Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов латын әліпбиіне қатысты пікірін айтты.
«Қазақпараттың» жазуынша, жаңа әліпбиге көшу қоғамда қызу талқыланып жатыр. «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбындағы республикалық конференцияның ашылу салтанатында вице-министр латын әліпбиінің жайын айтты.
«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жарияланып, қарқынды жұмыстар жүргізілген болатын. Өздеріңізге белгілі, сол уақыттан бері латын графикасына көшіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Үкімет жанынан Ұлттық комиссия, тиісті ведомстволардың жанынан олардың жұмыс топтары құрылып, жаңа әліпби мен емле ережелері зерделенуде. Жаңа әліпбиге көшу мәселесінің жалпы жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсуі де мәселенің өзектілігін айқындап отыр», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, конференцияда мәселені талқылауға мүмкіндік береді.
«Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы 21 қарашада қолданыстағы латын графикасындағы әліпбиді жетілдірудің қажеттігі жөніндегі тапсырмасын естеріңізге сала кеткім келеді. Бүгінгі шара барысында да осы тапсырмаларды басшылыққа алып, жұмыс жүргізулеріңізді сұраймыз. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесінде осындай алқалы мәжілістердің өтуі заңды және бұл тұрғыда сіздерден министрлік тарапынан үлкен өтінішпен сұралатын мәселе үлкен ақиқатпен қарауымыз керек», – деді вице-министр.
Жиында сондай-ақ, жаңа әліпбиге қатысты мәселелер жан-жақты талқыланатынын атап өтті. Жекелеген азаматтардың жаңа әліпбиге қатысты өз нұсқасын ұсынуына байланысты да пікірін білдірді.
«Біз үлкен тарихи кезеңде тұрмыз. Тіліміздің, ұлтымыздың тарихи кезеңінде тұрғаннан кейін бұл мәселеге осы елдің азаматы ретінде үлкен жауапкершілікен қарауымыз керек. Әрбір ұсынылған жаңа әліпбиге ғалымдар тарапынан нақты, айқын, шынайы баға берілген жағдайда болашағымыздың жарқын болатындығына толық сенемін. Кейбір БАҚ-та жекелеген әліпби құрастырған азаматтар: «Менің әліпбиімді қолдады, бекітеді» дегенді айтып жатыр. Бұл – қате пікір. Бізге латын әліпбиіне көшуге байланысты қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөлінеді», – деді Нұрғиса Дәуешов.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Айқын» газетінде «Латынның соңғы нұсқасы, не болады қысқасы?» деп жазған болатынбыз.