Адамзат тарихында көшбасшылардың сан алуан түрі болды. Біреулері қауымын алға жетеледі, басқалары аймақтың түлеуіне жол ашты. Ал санаулылары ғана ғаламдық бастама көтеріп, жауапкершіліктен тайсалмады. Ондай сирек жетекшілерді тек елі ғана емес, өзге мемлекет басшылары да мойындап, қолпаштайды. Өйткені олардың атқарған еңбектері әлемнің тарихында қалады.
Нұрсұлтан Назарбаев бастаған еліміз 1991 жылдан бері біржола түлеу, жаңару жолына түсті. Ол жолдың нақты сипаты 1997 жылы қабылданған «Қазақстан–2030» стратегиясында көрініс тауыпты. «Мен өзіме 33 жыл өткеннен кейінгі Қазақстанды қалай елестетемін?» деп ой толғайды Елбасы осы бағдарламаның «Қазақстан мұраты» бөлімінде. – Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер- жетеді. Олар бабаларының дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады». Қазақстан жолының анық та қарапайым анықтамасы осы абзацта тұр. Бабалар ғұрпын ұстанып, бірақ ескішілдікке ұрынбай, жаңашылдыққа ұмтылу арқылы мемлекетіміз межелі мұратқа үлкен сеніммен жылжып барады. Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатымен Қазақстан сияқты көпұлтты, көпконфессиялы республика ішкі даудың, сыртқы жаудың тұзағына тұтылмай, ешқандай қантөгіссіз, жанжалсыз тарихтың тар көпірінен таймай өтті. Соның арқасында бірлік сақталды. Ал бірлік барда тірлік бар. Қазақстанға шартараптан инвестиция құйылып, экономиканың қарқынды дамуының негізгі бір себебі де елдегі ырыс-ынтымақпен тікелей байланысты. Қазір Қазақстан ең дамыған елдердің ортасынан ойып орын алды. Кеше ғана бодандық құрсауынан құтылған жарлы-жақыбай мемлекеттің соншалықты шапшаң дамуы шетелдіктерді айран-асыр қылды. Дүйім дүниеге мәлім ғалымдардың өзі таңдай қағып, мұндай «ғажайыптың» түпкі сырына үңілді. Ақыры шетелдік сарапшылар бұл құбылысқа «Қазақстан кереметі» немесе «Назарбаев жолы» деген ат қойып, айдар тақты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында: «Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болған жылдарымда әлемге әйгілі саясаткерлердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік баға берген сөздерін талай естідім. Халқымыз үшін мерейлендім» деп жазады. Мысалы, Сингупурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю: «Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады» депті. Рас, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен экономикамыз қарыштап алға басты, индустрияландыру тұрғысынан жемісті жұмыс жүргізілді. Көптеген кәсіпорын құрылды. Табиғи ресурстарды игеруге әлемнің маңдайалды корпорациялары жұмылды. Олар бюджетке айтарлықтай салық түсімін қамтамасыз етіп отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан да инфрақұрылымға қажет нысандар молынан салынды. Мұның бәрі ең әуелі халықты жұмыспен қамтуға жол ашты. Бір ғана санайғақ: 90-жылдармен салыстырғанда Қазақстандағы кедейлік деңгейі 17 есе төмендеген. Алпауыт АҚШ-ты 1989-1993 жылдары басқарған Үлкен Джордж Буш: «Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық реформаларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетістіктер қажырлы еңбегіңіздің ақталғанын көрсетеді» деп Нұрсұлтан Әбішұлына алғаусыз пейілін білдіріпті. Ал БҰҰ-ның 1997-2006 жылдардағы Бас хатшысы Кофи Аннан: «Қазақстан – ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны тараптау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты» деп пайымдайды. Иә, 1991 жылы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл барша қазақ халқы ұзақ жылдар бойы сарыла күткен шешім еді. Осылайша, 40 жылдан астам 456 ядролық сынақ жасалып, кем дегенде 500 мың адамды улаған полигонның көмейіне құм құйылды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жарияланды. Қазақстан әлемдік аренада тұрақты, қарқынды, табысты даму моделінің генераторы ретінде зор құрметке бөленді. Ядролық қауіпсіздік саласындағы күллі халықаралық шарттарға қосылып, өзінің ядролық қарусыз мәртебесін бекітті. Еліміз ядролық қарудан бас тартқанымен, ядролық энергетика мен ядролық отын өндірісін, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды. Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атанды. Барак Обаманың лебізі осыны растайды. «Назарбаев – ядролық қаруды таратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде өнеге бола алды. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүмкіндік берді», – дейді Американың экс-президенті. Қазақстанның бастамасын қуаттаған бірқатар мемлекет те ядролық полигондарын жапты. Айталық, Семей полигонынан соң Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы «Невада» полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жететін 1 200 ядролық оқтұмсығы, 110-нан астам баллистикалық зымыраны бар, мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ пен Ресейдің атсалысуымен залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыркүйегінде Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Құнды құжатқа 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификацияланды. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Елбасымызды өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы деп санайды. «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашан ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды» деп ағынан жарылады бауырлас елдің басшысы. 2009 жылғы 3 қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесін құру туралы келісімге қол қойылған. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан һәм Түркия кірген. Былтыр Баку қаласында өткен Түркі кеңесіне мүше елдердің басшылары жиналған саммитте Ердоғанның ұсынысымен Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі кеңесінің құрметті Төрағасы» мәртебесі берілді. Елбасымыз Батыс пен Шығыстың қақ ортасында, мұсылмандық пен христиандық тоғысатын жерде, тоталитаризм мен демократия түйіскен тұста, маңызды геосаяси аймақта орналасқан Қазақстанды тайғақ кешулерден аман алып шыққаны белгілі. Осы орайда, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинь: «Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді» депті. Келіспеске амал кем. Қазақстан Еуразия құрлығындағы алыптардың арасында отырып, әуел бастан достық рәуішті дипломатияны, мәмілегерлік жолды ұстанды. Бүгінде бүкіл әлем бізді қарқынды интеграцияға ұмтылатын бейбіт ел деп таниды. БҰҰ-ның 2007-2016 жылдардағы Бас хатшысы Пан Ги Мун өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа қаратып: «Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көрегенді шешім қабылдадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру бастамасын ілгерілетуге ықпал еттіңіз. Сіз Непал және Ирактағы БҰҰ-ның бейбіт мақсаттарына жәрдемдесуге қызметкерлеріңізді ұсынып, БҰҰ-ның бағдарламалары мен қорларға материалдық көмек көрсетіп отырсыз», – десе, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев: «Аймақтағы бейбітшілікке бағытталған Қазақстан басшылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мемлекетке айналды. Сондықтан да аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде, ал біз бұл мемлекеттің жетістігіне әрқашанда қуаныштымыз. Қазақстанның жаңа елордасын көріп, қарқынды құрылыспен салынып жатқан жаңа қаланың көркіне тәнті болдым» деп тамсаныпты. Жаңа астанамыз әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы бағасын иеленген. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның ғана емес, әлемдік ойталқылардың орталығы, халықаралық жиындардың айтулы алаңы ретінде қалыптасты. Елордада 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтіп, әлем басшылары бас қосты. 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесі жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтеді. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін «Назарбаев моделі» деп атайды. Олар еліміздің осы тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, өздерінде қолдануға ынталы. Елордамыз Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін айғақтап, шын мәніндегі бейбітшілік шаһары екенін айдай әлемге әйгіледі. «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда әрдайым қатардағы адамдарға, қарапайым отбасылар өміріне бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады», – дейді Ресей президенті Владимир Путин. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, «Темір ханым» атанған Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын» депті. Әрине, егемендіктің елең-алаң шағында 100-ден астам диаспора мекендейтін Қазақстанды алауыздық ошағына айналады деп болжаған Збигнев Бзежинский сынды сәуегейлер да болды. Бірақ уақыттың өзі ондай жорамалдарды жоққа шығарды. Сонау ХХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ неміс, ағылшын геосаясатшылары: «Кім барлық мұхиттан бірдей шалғайда жатқан, ешқандай оқ жетпейтін осынау қиян кеңістікке ие болса, болашақта сол бүкіл әлемді билейді», – деп кесіп-пішіп қойыпты. Ол «қиян кеңістік», әлбетте Қазақстан. Демек, алдымызда әлі талай шетсіз-шексіз жол жатыр, ұлан-асыр бел жатыр. Тәубеден жаңылмасақ, тәуекелден тайынбасақ, тәуелсіздіктің тасы өрге домалай бермек.Айдар ДӘУІТҰЛЫ