«Қабағы қатулы, сәлемi сатулы» деген осы шығар?
– Мен сiздi не үшiн шақырдым, бiлесiз бе,-дедi облыс әкiмi бас полицейге
– Мақтайын деп...
– Жоқ.
– Жаман жұмыс iстеп жатқан жоқпыз. Облыс бойынша 1230 ауыр қылмыс жасалып, оның 1229-ы қысқартылды. Былтырдан берi 1500 адам өлiп, оның 500-i тiрiлiп кеттi. 300 адам ендi өлейiн деп жатыр. Алты айда алпыс қатын зорланып, жетпiс кемпiр зорланып қала жаздап, елу бес қыз гүлдерiнен айырылып...
– Гүл-пүлiңiздi қоя тұрыңыз! Мен сiздi не үшiн шақырдым?
– Мыжеке, сiз облыс әкiмi болып келгелi жаман атты болып көрген жоқпын. Министрлiктен алғыс хатым да бар. Алты айда алты тонна героин тәркiлендi. Оның бес тоннасын ұрлатып алдық. Төрт тоннасын тауып алдық. Үш тоннасын өртейiн деп жатқанда, екi тоннасы кем болып шықты. Бiр тоннасының қайда кеткенi белгiсiз. Бiздiң жiгiттер жұмыс iстеп жатыр. Алты айда...
– Тұра тұрыңыз. Сiздi не үшiн шақырғанымды есiме түсiрейiн. Алты айда, аты айда деп миымды атала етiп жiбердiңiз ғой. Сiздiң салаңыздағы министр менiң жан досым. Генералмын дейсiз, шенiңiздi офицерге түсiрiп жiберейiн бе? Не үшiн шақырдым сiздi?
– Мен қайдан бiлейiн?
– Бiлесiз. Бiлiп тұрсыз! Ал, менiң есiмнен шығып кеттi. Мың сан жұмыс.
– Алты айда пәтер тонаушылар саны күрт азайды. Пәтер иелерi ұры-қарыларды үйлерiне кiргiзбей отыр. Бәрiнде темiр есiк. Терезелерi торланған! “Бiз аштан өлемiз бе?“ деп дiрдектеген екi ұры кабинетiме келiп тұр. Айқайлап қуып шықтым. “Бiзге жоспар керек, давай ұрлық жасаңдар!“ дедiм. Жалпы, алты айда 800 пәтер тоналды. Былтыр 801 едi. Демек ұрлық азайды. Алты айда алаяқтар...
–Мен сiздi не үшiн шақырғанымды есiме түсiрген сияқтымын.
– Не үшiн шақырған екенсiз?-деп сұрады облыстық iшкi iстер басқармасының бастығы.
– Бiлмеймiн.
– Жаңа ғана есiме түстi деген едiңiз.
– Жоға, шақырғаным есiме түстi ғой. Бiрақ, не үшiн? Мәселе осында!
– Бiз алты айда алты қауiптi қылмыскерлермен атыстық. Осы қақтығыста бiр камаз патрон жұмсадық. Екi қапшық граната жардық. Отыз екi пышақ лақтырдық. Нәтижесiнде алты қылмыскердiң бесеуi тiрi қалып, бiреуi сеспей қатты. Бiз оны өлген соң тұтқындап, қолына кiсен салдық. Бiздiң жiгiттердiң небәры жетпiсi ғана қырылып қалды. Негiзiнен полицейлердi садақпен қаруландырғым келедi. Патрон шығын болмайды. Қауiптi қылмыскер қатар тұрса, бiр оқпен тыз-з еткiзiп атып алуға өте қолайлы. Жебенiң ұшына тұз, ащы дәрi, уксус сеуiп қойып атса, жүдә жақсы.
– Мұның бәрiн неге айтып тұрсыз? Мен сiздi не үшiн шақырғанымды ендi есiме түсiрiп, сiздiң жiгiттердiң өте нашар жұмыс iстейтiнiне қапаланып отырмын.
– Неге?
– Неге дейдi ғой. Сiзде, сiздiң полиция қызметкерлерiнде ар-ұят жоқ. Обшым адам емессiздер.
– Бiздегінiң бәрi адамнан аумайды.
– Доғарыңыз! Обшым полиция емессiңдер, Тағы да қайталаймын, сiздер бар ғой, общым адам емессiздер!
«Обшым адам емессіңдер!» демекші, полицей біткеннің бәрі бөнене емес, дегенмен, араларында айды аспанға шығарғысы келетіндер де жоқ емес. Қай бір жылдары Батыс Қазақстан облысында броконьерлермен күресуі тиісті полицейлердің өздері киік аулап, істі болып, түрмеге тоғытылған болатын.
Енді мына қызықты, қызық емес ау, шыжықты қараңыз: Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен полковник Бауыржан Селтанов Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы болып топ ете қалған еді. Түркістан облысының Абай ауылында 7 жастағы бала зорланғанда, көпшіліктің ауыздарынан көбік емес, кәдімгі өксік шығып жүрген еді. Өйткені, Б.Селтанов ол кезде ОҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы болатын. Сөйтсек, зорланған бала оқыған №74 мектептің директоры Б.Селтановтың жеңгесі, ал балаға сараптама жасаған дәрігер оның ағасы екені анықталғанда, аспандағы айдың өзі ұялып, бұлттың арасына жасырынып қалғандай болды. Зорлық көрген бала әжесі екеуі Алматыға тәуелсіз сараптамадан өтуге бара жатқанда, ІІД қызметкерлері оларды шпион көргендей, пойыздан түсіріп алғаны, бұл Б.Селтановтың тікелей бұйраланған бұйрығымен жасалынғаны рас еді. Тіпті, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты, Б.Селтановтың әкесі Сапарәлі Селтанов балалары мен келінін тонының етегіне жасырып, қанша қорғаштағанымен, босқа терледі. Осы атышулы оқиғадан соң Бауыржан Селтановқа қара бұлт үйіріліп, ішкені ірің, жегені желім болды, керек десеңіз, үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1-бөлігімен «билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен, күштінің арты диірмен тартады демекші, бұл қылмыстық іс айраннан, шалапқа айналып, ақыры тоқтап, Б.Селтанов Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалғанда, талайлар түкірігін жұтты.. Лауазымын пайдаланғаны үшін алған «жазасы» жаға ұстатты.. Көре- көре көсем боласың демекші, Селтанов Түркістан қалалық Полиция департаментіне бастық болып тағайындалғанда да, тіліміз таңдайымызға жабысып қалды. Не деген құдыретті күш? Не деген сиқыр еді бұл?.Ал, сірнеленген сөздерге сенсек, Б.Селтанов Түркістан қалалық ПД басшысы болып келгелі бері қол астындағы қызметкерлерінің парамен ұсталуы «балалап кеткен.». Дәлел керек болса, биылғы жылы 2 сәуірде полиция лейтенанты А.Әуезов 10 мың теңге парамен ұсталып, масқарасы шықты.. 12 мамырда аға лейтенант Б.Байкенжеев 150 мың теңге пара алып жатқан жерінде қолға түсіп, тілінен тікенек шықты... Айтпақшы, тағы бір лейтенант Д.Жақыпбектің 500 мың теңге парамен ұсталғаны ұят болды. Аға лейтенант Н.Абдрашовтің 30 мың теңге парамен істі болғанын Құдайдан қалай жасырамыз?. Байқасаңыз, парамен ұсталғандардың бәрі – шені төмен офицерлер. Түркістан облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының 2020 жылдың 7 айында жасалған жұмыстың қорытындысы туралы шолуы шашыңды тік тұрғызып, қайтадан жалп еткізеді.. Мәселен,, Түркістан қалалық ПД КПБ жедел уәкілі Б.Таджибаев айран емес, ағарған емес, ішімдік ішіп алып, рөлге отырған. Тағы бір қызметкер «теріс қылығы» үшін жұмыстан қуылды. Ол қандай «теріс қылық» екені, қызметкердің аты-жөні шолуда айтылмады, себебі ол ұялып жүр екен, өзін -өзі жаман шапалақтапты.....«Жас мамандар мен тәлімгерлердің ұйымдастыру жұмыстарының сапасы төмендеп кеткені» үшін Түркістан қалалық ПД ТБ тергеушісі Н.Сатыпалды ішкі істер органдары қатарынан босатылған. Облыс бойынша қызметтік тәртіп бұзушылық жөнінен ең көп тәртіптік жазаға тартылған Түркістан қалалық ПД қызметкерлері екені айдай әлемге белгілі болды – 137 адам. Осындай жағдайға жеткізген, ұстінен қылмыстық іс қозғалған Бауыржан Селтановты қазіргі «бас полицей» Ерлан Тұрғымбаевтың неліктен жарылқай қалғаны «қытығыңды» келтіреді екен. Күлеміз бе, қайтеміз? Қытық, қытық!