Кенжеміз Нұрдәулет арнаулы оқу орынын бітіретін болды. Алақайлап қуандық. Қуанбағанда ше, табақтай диплом алып шықпақшы. Қазір екінің бірі алып жатқан диплом ғой дегенмен, жаңа көйлектің де үш-төрт күндік желігі болады емес пе, Нұрдәулет кәдімгідей желпініп қалды.
Алайда, әлектің барлығы алда екенін біз пақырыңыз қайдан білейік. Ол бітіргелі жатқан колледждің басшылары «жұмысқа қабылдайтын болдық» деген алақандай анықтама алып келіңдер деп әр түлекке тиянақтап тапсырма беріпті. Онсыз дипломды қолына ұстатпайды екен. Ал, содан сабылайық келіп. Анықтама алатын мекеме табылсашы. «Таныс еді» деп анаған бардық, «жекжат еді» деп мынаған бардық. Барғанымызды қайтейік, тауымыз шағылып, маңдайымыз тасқа тиіп, жаралы жануардай ыңыршығымыз айналып, шойнаңдап қайттық.
Бәленің барлығы алақандай анықтамада көрінеді. Колледж басшылығы сол анықтаманы арнайы журналына тіркеп қояды екен. Арнаулы оқу бітіргендердің барлығы таныс-білістерін жағалап, ағалап жүріп осындай жалған анықтама жинайды. Бұл арнаулы оқу орыны үшін таптырмас табыс. Енді кім үш-төрт жыл оқып келіп, диплом алуға келгенде кері шегінеді. Амалдың жоғынан таныс-тамыр іздеп шапқылайды. Анықтама қолға тиді дегенше дипломды болып шыға келесің. Міне, саған көрсеткіш! Міне, саған жетістік! Ал, колледж ұжымы «пәлен бітірушіні тұрақты да табысты жұмысқа орналастырдық» деп жоғарыдағы басшыларына мәлімет тапсырады.
Іздеген табады, қуған жетеді. Біз де сабылып жүрып, жабылып жүріп жалған анықтама таптық. Таптық та колледж басшыларының ауыздарын жаптық.
Диплом қолға тиген соң не болды деп сұрағалы отырсыз ғой. Бұ жұмыс табу дегеніңіз анықтама алудан да азап екен. Екі жыл сандалдық десек сенбессіз. Үміті таусылған көзіміздің нұры-баламыз амалдың жоқтығынан әскери борышын өтеп келуге аттанып кетті. Несі бар, тым құрығанда бір жыл болса да жұмыс іздеп табанынан таусылғанын ұмытып, жүйкесі қалпына келер. Жүйкесі жүнжімеген жан бәріне төзімді келеді деседі ғой. Төзімді ұл тәрбиелеу де бір ерлік!
Осылай деп өзімізді-өзіміз жұбатып отырмыз. Бір жыл дегенін әне-міне дегенше зырлап өте шығады. Баламыз әскерден оралған соң қайтпекпіз? Жә, таусылмайын. «Арнайы оқу орынының дипломымен алысқа ұзай алмайсың. Енді жоғары оқу орынында біліміңді жетілдір» десем қатып кетпейді ме?
Қатып кетпейді екен. Көршімнің ұлы университет бітіргелі отыр. Оған да біздікі тәрізді анықтама әкел деп тығыз тапсырма берген көрінеді.
Айналайын, анықтама, алжастырып бітпесең болғаны да...