Мәжіліс депутатын тонап кетті
Мәжіліс депутатын тонап кетті
Фото: Дереккөзден алынды
430
оқылды
Алматыда Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованы тонап кетті, – деп жазады «ҚазАқпарат». Дереккөздің жазуынша,  оқыс оқиға туралы Смирнова Facebook-тағы парақшасында жазды. Депутаттың айтуынша, ұрылар үш апта бұрын көліктің терезесін сындырып, ішіндегі сөмкесін қолды еткен. «Мені жақында Алматыда тонап кетті. Көлігімнің терезесін шағып, сөмкемді алып кетті. Қайта онда құнды дүние болған жоқ. Құжаттарым өзіммен бірген жүретін кішкентай сөмкеде болатын. Құнды заттарымнан айырылмасам да, жаман болып қалдым. Полицияны шақырғым келмеген, өйткені олардың ұрыны тауып беретініне мен де сенбеймін. Алайда, жанымдағылар полиция шақыру керек деп кеңес берді. Тәртіп сақшылары тез келді. Бірақ келе салып айтқан сөзі мені есеңгіретіп тастады: «Несіне уайымдайсыз? Ұрылар қашан да болған, әлі де бола береді. Не істе дейсіз енді?», – деп бетіме қарап тұрды», – деп жазды Ирина Смирнова. Бұған жауап ретінде депутат құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне иығындағы погонды шешіп тастауды ұсынды. Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, 5 қаңтар күні депутат Ирина Смирнова көлігінің тоналғаны туралы арыз түсіргенін атап өтті. «Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамында криминалдық полиция қызметкерлері бар»,– деп хабарлайды Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.