Даму банкі дамыта алмаған жоба
Семей тері-былғары комбинатының бағы ашылмай жүргеніне он жылдан асып кетті. Бәрі де Қазақстан даму банкінен алынған займнан басталыпты. Мәселенің мән-жайын білу үшін комбинаттың меншік иесі әрі бас директоры Жұмағазы Рахымғалиевті сөзге тарттық.
– Банкрот деп танылған мекеме әдетте металлоломға сатылады. Ал біздің зауытты қалайша темір-терсек ретінде сатуға болады? Себебі зауыт жұмыс істеп тұр, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Біз 2008 жылы Қазақстан Даму банкінен зауытты жаңғырту мақсатында 3,3 млрд теңге займ алдық. Шарт бойынша зауытты екі жылда жаңғыртып, іске қосып, 12 жылда қарыздан құтылуымыз керек едік. Бірақ банк бірінші жылы қаржы аударып тұрғанымен, екінші жылы қаржыландыруды тоқтатып қойды. Егер банк 1,4 млрд теңгені уақытында аударғанда сатып алған қондырғыларды іске қосып, жұмысты бастап жіберетін едік. Қондырғыларды алып келіп, орнатамыз деп жатқанда ақша бермей қойды да, бизнес тұралап қалды. Салдарынан тиісті салықтарды төлей алмадық, сөйтіп, есепшотымыз жабылды, – дейді зауыт басшысы.
Оның айтуынша, 2010 жылы банк комбинатты Қазақстан инвестициялық қорына проблемалы кредит ретінде өткізген. Соған қарамастан, комбинат әупірімдеп жүріп мекеме мен мамандарды сақтап келеді.
– Аяқкиім фабрикаларымен шартымыз бар, соларға тері жинап өткізіп, күнімізді көріп отырмыз. Бірақ табысымыз салық төлеуге жетпейді. Семей мемлекеттік кірістер басқармасы 65 млн теңге қарызды төлемегеніміз үшін сотқа берді. Біз кезінде айына бұдан да ірі көлемде салық төлеп отырғанбыз. Егер зауыт толық қуатында жұмыс істесе, айына 120 млн теңге салық төлей аламыз, – дейді.
Зауыт иесі зауытты жаңғыртуға өз қалтасынан банк берген ақшадан он есе көп қаржы салғанын айтады. Ал банктің әуресінен кейін өзі мен әйелінің атындағы мүліктің бәрі банктің кепілінде жатыр.
Аяқкиім фабрикаларына қауіп төнеді
Еліміздегі Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова былғары зауыты жабылатын болса, онда еліміздегі аяқкиім фабрикаларының басына бұлт үйіріледі деп санайды. Сол себепті қауымдастық қыркүйек айында Премьер-Министр Асқар Маминге Семей тері-былғары зауытына қатысты шешілмей келе жатқан мәселеге назар аударуды сұрап хат жолдапты.
– Комбинат тері шикізатын өңдеу сапасын көтеруге және жақсартуға мүмкіндік беретін заманауи үлгідегі Италияның технологиялық қондырғыларын орнатты. Алайда зауытты қалпына келтіру кезеңінде Қазақстан Даму банкі жобаны қаржыландыруды бірнеше рет тоқтатты. Банк кепілге қойылған мүлікті көбейтуді талап етті, кепілге мүлік қойылғанымен, қаржыландыруды соңына дейін жүргізбеді, – дейді Любовь Николаевна.
Оның айтуынша, 2011 жылдан бері кәсіпорынның есепшотына арест қойылған, салдарынан зауыт жұмысына кедергі келіп, кәсіпорын шығынмен жұмыс істей бастаған. Семей тері-былғары зауытынсыз Қазақстанның тері және аяқкиім өнеркәсібін дамыту мүмкін емес, себебі бұл –
ең ірі заманауи зауыт. Комбинаттың бүгінгі ахуалына қазақстандық 9 аяқкиім фабрикасының жетекшілері де алаңдап отыр. Олар Мемлекет басшысына Семей тері-былғары зауытының жұмысын жандандыру үшін жағдай жасау туралы өтініш жасаған.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйектегі Жол-дауында бизнесті дамытуға кедергі келтіру Қазақстан экономикасына жасалған қылмыс болып саналатынын атап өтті. Мемлекет басшысы шикізаттық менталитеттен шығып, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуды жүктеді. Алайда тері-былғары зауытындағы бүгінгі жағдай керісінше бағыт алып отыр: тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды банкротқа алып келдік, – дейді қауымдастық президенті.
Инвестқордың не көздегені бар?
Қазақстан Даму банкі тері-былғары зауытын проблемалық жоба ретінде Қазақстан инвестициялық қорына өткізіп жібергенін жоғарыда айттық. Өз кезегімізде инвестициялық қорға хабарластық. Қор ұсынған дерек бізді таңғалдырды. Себебі Семей тері-былғары өңдеу зауытының қор алдындағы қарызы 4 519 млн теңге деп көрсетіліпті. Ал кешелі бері ақпарат құралдарында комбинаттың қорға 2,3 млрд теңге қарыз екені айтылып жатыр. Мәселені анықтау үшін комбинаттың басшысына қайта хабарластық. Ол «Қор алдындағы қарызымыз 2,3 млрд теңге!» дегенді қадап айтты.
Қор ұсынған мәліметке сүйенсек, 2010 жылы Қазақстан Даму банкі жобаны проблемалық деп таныған соң, Шығыс Қазақстан облыстық сотының кассациялық соты комбинат пен комбинат иесі Ж.Рахымғалиевтен Банк пайдасына 4 554 130 987 теңге қарызды өндіріп алу туралы шешім қабылдаған. Ал 2013 жылы Банк қарызын талап ету құқын қор пайдасына берді. Сөйтіп, 2014 жылдың 28 шілдесінде Семей қалалық соты комбинаттан қарызды өндіріп алу құқын банктен Қорға ауыстырды.
«Зауыттың Семей қаласының экономикасы үшін маңызын, зауыттың жалғыз меншік иесінің мүддесін ескере келе, Қор қалыптасқан күрделі жағдайды шешу шараларын қабылдады. Мәселен, 2014 жылы Қор мен зауыт арасына өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бойынша өндірісті кеңейтіп, зауыттың Қор алдындағы қарызын кезең-кезеңмен төлеу көзделді. Алайда комбинат пен Ж.Рахымғалиев Меморандум шарттарын орындамады» делінген Қор ұсынған мәліметте.
2015 жылы Қор комбинат пен Ж.Рахымғалиевке көмектесу үшін инвестор тартпақ болады. Сөйтіп, «ЕуразияАгрохолдингі» Ж.Рахымғалиевпен бірге зауытты іске қосуға ниет білдірген. Ж.Рахымғалиев бұл ұсыныстан бас тартқан.
2017 жылы Қор, комбинат және Ж.Рахымғалиев қарызды қайта құрылымдау туралы келісім жасайды, бұл жолы да комбинат пен Ж.Рахымғалиев өз міндеттемелерін орындамапты. Қысқасы, Инвестициялық қор жағдайды реттеудің түрлі амалын қарастырғанымызбен, нәтиже болмады деп отыр. Сөйтіп жүргенде Семей қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы зауыттың салық қарызын төлемеуіне байланысты сотқа шағым түсіреді. Сот шағымданушы тарапты қанағаттандырып, комбинатты банкрот деп таныды. Енді комбинат активінен айырылып қалмауы үшін сотқа оңалту туралы бірнеше рет өтінішпен шығады. Алайда өтініш қанағаттандырылмай келеді. Себебі сот отырыстарында зауыт оңалтудың нақты мүмкіндігін растайтын құжаттарды ұсына алмаған дейді Қордың баспасөз қызметі. Осы және өзге де себептерге байланысты сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілді. Биыл 11 қарашада өткен ШҚО сот алқасының отырысында ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 24 шілдедегі шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Комбинат банкрот деп танылды.
Қазақстанның инвестициялық қоры «комбинаттың маңызы мен былғары өңдеу өндірісін дамытудың қажеттілігін ескеріп, мүлікті өз меншігіне қабылдап алғаннан кейін банкроттық процедура шеңберінде арнайы стратегиялық инвестор тартып, кәсіпорынды сауықтырып, жұмыс орындарын құрып, комбинатты сақтап қаламыз» деп отыр екен. Оңалту және банкроттық туралы заңға сәйкес, банкрот деп танылған субъектінің мүліктері сатылады. Сонда Қор комбинатты инвестор тартып дамытуға қай кезде үлгермек екені түсініксіз.
200 адам жұмыссыз қала ма?
Бұл мәселеде біз түсінбейтін бір жағдай: сырттан қарағанда комбинат үшін тартыс жүріп жатқандай көрінеді. Комбинаттың қожайыны өз меншігін ешкімге бергісі жоқ, тек банкрот деп танымаса болды, мәселені шеше аламын дейді. Қазақстанның инвестициялық қоры да комбинаттың жабылғанын біз де қаламаймыз, сондықтан Қазақстан Даму банкінен бізге өткен комбинаттың проблемасын шешуге мүдделіміз дейді. Екі тарап осылай деп жатқанда үшінші жақтан Семей қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы келіп бәрін «бүлдірді» де жіберді. Басқарма қатесін түсінді ме, әлде сол өңірдегі елдің жағдайын ойлады ма, әйтеуір, соттан шағымын қайтарып алуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ сот оны назарға алмады, сөйтіп, комбинатты банкрот деп таныды. Бұл жерде Қазақстанның инвестициялық қорының асығы алшысынан түсіп тұр.
Ал зауытта көп жыл еңбек еткен жұмысшылар не дейді? Зауытта 14 жылдан бері шебер болып еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Назированың айтуынша, тері зауыты 4 жыл бойы қалпына келтіріліп жатқанда да жұмысшылар жұмыссыз қалған емес.
– Мұнда есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандар жұмыс істейді. Енді зауыт жабылса, олардың күні не болады? Бізді құдды бір қоқыс секілді далаға лақтыра салмақшы. Біз қайда барамыз? Бәрінің бала-шағасы бар, 200-ге жуық адам жұмыссыз қала ма? – дейді ол.
Зауыттағы Италиядан жеткізілген тері өңдеуші барабанның біреуі 38 млн теңге тұрады екен. Ал зауытта ондай бірнеше барабан тұр. Зауыт технологы Гүлнәр Димұхаметованың айтуынша, ол барабандар жұмыс істеп тұрмаса, тот басып түкке жарамай қалады.
Ал комбинат директоры Жұмағазы Рахымғалиев сот банкрот деп жариялаған кәсіпорынның жабдықтары мен жатақханасымен қатар, Ертіс өзені бойындағы қалдық суды тазалайтын кешен де тәркіленеді. Соның кесірінен бүкіл аудандағы қалдық су Ертіске кетпек. Өйткені Семейдің оң жағалауын тазартатын әлгі құрылғы бір күн тоқтап қалса табиғи апат болады.
Соңғы үміт – Жоғарғы сотта
Жұмағазы Нұрбазарұлының айтуынша, банкке жаңа басшы келгеннен кейін-ақ зауыт басына бұлт үйіріле бастаған. Зауыттан үлес алғысы келетінін емеурінмен білдіргендер ойлары жүзеге аспаған соң, кәсіпорын жұмысына кедергі келтіре бастаған, әуелі қаржыландыруды тоқтатыпты. Бұл мәселені шешу үшін зауыт басшысы шетелдік инвестор табады. Семей аяқкиім фабрикасына 30 млн доллар құюға дайын түрік-ағылшын фирмасымен шарт жасауға банк келісім бермей қояды. Түрлі сылтау айтып, ақылға сыймайтын құжаттар сұрата берген соң, инвестор елден безіп кетіпті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі комбинатқа келгенде тері-былғары зауытының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса қажет екенін айтқан екен. Енді Жұмағазы Рахымғалиев қалай да комбинатты сақтап қалудың қамымен жүр.
– Президенттің тапсырмасы бойынша Роман Скляр біздің мәселемізді қарап жиын өткізді. Сот өтінішімізді қанағаттандырса, жағдай оңалады деп үміттендік. Инвесторлар қазірдің өзінде 1 млрд 200 млн теңге салуға дайын отыр. Егер сот оң шешім шығарғанда 5 жылда барлық мәселені шешуді жоспарлап қойып едік. Әлі де үміт үзген жоқпыз. Біз Үкіметтен бір тиын сұрап отырған жоқпыз. Бізде инвестор бар, мамандарымыз бар, тек банкрот етпесе болды. Соны ғана сұрап отырмыз. Бізді облыс басшылығы, сала министрлігі, қауымдастықтар, қоғамдық бірлестіктер, тіпті депутаттар да қолдап, құзырлы орындарға хат жазды. Себебі комбинат Семейдің үш шағынауданын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан зауытты сақтап қалу өте маңызды, – дейді комбинаттың бас директоры.
Бұл мәселенің алдағы уақытта қалай шешілетіні Жоғарғы соттың шешіміне байланысты болмақ. Ғасырдан астам тарихы бар, жарты қаланы жұмыспен қамтып отырған зауыттың болашағы бұлыңғыр тартпаса екен...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ