Көшбасшының саяси қолтаңбасы айқын
Көшбасшының саяси қолтаңбасы айқын
243
оқылды

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының  Тұңғыш Президент – Елбасы күніне арналған «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты кездесу өтті.

ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жиынның Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жыл­дығы аясында өтіп отырғанын айтты. «Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидент күні – барша қазақс­тан­дықтар үшін ерекше мереке. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрып, дамытудағы қайраткерлік тұлғасы мен тарихи миссиясын паш етеді. Қазақстан­ның тәуелсіз, зайырлы 30 жылдық жаңаша тарихының әрбір кезеңінде ұлт Көшбасшысының саяси қолтаңбасы айқын көрінеді. Елбасы Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жо­лына жұмылдырып, елімізді ұл­та­ралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге  танытты», – деді ол. Жансейіт Қансейітұлы биылғы Ассамблеяның 25 жылдығының басты оқиғасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 11 қарашада өткен Ассамблея кеңе­сіне тоқталды. «Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде тәуелсіздіктің бүкіл кезеңіндегі бірлік пен келісім саясатын сарап­тап берді. Ассамблея азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасына ие болып, достық, бейбітшілік, ты­ныштық пен сенім – Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы жолында дәл осылар негізгі алғышарт болды» деп атап өтті. Отбасының амандығы, бірлік, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, ынтымақ пен құрмет, бір-бірімізді қолдауға және өзара көмекке дайын болу сияқты Қазақстан халқының ортақ құндылықтарына тоқталды. «Қоғамдық келісім мен бір­ліктің қазақстандық үлгісін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағыттарын белгіледі. Тұңғыш Президент Отанға деген сүйіспен­шілігімізді үнемі қастерлеп отыру, оның тарихи тағдыры үшін ортақ жауапкершілігімізді нығайту қажеттігін тапсырды», – деді ол. Жиынға Елбасының жанында жүріп, саяси мектебінен өткен, өмірлік тәжірибесінен сабақ алған, сұхбат құрған азаматтар қатысты. Атап айтсақ, олар: Президент Архиві жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, көптеген ғылыми еңбектердің авторы Борис Жапаров; ҚХА кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің 2001-2004 жылғы бас­пасөз хатшысы Жанай Омаров, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Қали Сәрсенбай, «Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Қазақстан ұйғырлары республикалық этно­мәдени орталығы» қоғамдық бір­лестігінің мүшесі Ершат Асметов. Жиналғандар қоғам өмірінде, жастар арасында Тұңғыш Прези­денттің мемлекет қалыптас­тырудағы тарихи рөлін айшықтау мақсатында Елбасымен кездескен жылы естеліктерімен бөлісті. Тұңғыш Президент күніне арналған дөңгелек үстелден кейін қатысушылар «Нұрсұлтан Назарбаев: әлемдік ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық онлайн конференцияға қосылды.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ