Сайлау науқаны алдындағы саяси партиялар
Сайлау науқаны алдындағы саяси партиялар
326
оқылды
Бүгін Парламент Мәжілісіне партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттарға үміткерлерді тіркеу аяқталады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 11 82 318  азамат тіркелген. Тіркелген алты партияның бесеуі сайлауға қатысатынын жариялады. Егер ОСК оңтайлы шешім қабылдаса, сайлаушылардың дауысы үшін бес партия бәсекеге түседі. Қазіргі кезде барлық партиялар өз съездерін өткізіп, мәжіліс сайлауына ұсынатын партиялық тізімдерін жариялады. ЖСДП партиясы ғана өз 27 қараша өткен жиналысында мәжіліс сайлауы мен жергілікті мәслихаттар сайлауына байкот жариялағанын білеміз.
Саяси партиялар өткізген сайлауалды съездерінде өздерінің сайлаушылар алдында қандай бағдарламамен баратынын айқындаған сияқты. Ұсынған партиялық тізімдер санының әркелкі болуы әрбір партия ие қаржылық және кадрлық әлеуетке тікелей байланысты болса керек. ҚР «Сайлау туралы» Заңының 88 бабына сәкес, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді. Бұл қазіргі кезде 637 500 теңгені құрайды.
Осыған дейін белсенділігі төмен деңгейде болып келген «Бірлік» партиясы сайлау алдында біршама белсенділік көрсетіп ребрединг жасап атауын «Adal» деп өзгертті. «Adal» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында келесі бес басымдықты іске асыру арқылы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруды көздейді: халықтың өмір сапасын көтеру; кәсіпкерлік – дамыған мемлекеттің іргетасы; агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру; өмірге қолайлы мемлекет; өңірлердің өркендеуі – қуатты мемлекеттің діңгегі. Партия көтеретін ұсыныстар қатарында, ең төменгі күн көріс шегі мөлшерін  60 мың теңгеге жеткізу, оған ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемін теңестіру, бюджет саласындағы жұмыскерлердің еңбекақысын 200 теңгеге өсіру. Сонымен бірге, зейнетақы төлемдерін ерікті формаға ауыстыру, міндетті сақтандыру жарналарынан бас тарту. Бұл шаралар пандемия салдарынан болып жатқан ауыртпашылықтарды еңсеру үшін жасалған партиялық ұсыныс. Тегін және сапалы білім беру басымдығы аясында мектептердің білім беру бағдарламалрын қайта қарастыру, кісіптік-техникалық білім беру саласында қаржыландыруды 3 есеге өсіру, педагогикалық сипатта маман даяралйтын 4 жаңа ЖОО ашуды жоспарлайды. Партия нақты ауылдың тұрғындар санына қарай, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды ұсынады, әрбір ауданда Агробіліктілік орталықтарын  құруды көздейді. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау және мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы сот құру сияқты көптеген  ұсыныстар бар. Партияның бағдарламаны біршама сауатты әзірлегенін айту қажет. Партияның қатарында бүгінгі күнде 55 мыңдай мүшесі бар. Нұр-Сұлтан қаласында 18 қарашада «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII Съезі өтті. Партиясының басшысы Әли Бектаев олардың негізгі мақсаты – парламентке кіру, өйткені билікте ауыл мәселелерін көтеретін саяси күш болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауылдағы өмір сүру деңгейі төмен, сондықтан сайлау алдындағы бағдарламаға ауылдық инфрақұрылымды дамыту жобасы енгізілді. Әли Бектаев Ауыл шаруашылығына бөлінетін ақша тиімсіз пайдаланылады деп санайды. Партияның сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы өндірушілерін ұзақ мерзімді несиелендіру жүйесін енгізуді ұсынады. Әлеуметтік маңызды мәселелер ретінде бала капиталын құру мен 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлемдерді төлеу бастамасы да бар. Партия өзінің сайлауалды бағдарламасының толық мәтінін әзірге жариялаған жоқ. Дегенмен де партия осының алдында «Ел Аманаты» жалпы ұлттық сауалнамасын жүргізізгенін және 212 658 адам қатысқанын жариялады. Осы сауалнаманың негізінде қазақстандықтарды толғандыратын аса маңызды мәселелер анықталғанын және осы проблемалар негізінде сайлауалды бағдарламасы әзірленгенін айтқан болатын.  Партиялық электораттың негізі ауыл тұрғындары болғанымен, қалалықтар арасында партияға «жылы қараушылар» табылатыны сөзсіз. Өткен екі сайлау нәтижесі бойынша парламенттік партия мәртебесін иеленген «Ақжол» демократиялық партиясы бұл жолы 38 адамнан тұратын партиялық тізім ұсынды. Партия төрағасы Азат Перуашев «ЖАҢА ЖӘНЕ ӘДІЛ ҚАЗАҚСТАНҒА» апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынды. Партия ұстанатын бағдардың негізгі өзегі – Тәуелсіздік пен Алаш идеясы. Партияның сайлаушылар алдында ұсынатын қадамдардың бірі – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Ақжолдықтар ұсынатын бастамалардың бірі – парламенттің өкілеттілігін кеңейту, атап айтқанда  президенттік республикадан – парламенттік республикаға ауысу, мемлекеттік бюджетті қарастыруда және бақылауда парламенттің өкілеттіліктерін кеңейту. «Ақжол» партияларды тіркеудегі талапты 10 мың адамға дейін қысқарту, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында  7 %-дық межені 5 %-ға дейін төмендетуді ұсынады. Сонымен бірге партия еуропалық даму жолын негізге ала отырып, болашақта Қазақстанды Еуропалық Одақта көргісі келеді. Парламент Мәжілісіне 125 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынған  Қазақстан Халық партиясы  өзінің атауындағы коммунистік деген қосымшамен қоштасты. Партиялық тізімнің ауқымдылығына келетін болсақ, алдындағы сайлауда парламентке өткен партия ретінде сайлау жарнасын төлеуден босатылғандықтан, қанша үміткер ұсынса да мүмкіндері бар екенімен түсіндіруге болады. 23 қарашада өткен сайлауалды съездінде партия өзінің төрағасы етіп Айқын Қоңыровты бекітті. «Біз, Қазақстанның Халық партиясы, қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісін жалғастыру үшін Парламентке барамыз», – деді Мәжіліс депутаты, партия мүшесі Ирина Смирнова «Халық, жер және әділеттілік» сайлауалды бағдарламасының жобасын таныстыра отырып. Партия бастамаларының бірі - білім мен медицинаның қолжетімділігі мен сапасы. Оқыту қолжетімді болуы тиіс, ол үшін тегін білім алуға, оған еліміздің барлық балаларының тең қолжетімділігіне көшу қажет. Біз медицинаға арналған шығыстарды ұлғайтуды, міндетті медициналық қамтамасыз ету көлемін кеңейтуді ұсынамыз. Мемлекет ауыр науқас балаларды емдеуге жұмсалатын барлық шығындарды жабуы тиіс» - деп атап өтті Ирина Смирнова. Партия мединициналық сақтандыру қорын таратуды ұсынады, әрбір қазақстандыққа үй салу үшін 20 сотық жер беруді ұсынады.
Тағы бір қызығы, Қазақстан Халық партиясы  мәжіліс сайлауына ұсынған тізімдегі 3 үміткер Римма Утесбаева, Бейбіт Бекназаров және Ерлан Жетпісов «NurOtan»  партиясының белді мүшелері болып шыққан.  Бұл азаматтар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазақстан Халық партиясына еш қатыстары жоқтығын жариялады. Ал партия жетекшілері бұл «қызық» жағдайға әлі толық түсініктеме берген жоқ.
Сайлауға үлкен дайындықпен келген «Nur Otan» партиясы. Партиялық тізімді іріктеуде алғаш рет праймериз жүйесін қолданған партия «қайта жаңару» бағытын ұстануда.  Партияның сайлауалды бағдарламасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таныстырғанын ерекше атап өтуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» партияның сайлауалды бағдарламасының құнды құжат екенін, елдегі жағдайды тыңғылықты зерттеу арқылы, жергілікті жердегі азаматтардың талап тілектері негізінде әзірленгенін атап өтті.  «Nur Otan» үкіметпен бірге алдағы бес жыл ішінде бағдарламаны жүзеге асыруға 21 трлн теңгені жұмылдыруды жоспарлап отыр. Бағдарлама елдің әлеуметтік прогресі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес басымдыққа негізделген: бірінші  – әр азаматқа өз әлеуетін жү­зеге асыру үшін тең мүмкіндік беру; екінші - саламатты зияткер ұлт қалыптастыру; үшінші - экономика мен өңірлердің орнықты дамуы; төртінші -  есеп беретін, халық үніне құлақ асатын мемлекет және жауапты азаматтар. Осы басмдықтарды ескере отырып партия ұсынған бірқатар маңызды межелер төмендегідей: әлеуметтік кодексті әзірлеу; білім, ғылым, денсаулық, мәдениет және спорт саласына жұмсалатын қаржыны ұлғайту; 800 жаңа мектеп салу; дәрігердердің жалақысын 2,5 есеге арттыру; әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индексациялау; педагогтардың еңбекақысын екі есе ұлғайту; мемлекеттік білім беру гранттарын 50 %-ға ұлғайту; аймақтарда Назарбаев Университет үлгісінде 2 ЖОО ашу; жастар мен волонтерлық ұйымдарды қаржыландыруды 1,5 есеге ұлғайту; студенттердің степендия көлемін ұлғайту және т.б. Осы межелерге қарай отырып партия бағдарламасының негізінен әлеуметтік бағытталғанын көруге болады. Ол түсінікті де қазіргі жағдайда халықты толғандырып отырған ең бастысы әлеуметтік-экономикалық жағдай. Партия жүргізген праймериздің басты мақсаттарының бірі – партиялық депутаттар корпусын сапалық түрде жаңарту болатын. Бұл бағытта өзгерістер анық байқалады. Мәжіліске партия ұсынатын 126 адамның 22-і ғана қазіргі мәжілісмендер. Және сол 126 адамның 77-і праймериздің қатысушылары болған. Бұл партия кем дегенде жартылай жаңарады деген сөз. Саяси жүйедегі жетекші партия болғандықтан чемпиондық атақты ұстап тұру әрине қиындау. Оған қоса пандемияға байланысты қазіргі жағдаймен туындаған экономикалық-әлеуметтік қиындықтар тағы бар. Дегенмен де партия өз бағдарламасында оптимистік жоспар ұсынады. Сонымен партиялар сайлауға өз дайындықтарын мықтап жүргізіп жатыр. Әр партия парраментте орын алуға үмітті. Барлық партияның парламентте орын алуға толық мүмкіндігі бар. Тек жұмыс сайлаушылар дауысы үшін күресу қажет. Орталық Сайлау комиссиясы партиялар ұсынған тізімді бекіткеннен кейін үгіт-насихат жұмысын көре алатын боламыз. Партияларда бір айға жуық өз бағдарламарын толыққанды түсіндіруге, өңірлерге шығып сайлаушыларға өз жоспарларын таныстыру мүмкіндік болады. Лайықты партиялар 7 %-дық межені еңсеріп, парламентте құзіретті депутаттар орын алғанын қалаймыз.  

 Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы