Аманшылық болса, Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығының межелі белесіне, тарихи төріне шыққалы тұр. Осы уақыт ішінде Қазақстан халқы көп бетбұрыстың куәгері болды, қаншама қиындықты бастан кешті. Бірақ Кеңес Одағының жұртында қалған өзге республикалардан бір айырмашылығы – қазақ елі азаматтық соғыстан аман қалды, ынтымағын сақтады, елінің шетін жауға бастырмады, шекарасын өзгеден бұрын шегендеді.
Бейбітшілік – көреген саясаттың ырысы
Таяуда сарапшысымақтардың бірі әлеуметтік желіде: тәуелсіздік жылдары елдің бейбітшілікте өмір сүргенімен мақтануға болмайтынын айтыпты. Өйткені ол онсыз да болатын «базалық игілік» көрінеді. Шынында, олай емес. Елде бейбітшілік болуы үшін ел басшылығы сарабдал саясат жүргізе алғаны, халықты бір тудың астында, ұлы мұраттар жолында топтастыра білгені, болашағы біртұтас ұлтқа дамудың жоба-жоспарын, жөн-жосығын көрсетуге қабілетті болғаны жөн. Бәрі салыстыруда танылады ғой. Мысалы, Кеңес Одағының орталығы болған Ресей КСРО-дан толыққанды тәуелсіздік алу үшін қан төгуіне тура келді. Бұл оқиға көрші орыс елінің тарихында «Расстрел Белого дома», «Расстрел Дома Советов», «Октябрьское восстание 1993-го» деген аттармен белгілі. Ресейде 1917 жылдан бері болған биліктің кеңестік моделінің күшін күштеп тоқтату ақыры конституциялық дағдарысқа, елде Ельцин мен Руцкойдың қос билігінің орнауына соқтырды. Салдарынан 1993 жылдың 21 қыркүйегі мен 4 қазан аралығын қамтыған Мәскеу көшелеріндегі қарулы қақтығыстар кезінде ресми дерек бойынша кем дегенде 158 адам қаза тауып, 423 адам жарақат алған. Дегенмен кейбір дерек бойынша сол шағын «азаматтық соғыс» құрбандарының саны одан әлдеқайда көп. Кейін Ресей екі рет соғысты бастан кешті: әңгіме 1994-1996 жылдардағы Шешен республикасы мен оған іргелес жатқан аумақтардағы шайқастар, сондай-ақ 1999 жылдың 7 тамызында басталып, тек 2009 жылдың 16 сәуірінде ғана ресми тоқтаған қарулы шайқас туралы болып отыр. Тағы бір посткеңестік мемлекет – Украинаның 6 жыл бұрын Қырымынан айырылып қалғаны, сонымен қоймай оның жерінде сепаратистер үй ішінен отау тігіп, 2014 жылдың мамырында ДНР және ЛНР деген жалған, квазимемлекеттер құрып алғаны мәлім. Бұл қақтығыстың қашан бітері, немен тынары, Украина жерінің тұтастығы қашан қалпына келері белгісіз. Әзербайжан өз аумағының тұтастығын қалпына келтіру үшін биыл қайтадан майдан ашуға мәжбүр болды. 2020 жылғы қыркүйек-қараша аралығында жүрген Таулы Қарабақтағы кең ауқымды екінші қарулы қақтығыс кезінде кейбір деректер бойынша қос тараптан жалпы саны 5 мыңнан астам адам қаза тапқан. 1987 жылы ушығып, 1992-1994 жылдардағы соғысқа ұласқан Таулы Қарабақтағы шиеленіс (бірінші соғыс) салдарынан Армения ха_лықаралық блокадаға ұшырады. Сөйтіп, дамуда артта қалды. Бұрынғы кеңестік республикалардың бірі – Молдавия да 1992 жылдың 2 наурызы мен 1 тамызында Приднестровьеде алапат қантөгісті бастан өткерді. Мұның ақыры молдавандар жерінде жаһандық қауымдастық мойындамаған «Приднестровьелік Молдова республикасының» (ПМР) құрылуына соқтырды. Жуырда биылғы қарашадағы сайлауда жеңіске жеткен жаңа президент Майя Санду Молдованың «түбі де, тілі де бір Румыниямен бірігуге, Еуропалық одақпен кірігуге бет алатынын» жариялады. Алайда ПМР ол бағдардан бас тартып отыр. Ел тағы екі жарылуы мүмкін. КСРО-ның Орталық Азиядағы бөлігі де қан-қасап қырғыннан аман қалмады. Тәжікстандағы азаматтық соғыс 1992-1997 жылдарға, бақандай 5 жылға созылды. Оның барысында орталық биліктің жақтастары мен Біріккен тәжік оппозициясы армиясы бір-бірін аяусыз қырды. Екі ортада бейбіт тұрғындар көп құрбан болды. Тәжікстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша, азаматтық соғыс кезінде 60 мыңнан астам адам көз жұмған. Тәуелсіз сарапшылар құрбандардың шынайы саны 100-150 мыңға дейін жетті дегенді айтады. 2008 жылғы шайқастар кесірінен Грузия өз жерінің ауқымды бөлігінен айырылып қалды: Ресейдің қолдауымен Оңтүстік Осетия және Абхазия өздерін «тәуелсіз» республика деп жариялады. Мұның барлығын не үшін айтып отырмыз? Бейбіт өмір – ұрпақтан-ұрпаққа табиғи жолмен берілетін мирас емес, ол күнделікті еңбекті, билік пен халықтың келісімді ісін, әрбір азаматтың көздің қарашығындай сақтауын қажет ететін құндылық. Оны ұстап тұру ел басшылығынан үлкен біліктілікті, саяси көрегендікті, пәрменді іс-әрекетті талап етеді.Елбасы құрған қайырымды мемлекет
Жасыратыны жоқ, үш ғасырға жуық созылған бодандық дәуірінде қазақ мемлекеттілігінен сау-тамтық қалмады деуге болады, тіпті қазақ халқы жойылып кете жаздады. Патша өкіметі Ұлы даланы «түземдіктерден» тазартып, онда крестьяндарды орнықтыру саясатын жүргізсе, бертінде Кеңес үкіметі ұлт атаулыны жойып, «совет ұлтын» құруға күш салды. Содан ХХ ғасырдың соңында КСРО күйрегенде оның үйіндісінің орнында жүздеген ұлттан тұратын «халықтар лабораториясы» қалған болатын. Сорақысы сол, «Қазақстан халқы» деп айтуға да ауыз бармайтын, бар жерде «Қазақстан халықтары» (народы Казахстана) деп жазылатын. Бас қаламыз Алматыдан және оңтүстік өңірлерден басқа облыстар мен қалаларда қазақтар қазақша сөйлеуден именетін, көбі содан ұялатын. Бұрын «жер жәннатына» телінген Ұлы далада құрғап, улы тозаңы ұшқан Арал теңізі; қаншама ядролық және жаппай қырып-жою қарулары сыналған Семей, Азғыр, Капустин Яр секілді полигондар; тың көтеру кезінде жоны тілініп, құнары бүлініп, шөл баса бастаған алқаптар; кені алынып, улы шаңы қалған кеніштер; өндірісі тоқтап, ұзын мұржасына өрмекші өрмек салып тастаған, экономикалық тұрғыдан тиімсіз алып зауыт-кәсіпорындар қалды. Осы күрделі жағдайда жаңадан заманауи мемлекет тұрғызуды Елбасы үй салуға – «құтхана тұрғызуға» теңеді. Әрбір отбасы өз отауын құруды арман етеді. Ал қазақ үшін тәуелсіз мемлекет – ғасырлардан тамыр тартатын ұлы тілек. Ең әуелі отағасы болашақ үйінің нобайын ойша жобалап, көз алдына елестетеді. Әрбір бөлшегін ой елегінен өткізеді. Тұңғыш Президентіміз де ел егемендік алғанға дейін-ақ осы орайдағы орамды, орынды ойланысқа, телегей толғанысқа батқаны белгілі. Үйдің салынатын орны анықталғаннан кейін оның жобасы қағаз бетіне түсіріледі, жоғары тұрған органдардан рұқсатнамалары алынып, құжаттары рәсімделеді. Мұны 1990 жылғы 25 қазанда ХІІ шақырылымдағы ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдауынан, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның өз Тәуелсіздігін жариялауынан, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел басшылығының күш-жігері арқасында дүниежүзіндегі барлық елдің мемлекеттілігімізді мойындауынан, соның негізінде 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ Бас ассамблеясының 46-сессиясы 46/224 қарарын қабылдап, қазақ елін тәуелсіз мемлекет ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдауынан көреміз. Үй іргетасын құю жұмысы басталып, оның қабырғалары шатырына қарай бірте-бірте бой түзей бастайды. Жоспарлы экономика жайрап қалғандықтан, Елбасы Қазақстанның нарықтық экономикаға негізделген жаңа экономикасын құруға кірісті. Айтқандай, экономистердің байламынша, отандық нарықтық экономика батыстағы капиталистік нарықтан біршама ерекшеленеді. Мысалы, 2008 жылы АҚШ-тың қаржылық табысының символы саналған Lehman Brothers, Merrill Lynch секілді алпауыт банктер кенет банкрот болғанда және ғаламат ипотекалық дағдарыс өршігенде миллиондаған америкалық банктер мен биржа да бүкіл жинағынан айырылды, қаншама жан несиеге алған үйінен далаға лақтырылды. Wikipedia дерегінше, Америка Құрама Штаттарында үйсіздер («бомж») саны 3,5 миллион адамға дейін жетеді. Қазақстан ондай қаталдық танытпады. Алданған үлескерлердің үйлерін жергілікті әкімдіктер салуда. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі арқылы қоғамның осал топтары арзан баспанамен қамтамасыз етілуде. Тіпті, доллармен ипотека алып, теңге девальвациясы кезінде аузы күйген азаматтардың тұрғын үй несиесін мемлекет әлі күнге қайта қаржыландырумен келеді. Әлдебір банк банкрот бола қалса, ондағы елдің жинағы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» арқылы қайтарылады. 2021 жылы бюджет шығындарының 50%-дан астамы әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Осыдан-ақ мемлекеттің әлеуметтік бағдарланушылығын байқауға болады.Тәуелсіз Қазақстан – іргесі берік құтхана
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді қазақ даналығы. Кейде базбір саясаткерлер, саясаттанушылар, блогерлер, қоғам белсенділері мемлекетті мейлінше өткір сынаудан жарысып жатады. Сын сындарлы болса, игі. Алайда кейінгі кезде дәйексіз байбаламға көп ұрынатыны да көзге ұрып тұр. Әрине, биліктің ісінде кемшілік жоқ емес, бар. Реформалардың кейбірі ұтымды болмай, өмірмен үйлеспей жатады. «Адамға өз қолымен салған үйден қымбат ешнәрсе жоқ. Бірақ үй дегеннің мән-мағынасы – оның жай ғана қабырғалары, терезелері және ішкі бөлмелері сияқты ұғымдардан әлдеқайда ауқымды! Үй деген – сенің баспанаң, тіршілік мекенің, құтханаң!», – дейді Елбасы. Көптеген отбасы қоныстойын тойлап кірген үйі сәнді де сапалы болсын деп, оны жылдар бойы әрлеумен, безендірумен айналысады. Қазақстанда кейінгі онжылдықтарда бүкіл салада жүрген реформаларды, Индустрияландыру бесжылдықтарын, даму стратегияларын, экономикалық жаңғырулар мен әлеуметтік бастамаларды ортақ үйімізді – Отанымызды осылай гүлдендірудің, әрлендірудің қамы деп түсінген жөн. Оның табысқа жетуіне әрбір қазақстандық сөзімен де, ісімен де оң үлес қосқаны жөн. Сонда Қазақстанымыз дамыған елдер қатарына қосылып, әлемнің игілігіне, жан жылулығына бөленген, басқа – пана, жанға сая құтханаға айналады. Ол үшін қажеттінің бәрі бар. Мемлекеттілігімізді бүкіл әлем мойындады, тәуелсіздігімізді даусыз таныды, шекарамыз барлық жағынан межеленді. Елдегі бейбітшілікті қас қақпай күзететін айбарлы армиямыз құрылып, қуаттанды. Мемлекеттік билік – пәрменді, саяси жүйе – тұрақты. Елбасының астананы Алатаудың асқарынан елдің қақ ортасындағы Сарыарқаның төсіне көшіруінің өзі ел тағдырын айқындаған, елдікті нығайтқан тарихи шешім болды. Аспанға мойынсұнған, әлемді тамсантқан елордамыз өзге өңірлердің гүлденуіне, кеңестік ескі бейнедегі қалаларымыздың түрленуіне үлгі болды. Азаттықпен бірге айбын жайған экономикамыз қаншама дағдарысқа шыдас беріп келеді. Пандемияға қарамастан еліміз тыныш, бірлігіміз бекем, еңсеміз биік болып, өсіп, өркендеп келеміз. Қазақ елі шыңға өрлеген тастүлектей шыңдала бермек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баса көңіл бөлуі арқасында кезінде қазақылығынан жұрдай бола жаздаған мемлекетімізге елдік дәстүр мен ұлттық мәдениет қайта оралды. Тегеуріні берік, тепкісі қатты тоталитаризм қысымымен халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Бүгінде тіліміз түлеуде, дініміз өркен жаюда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ой-сана заманға сай өзгереді. Қазақ елі заманында төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларының Мәңгілік ел мұратын қайта жалғауға мүмкіндік алды, бабалар рухымен рухтанды. Елбасы тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктеді, туын биікке қадады. Қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге танытты. Қорыта айтқанда, еліміздегі кейінгі отызжылдықтағы тарихи маңызы зор оқиғалардың, іргелі бетбұрыстардың бәрі де – Елбасының ерен ерлігінің, халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жемісі, берекелі көрінісі. Егер Тұңғыш Президентіміздің байыпты да байсалды саясатының сабақтастығын сақтаса, әр азаматы ел аманатын ақтаса, билігі мен бұқарасы ырыс-бағын бірге баптаса, Алаштың айбыны әрдайым асып, күн сөнгенше азат болады, өзгеден озат болады.Айхан ШӘРІП