Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаевтың өкілеттігін тоқтату туралы қаулысы шықты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 5-тармағына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына, 9-тармағына, «Nur Otan» партиясының 2020 жылғы 30 қарашадағы № SQ-0101-20/4253 хатына және «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 1 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың өкілеттігі оның «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылғаны туралы «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 1 қаулысына байланысты тоқтатылсын» делінген ресми шешімде.
Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев Нұржан Әлтаевтың депутаттық өкілеттігі тоқтатылуына қатысты пікір білдірді, – деп жазады Tengrinews.kz.
Павел Казанцев бұл туралы Facebook-тағы парақшасында жазды.
Казанцевтің айтуынша, комитет отырысының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтандағы Nur Otan партиясы филиалының Саяси кеңес бюросына Nur Otan партиясының беделін түсіретін және оның мүдделеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасағаны үшін, бірқатар мәлімдемелерінде оның ішінде жаңа саяси партия құру ниеті туралы айтқан Әлтаевты партия қатарынан шығаруды ұсыну туралы шешім бірауыздан қабылданды.
«Таңғаларлық мәлімдемелер саясаткердің тәжірибесіздігімен, оның көзге көрінгісі келетіндігімен, медиа және қоғамдық-саяси салада кез келген жолмен тұрақталып қалғысы келуімен түсіндірілуі мүмкін. Бұл саяси мансаптың басында болады. Әрбір қоғамдық адам жауапкершілік өлшемін және мемлекеттің сыртқы саяси қызметіне әсер ететін беделді мәлімдемелер мен әрекеттердің салдарын нақты түсінуі керек. Мұнда салдары өте қиын болуы мүмкін. Бұл аксиома», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, Павел Казанцев депутаттың ісі неге орынсыз екенін түсіндірді.
«Өзің мемқызметші ретінде өсіп-өнген, саясаткер болған, Жарғыны бұзбауға міндеттеме алған, оның үстіне белсенді ортада – депутаттық корпуста бола отырып, партияның шарттарын жариялау орынсыз деп есептеймін. Ұсыныстар, ойлар, тіпті талап болса жарар – партияның диалог алаңдарында көтер, ал мұндай алаң өте көп, бастамаларыңды айтуыңа әбден болады, кез келген адам пікірін білдіре алады. Сөзсіз. Ресми сауалдарыңда партиялық инстанция бойынша ұстанымыңды білдір. Пікір білдірудің де құралы кқп. Ал екіұшты талап айтып, мәлімдеме жасау – артық», – дейді Казанцев.