«Ана үйі» – бүгінде қиын жағдайға түскен жас аналардың паналайтын жері. Мұнда кәмелетке толмағандардан бастап, 30 жасқа дейінгі аналар тұра алады. Біз барған елордада орналасқан «Ана үйіндегі» қыздардың тағдыры әртүрлі. Бірі «ұят!» деп ағайын-туысынан жасырынса, енді бірі тұрмыстық жағдайының ауырлығынан паналайды.
Қазір Қазақстан бойынша 18 қалада 21 ана үйі бар. Оның ішінде елордада – екеу, Алматыда – үшеу, ал қалған қалаларда бір-бірден. Әр үйді меценаттар қаржыландыруда. Алғашқы «Ана үйі» Нұр-Сұлтан қаласында ашылған. Пилоттық жоба ретінде қаралған қоғамдық қордың мақсаты – жетімдер үйіне балалардың көп түспеуіне атсалысу. Сондықтан әр үйдің координаторы перзентханалармен тығыз жұмыс істейді.Оның айтуынша, вокзалда түнеп, аялдамада отырып, көмек сұрап хабарласатындар көп. «Ана үйіне» кәмелетке толмаған қыздардан бастап, 30 жасқа дейінгі қыздарды қабылдайды. Астанадағы екі үйдің әрқайсысында 10 әйел 10 баласымен 6 айдай тұрады. Осы уақытқа дейін елорданың өзінде 730-дан аса жас анаға көмектессе, Қазақстан бойынша 5 мыңнан аса жанға қол ұшын берген. Ал оның арасында кейбірі егіз, тіпті үшем туғандар да болған.
Құжатсыз жүрген ана да, сәби де жетерлік
– Шыны керек, көмек сұрап хабарласатындар көп. Өкінішке қарай, бәріне бірдей көмектесе алмаймыз. 30 жасқа дейінгі деп шартты түрде айтылғанымен, әрқайсысының жағдайына байланысты қараймыз. Арасында 35, 38, 42 жастағы келіншектерді 1-2 баласымен уақытша болса да паналатқанбыз. Себебі барар жері, басар тауы жоқ. Мысалы, бірде жас шамасы 40-тан асқан әйел екі баласымен күндіз мешітті торыуылдап, түнде вокзалда түнеп жүрген. Полиция оның жағдайының мән-жайын реттегенше деп паналаттық. Негізі, жүктіліктің 7-8 айынан бастап қабылдай береміз. Біз үшін бастысы – жас ананың баласынан бас тартпауы. «Жаңылмайтын жақ, шалынбайтын тұяқ жоқ» дегендей жастықпен қателік жасаған болар. Бірақ ол ең әуелі – ана, ал ана бала үшін жарық әлем. Сол әлемді сақтай алуымыз керек, – дейді Сәния Әренова.«Ана үйін» паналайтындардың 80 пайызы ауыл-аймақтан келген қыз-келіншектер. Негізінен жұмыс іздеп келгендер. Кейбірі бір өзі бүкіл отбасын асырайды. Көбіне 21 мен 22 жас аралығындағы қыздар екен. Арасында 14 жасында ана атанған қыздар болды.Тіпті, 9 жастағы баланың мектепке барып, сабақ оқып көрмеген жағдайы тіркелді. Ол жағдай Семей қаласында болған. «Екі баласы бар әйел ішетін тамағы болмай, күнкөрісі қиындаған соң бізге хабарласқан. Оған дейін бірі ұнын, бірі нанын беріп, көрші-қолаңы көмектесіп тұрған. Әйелдің құжаты болмағаннан 7 мен 9 жас аралығындағы балалары мектепке барып, сабақ оқып көрмеген. Содан ананың да, баланың да құжатын реттеп, мектепке жібердік», – дейді ол.
Тәртіп бәріне бірдей
Жоба жетекшісінің мәлімдеуінше, карантин кезінде хабарласушылар көп болған. «Бүкіл жер жабық болғандықтан, адам қабылдай алмадық. Аналардың жағдайын реттемей, оларды шығара алмаймыз. Олар шықпағандықтан, сол сәтте бізде орын болмады. Амалсыз, уақытша үйімізді жапқан едік. Мысалы, өткен айда 6 адам, осы айда 2 адам қабылдадық. Әр кезде әртүрлі болады», – деді ол.Қыздар кезекпен асханада тамақ дайындап, кезекші болады. Нанды да өздері илеп пісіреді. Таңертең таңғы ас дайындап, әрқайсысы бөлмесін өздері жинайды. Кір жуғанда да кезекпен жуады.
Әркім бақытты болуға құқылы
Осында келген әрбір қыз-келіншектің тағдыры әртүрлі. «Қай-қайсысы болсын жақындарынан жылулықты, жанашырлықты қажет етеді. Әсіресе, аяғы ауыр кезде. Сол бір үзілген үмітін жалғап жіберушіміз» деген Гүлнар Шакирова қаншама қыздардың ата-анасымен тіл табысып, кейбірі баласының әкесімен татуласып, отбасы болып жатқанын жеткізді. Енді бірі өзге біреумен табысып, отбасылы болады екен.– Осы 7 жылда біраз нәрсені көрдік. Көбіне аналар күйеуінің ашуынан қорқып, бәрін жасырады. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей әр отбасының өзінің заңдылығы бар. Бірақ баласын түсінгісі келмей, қабылдамайтындарға таңым бар. Тіпті, «баланы тапсыр, оны тапсырмай бізге келме» деп қысымға алатынын түсінбеймін. Бұл дегеніміз – ол баланы емес, алдымен өзін қабылдамайды деген сөз ғой. Олар да бақытты боламыз деп ойлады. Және олар бақытты болуға құқылы. Тек кішкене мейірімділік танытайық, – деді Сәния Әренова.
"Әкем сәбилі болғанымды білмейді"
«Ана үйіндегі» жас аналар жан-жақтан жиналған. Осы жерде бір-бірімен танысқан қыздар, кейін бірігіп пәтер жалдап, дос болып жатады. Кейіпкеріміздің аты-жөні өзгертілді. Айна – Жамбыл облысының тумасы. 26 жаста. Әкесі мал шаруашылығымен айналысады. Ал анасы – кітапханашы. Өздері бес ағайынды, Айна – үлкені. Нұр-Сұлтан қаласына 2012 жылы келіп, оқуға түсіп, «стандартизация» мамандығын алған. Мамандығы бойынша біраз жұмыс істеген.А– Бәрі жақсы болды. Бір-бірімізді жақсы көрдік. Тұрмысқа шығуға да ұсыныс жасады. 2017 жылы құрылыс компаниясына жұмысқа тұрғаннан бастап жігітім өзгере бастады. Қасында өзінен 12 жас үлгендігі бар, тұрмыстағы келіншекпен сөйлесіп жүрді. Баламын ғой, оған сендім. Махаббатқа мас болғаным соншалық, оның сол әйелмен көңіл қосып жүргенін көрмедім. Өзінен сұрағанымда: «Оны әпкем ретінде көремін, арамызда ештеңе жоқ» деп мойындамады. Бірақ білгенімде, қарым-қатынасымды үзбек болдым, – деген Айна жігітінен бөлек кеткен.
– «Ана үйіне» наурыздың басында келдім. Раяна есімді қызым бар. Қазір 7 айға келді. Содан бері әкесі бір рет болсын іздеп келген емес. Хабарласқан емес. Қызымның 3 айына дейін әкесіне күнде суретін, видеосын жіберіп тұрдым. Бастысы – қызының барын біледі. Әрі қарай өзі шешеді, – деген ол бұл хабарды әлі күнге дейін өз әкесіне айтпаған екен. – Босанғанымды анам біледі. Қазір хабарласып тұрамыз. Бірақ бастапқыда аяғымның ауыр екенін білгенде «Не мені, не баланы – екеуміздің біреуін таңда» деді. Сол кезде баланы қалдыратынымды естіп, менімен сөйлеспей қойды. Талай түнді жылаумен өткіздім, – дейді жас ана.
Кейіпкеріміздің ертеңгі күні не болары белгісіз. Жас ана «ерте ме, кеш пе, бұл жерден кетеміз. Бұйыртса, жұмыс істеп, баламды өзім өсіремін. Әкесі келер-келмес білмеймін. Бірақ бала әкесін біліп өсуі керек. Ол – ананың парызы. Меніңше, ана болудан артық бақыт жоқ. Бәрі уақыт еншісінде» деген Айнаның алдағы күнге деген үміті зор.
P.S. Жалпы, кез келген нәрсенің екі жағы бар. Сол секілді сәбидің дүниеге келуіне ана ғана емес, әке де жауапты. Баласының алдындағы борышын өтемей, жауапкершіліктен қашқан әкені заңды тұрғыда жазаға тартылуы керек. Осы жағын Үкімет тарапы жан-жақты қарастырса нұр үстіне нұр болар еді. Баладан бас тартқан ана да, отбасынан қашқан әке де азаяры хақ.