Еліміздің Алматы, Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалаларында қоқыстан энергия өндіретін зауыт салынатын болды. Жоба сәтті жүзеге асса, зауыт құрылысы басқа қалаларда да басталады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қалдықтарды өңдеу деңгейін арттыру үшін заңнамалық деңгейде Waste to energy технологиясы енгізілетінін айтты. Бұл технология бойынша қоқысты жағу арқылы электр энергиясы өндіріледі, сосын ол жалпы электр желісіне сатылады. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойған. «Осы технологияның арқасында біз 2025 жылға қарай қоқысты қайта өңдеу деңгейін 30 пайызға, яғни орта еуропалық деңгейге жеткіземіз», – деді ведомство басшысы. Ауқымды жобаны іске асыру үшін де қомақты қаражат керек. Бұл үшін кемінде 200 миллиард теңге жеке инвестиция тарту қажет. Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, бүгінде өңірлерде қатты тұрмыстық қалдық орналастырылатын 3,5 мың нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 620-сы ғана талапқа сай келеді. Ол Экология министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсатсыз қоқыс төгілген жерлердің бәрін жабу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды және ресурсы сарқылған полигондарды жауып, қайта қопсыту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын елімізде шамамен 5 миллион тонна қалдық пайда болады. Олардың 15 пайызы қайта өңделеді. Қазір осы міндетті іске асыру үшін бүкіл әлемде қоқыс жағатын кешендер жұмыс істейді. Бұл – қалдықтарды көму көлемін азайтудың тиімді тетігі. Осы күнге дейін еліміздегі зауыттар қоқысты тек сұрыптап, қайта өңдесе, жаңа зауыттар өңдеуден қалған қалдықтарды өртеп, одан энергия алады. Мұндай тәсіл еліміздегі полигондардың саны мен алаңын қысқартып қана қоймай, қоқысты жағудан экологиялық және экономикалық нәтиже алуға мүмкіндік береді. Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтар көп. Былтырдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салынды. Бірақ жерлестеріміздің қалдықтарды сұрыптап тастап жатқанын ілуде бір байқайсың. Табиғат жанашырларының түсінігінше, әрбір тұрғын үйден қоқыс екі пакетпен шығуы керек. Оның біріне азық-түлік қалдықтарын, екіншісіне әйнек, пластик және қағазды салып шығуға тиіс. Мұндай жоғары мәдениет қалыптасу үшін біраз уақыт керегін де аңғарасың. Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан және өзге де бірқатар қалада қайта өңделетін шикізатқа арналған жасыл контейнерлер мен пластикке арналған торлар қойылып жатыр. Осы жақсы үрдісті әрі қарай іліп алып кетуге не кедергі? Жыл сайын әрбір қазақстандық орта есеппен 250-360 келі тұрмыстық қалдық тастайды екен. Табиғат жанашырлары қоқыс тастауды ең алдымен үй қалдықтарын сұрыптаудан бастау керегін айтады. Түрлі контейнер қойып, оларға қоқыстың дұрыс тасталуын қадағалап, адамдарды бірте-бірте соған үйрету керек. Ол үшін тиісті заңнамада қатты тұрмыстық қалдықты көму ғана емес, сұрыптаусыз бір контейнерге лақтыруға тыйым салынатыны нақты жазылуы керек. Сонда ғана тұрғындардың осы талапты орындауын қадағалауға болады. Заңның орындалуын бақылау қажет, тәртіпбұзушылық болған жағдайда айыппұл салынуы тиіс. Алматыда мұндай тәжірибе бар. Бірқатар университет пен ұйым қоқысты сұрыптап жинауды бастады. Мемлекетке қарайламай, пластик, қағаз және әйнекті қабылдау орындарына өткізеді. Тауар жиналғанда компаниялар келіп, қайта өңделетін шикізатты өздері алып кетеді. Бірақ әзірге оның бәрі жеке бастама деңгейінде қолға алынды, мемлекет міндеттеген жоқ. Мысалы, пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болады екен. Демек, бір пластиктің өзінен жеті рет табыс таба аласың. Мұндай ұқыптылық экономиканың да бойына қан жүгіртері сөзсіз. Бірақ біз сол үдеден шыға аламыз ба? Мәселе сонда. Алдымызда 2030 жылға дейінгі даму бағдарламамыз бар. Үкімет сол кезге дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуі тиіс. Тиісті министрлік бұл межеге тіпті көрсетілген мерзімнен сәл бұрынырақ жетуді көздеп отыр. Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігінің деректеріне қарағанда, бүгінде елімізде 200-ден астам қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорын бар. Олардың күшімен биыл қоқысты өңдеу көрсеткіші 15 пайызға жеткізілді. KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының төрағасы Шынболат Байқұловтың айтуынша, істің нәтижелі болуы үшін өңделетін қоқыс тоннасы үшін бекітілген тариф те басқаша есептелуі тиіс. Дамыған елдерде тарифтен түскен қаржының 45-50 пайызын өңдеуші кәсіпорындар, 40 пайызын қалдықтарды тасымалдаушылар, 10 пайызын полигондар алады. Біздің елде 65 пайызы тасымалдаушыға, яғни қоқысты шығарушы кәсіпорындарға тиесілі. Тек 17 пайызын оны өңдеуші кәсіпорындардың, 18 пайызы полигонның еншісінде. Ал полигонда қоқыс тек сақталады, рекультвациялау ісі де өте төмен. Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты бекітілген тариф 84-553 теңге аралығында. Жоғары көрсеткіш Алматы (553 теңге) мен Нұр-Сұлтан (390 теңге) қалаларында. Ал ең төменгі тариф Таразда – 84 теңге. Өзге қалаларда 100-300 теңге аралығында. Осындайда ескерілетін тағы бір жайт, елімізде қоқыс полигондарының 15 пайызы ғана заңдастырылған. Демек, қалған қоқыс полигондары қараусыз, ескерусіз жатыр деген сөз. Шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, дамыған елдердің түсінігі бойынша қоқыс қалдықтары өлшеусіз байлық көзі. Мысалы, Швейцарияда қоқыс полигоны жоқ. Мұнда қалдықтардың 99 пайызы өңделеді. Германияда тұрмыс қалдықтарының 68 пайызын өңдеп, кәдеге жаратады екен. Одан жыл сайын 50 миллиард еуро көлеміндегі табыс табады. Жерасты қазба байлығымен бюджетін толтырып отырған біз үшін, әрине бұл өте таңсық дүние. Дегенмен жыл сайын қара алтынның азайып келе жатқанын ескерсек, біз де қоқыстан қаражат табудың көзін қазірден қарастыра бергеніміз жөн.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ