«Зор Рух» қайырымдылық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Отбасы институты» жобасы аясында жоғары оқу орындарының студенттері үшін ZOOM платформасында отбасын құру, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша онлайн дәрістер мен онлайн семинар-тренингтер ұйымдастырды.
«Менің болашақ отбасым», «репродуктивті денсаулық», «экономика және отбасылық бюджет» тақырыптарында дәрістер мен семинарларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отбасылық құндылықтарды зерттеу орталығының директоры, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Кабакова Майра өткізді.
Онлайн семинар-тренингте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, «Тұран» университеті, «Қайнар» Академиясы, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы, С.Ж. Асфендияров атындағы медицина университеті, «Нархоз» университеті, Еуразиялық технологиялық университеттерінен 500-ден астам студент қатысты.
– Отбасылық өмір – бұл үлкен шығармашылық жоба! Егер осы маңызды жоба шеңберіндегі қызмет пен қарым-қатынас ләззат сыйласа, қуаныш сыйласа, онда сіз бақытты адамсыз, – деп есептейді Алматы қаласының жастар мен отбасын тұрақты дамыту бөлімінің басшысы Орынбасар Құдайбергенов.