Кинорежиссер Рүстем Әбдіраштың «Мен үшін кино — ол өнер. Өзімді суреткер сезінемін» дегені бар. Расымен, ол түсірген фильмді тамашалай қалсаңыз, талғам мен эстетика, ұлттық танымды бірден байқайсыз. Өзі суретші болғандықтан кішкентай детальдің өзін көркем етіп көрсеткісі келеді. Бұл біздің емес, актерлердің Рүстем Әбдіраштың бойынан байқаған қасиеті. Талантты режиссер, сценарист «Елбасы жолы» кинодастанына да жан бітіріп, көрерменін еліктірген-ді. Сондықтан режиссерден Тұңғыш Президентіміздің өмір жолын суреттеген киноэпопея жайлы толғамын білгіміз келді.
– Рүстем аға, «Елбасы жолын» киноэпопея жасау әуелгіден жоспарда болды ма? Мұндай идея қалай дүниеге келді? – Бастапқыда министрліктен ұсыныс түскен. Содан Елбасының есімі қазақ тарихының парақтарында алтын әріппен жазылып жатқанда, қалайша қолдау білдірмеске деген ой туды. Сондықтан күрескер тұлға жайлы кинотуынды түсіруге шешім қабылдадық. Кинодастан адами оқиға желісіне толы. Сондықтан кинода әртүрлі қызық оқиға боларын біліп, тәуекел еттік. Бас салып, ойланбастан сүңгіп кеткен жоқпыз. Дайындалып барып, шешім шығардық. Әуелден ауқымды дүние боларын біліп, білек сыбана кірістім. Кітаптарды оқып, әртүрлі деректерді ақтардым. Алла сәтін салды. Елбасының балалық бал дәурені мен жастық шағы суреттелген «Балалық шағымның аспаны» фильмінің түсірілімі 2011 жылы басталды. Осы кинодастанның жалғасы «Теміртау» мен «Отты өзен» де іле-шала дүниеге келді. Мен таспалаған туындыларды көрсеңіз, мынаны түсінесіз. Маңыздысы – уақыт пен адам. Яғни, уақыт сынына адамның берген жауабы. Іс- әрекетімен төтеп беруі. Өз заманының әуені, дыбысталуына да басымдық берген дұрыс. Өйткені адам өз заманынан бөлек тіршілік ете алмайды. Қалай болғанда да, тұлғаның қалыптасуы – сол уақыттың жемісі. – Көпшілік «Балалық шағымның аспанын» жылы қабылдады. Ал «Теміртау» мен «Отты өзенді» түсіруге қанша уақыт дайындалдыңыздар? Теміртаудағы түсірілім жұмысы туралы айта кетсеңіз. – Аталған туындылардың сценарийі Елбасының еңбектері және әріптестері мен достарының естеліктері бойынша жазылды. Қазақстан мен Ресейде түсірілім жұмыстары жүрді. Кадрда Киев, Минск, Днепродзержинск, Алматы, Астана, Қарағанды, Теміртау мен Мәскеу қалалары бар. Теміртаудағы түсірілім жұмыстарына келсек, фильм қаланың ескі жағында таспаланды. Өйткені қаланың сол бөлігінде ескі ғимараттар бар. Мысалы, мәдениет сарайы, трамвай депосы, металлургиялық комбинат, энергетиктердің мәдениет сарайы, яхта-клубын түсірдік. Әрі негізгі түсірілім «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ірі тау-кен кәсіпорнында өтті. Әрине, түсірілім барысында жергілікті тұрғындарды көптеп тарттық. – Кинодастанда ойдан құрастырылған бір-екі элемент болды ма? Жалпы, сценарий қалай жазылды? Елбасы тікелей бағдар берді ме? – Елбасының жазған еңбектерін оқып, қарап зерттегеннен кейін сценарий жазылды. Алғашқы бөлігін «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысқанда», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптардан құрастырдық. Фильмнің аты айтып тұрғандай, бала кезден ұшқыш болуды армандаған, биікті бағдарлаған, романтикалық образ шығардық. Айта кетерлігі, біз ештеңені қолдан ойлап тапқан жоқпыз. Бәрі түпнұсқасында болғаннан кейін қызығушылықтың бәрі содан оянды. Ары қарай зерттеу барысында, оқу барысында өзі үсті-үстіне деректер жинақталды. Әрине, Елбасымен бірге жұмыс істеу – өте жауапты, күрделі іс. Елбасымыз сондай ақкөңіл кісі. Жалпы, ол кісімен жүздескеніме, бірге жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. – «Фильмнің жақсы шығуы сценарий мен актерге байланысты» деп жатады. Осы орайда, Нұрлан Әлімжанды рөлге қалай таңдап алдыңыз? Кастингтің басы-қасында жүрдіңіз бе? – Фильмнің түсірілім жұмыстары басталған тұста кейбір қиындықтар болды. Себебі Елбасымызды жұрттың бәрі біледі. Сондықтан Мемлекет басшысына ұқсайтын, яғни сомдай алатын актерлерді іріктеу оңайға түскен жоқ. Актерлерді іздеу кезінде түріне, қимыл әрекетіне ерекше назар аудардық. Басты рөлді ойнайтын актерді таңдау кезінде де осыған мән бердік. – Кинодастан болғасын тосын жайт пен қызық қатар жүрген болар. Бірді-екілі жағдаймен оқырманды хабардар етсеңіз. – Түсірілім кезінде қызық оқиға болары анық. Мәселен, «Балалық шағымның аспанында» бас кейіпкердің әжесі қайтыс болып, кәдімгідей жоқтау айтылатын эпизодты түсірер тұста аяқастынан ауылда жел тұрып, жауын жауып, күн күркіреді. Әжесінің аруағы қолдағандай әсер қалдырды. Естеріңізде болса, Әбіш пен Әлжан перзентханадан баласын алып шығып, ән айтып келе жататын эпизод бар. Сонда екеуінің бақытына ортақтасқандай көкте кемпірқосақ пайда болды. Мұндай оқиға «Отты өзенде» де қайталанды. Мысалы, Днепродзержинскіде қоштасып жатқан кезде жаңбыр жауады. Нөсер жаңбыр қолдан жасалды. Бірақ кадрдың ішінде жарқ етіп шыға келген кемпірқосақ компьютермен салынған жоқ, ол – шын. Бұл есте қаларлық ғажап оқиға болды. – Ал режиссер Рүстем Әбдіраш алдағы уақытта көрерменін қалай таңғалдырмақ? Тағы қандай кино түсіру ойда бар? – Сұхбаттарымның бірінде айтқанымдай, қарапайым бір махаббат оқиғасын түсіргім келетіні рас. Фильмнің тағдыры болашаққа аян. Қарапайым, көпке ұғынықты, адами бір туынды түсіргім келеді. Өз басымыздан да талай хикая өткені тағы бар. Өзімнің жан дүниеммен сезінген, жүрегімнен өткен дүниелерді сараптап, содан бір жақсы фильм жасасам деймін. Содан кейін 8- сыныптан бері іштей жетілдіріп жүрген тарихи картинам бар. Бұл картинаның тақырыбы бұрын таспалаған тарихи туындыларыма жақын, бірақ көздегенім – басқа фильм. Алайда әлі жарыққа шықпаған дүние туралы алдын ала ештеңе айтпай-ақ қояйын.Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ