Адамзаттың ең маңызды мақсаты
Адамзаттың ең маңызды мақсаты
321
оқылды

Ерте ме, кеш пе, ядролық қарудан азат әлем орнығады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық жиын қа­тысушыларына бейнеүндеуінде осылай мәлімдеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты бірлесіп, жаһандық ядролық диалогті қайта бастауға арналған халықаралық онлайн конференциясын өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – Елбасының 2019 жылғы қарашада, Астана клубының 5-отырысы барысында жария еткен бас­тамасын ілгерілету. Сол отырыста Н.Назарбаев ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбас­шылар альянсын (ЖКА) құру идеясын ұсынған-тын. Кешегі үндеуінде Тұңғыш Президент адамзаттың бойына сенім құя сөйледі. – COVID-19 пандемиясы жаһанды дағдарысқа ұшыратты. Әйтсе де, адамзат өз тарихында мұндай ауқымды сын-тегеурін­дермен бұрын да кездесіп, ұдайы жеңіп келді. Халықаралық қауым­дастық бұл стресс-тестті де ең­серіп, жеңімпаз шығарына се­нім­дімін, – деді Елбасы. Ол Қазақстан Президенті бол­ған шақта сыртқы саясаттағы жұ­мысының үлкен бөлігін ядролық қа­рудан азат әлем идеясын іл­­ге­рілетуге арнағанын жеткізді және мұның себептерін түсіндірді. – Қазақстан ядролық қару сы­­нағының қандай қайғы-қасірет әкелетінін өзі сезінген мемлекет. Семейдегі полигон салдарынан 1,5 миллионға жуық отан­дасымыз зардап шекті. Менің Жарлы­ғыммен әлемдегі ең ірі поли­гондардың бірі 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім ядролық сынақтарға заңды түрде тыйым салған адамзат тарихындағы тұңғыш шешім бола­тын! Кейін басқа мемлекеттер де өз полигонын жапты. Осылайша, менің елімнің үлгісін басқа елдер қабылдап, бұл бастама жаһандық сипатқа ие болды. Сонымен қатар бұл шешім 1996 жылы барлық мемлекетке ядролық сынақтарға жаппай тыйым салған жаһандық келісімге негіз бол­ды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөз соңында Елбасы жаппай қырып-жою қаруларына қарсы күрес оңайға соқпайтынына тоқ­талды. Көптеген мемлекет ядролық қаруды қорға­ны­сының ұстыны деп есеп­тейді. – Рузвельт айтқандай, «Істеген ісіңе шын сенгенің – шаруаның жартысын еңсергенің». Осы орайда, ядролық қауіп­сіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы менің бастамамды қолда­ғандарыңыз үшін сіздерге риза­шы­лы­ғымды білдіремін. Бүгін біз қабыл­даған ашық Үндеу – осы бағыттағы алғашқы практикалық қадам. Мен Жер шары ерте ме, кеш пе ядролық қарудан ада бола­рына, «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фестімнің басты міндеті орын­даларына се­німдімін, – деп түйді Елбасы. Отырыста әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің анти­­яд­ролық баста­ма­ларына қолдау көрсетіп, оның мән-маңызын және ілгерілету жолдарын тал­дады. Мысалы, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джо­натан Гранофф Елбасының жаһан­дық ядролық қауіпсіздікті ны­ғайтудағы ерекше рөлін айта келе: «Адамзатты өлім соғысы қау­пі­нен біржола арылту үшін қолдан кел­­­­геннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ», – деді.

Айхан ШӘРІП