі кар­бонат ангидрид жұтады да, ауаны тазартады. Жасыл желек қаланы 2-8 градусқа дейін салқындатады. Ғимарат маңында өсетін ағаштар кондиционер қолдану көлемін 30 пайыз қысқартады. АҚШ-тың Орман қызметі жүргізген зерттеуге сенсек, ағаш егуге жұмсалған 1 дол­лар кем дегенде 2,7 доллар пайда әкеледі. Осыған ұқсас зерттеуді Ұлы­британия ғалымдары да жасаған. Ағылшындардың есебінше, ағаш отырғызуға бөлінген 1 фунт стерлинг денсаулық сақтау саласының шығын­дарын 7 фунт стерлингке дейін үнем­дейді. Әрине, қала – орман емес, жа­санды тіршілік ортасы. Сондықтан ағаштардың көлемін қадағалап оты­ру қажет. Әсіресе, жауын-шашын тү­сіп, дауыл соққан сәтте теректер тең­селіп, қарағаштың бұтақтары құлап жатады. Адам өміріне қауіп төндіретін қартайған ағаштарды дер кезінде кесу керек. Осыған орай, Алматыда жасыл желекті күту мен қорғау ережесі бекітілген. Ережеде: ағаш­ты санитария мақсатында ке­суге Алматы әкімдігінің келісімін алу; құлағалы тұрған ағаш кесілген жағ­дайда бір талдың орнына бір тал, құрылыс жұмыстарына байланысты болса, 1 тал орнына 10 тал, заңсыз кескен жағдайда бір тал орнына 100 тал егу; ерте көктемде, көктем-жаз, жаз, көктем-күз мезгілдерінде ең кемі төрт жасыл желекті сауықтыру, зиян­кестер мен аурулардан қорғау ша­расын жүргізу сияқты норма жазылған.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ