Елордада «Хабар» агенттігі басшылығының, Ержан Максим және оның анасы Гүлмира Әлібектің қатысуымен алдағы байқауға арналған баспасөз отырысы өтті.
«Биыл жарысқа 19 ел қатысады, олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Беларусь, Франция, Грузия, Ирландия, Испания, Италия, Қазақстан, Мальта, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Украина бар. Ержан Максим еліміздің намысын лайықты дәрежеде қорғайтынына сеніміміз мол, сондай-ақ төрткіл дүниеге Қазақстанда талантты жастардың өсіп келе жатқанын дәлелдейтініне күмәніміз жоқ», – деді «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин баспасөз отырысында.
17 қараша күні қазақстандық делегация жас әншімен бірге Польшаны бетке алды. Гливицеде Ержан Максимді репетициямен бірге көптеген іс-шара, оның ішінде баспасөз отырысы мен қатысушылармен танысу күтіп тұр.
18 қарашада байқау салтанатты түрде ашылды. Байқаудың финалы 24 қарашаға жоспарланған.
Ереже бойынша жеңімпазды телекөрерменнің дауыс беру нәтижесі, құрамына үшеуі ересек және екеуі балалардан құралған 5 адам мен байқауға қатысушы елдердің төрешілері анықтайды.
Қазақстандықтар тек қана Ержанға емес, сонымен қатар өздеріне ұнаған өзге елдің қатысушыларына да дауыс беру мүмкіндігіне ие. Көрермен 23-24 қараша күндері junioreurovision.tv сайтында дауыс бере алады. Дауысты байқаудың финалына дейін қабылдайды. Финал күні онлайн дауыс беруге тағы 15 минут бөледі. «Хабар» телеарнасы халықаралық конкурсты тікелей эфирде көрсетеді.
Аталған байқауда 2018 жылы ел намысын Данелия Төлешова қорғады. Ақтық сында 171 ұпаймен 6-орынға ие болды. Junior Eurovision байқауында ең көп жетістікке жеткен – Грузия (3). Конкурс тарихында ең көп дауыс жинаған грузиялық Мариам Мамадашвили – 239 балл. Ресей мен Мальтадан келген қатысушылар 2 реттен жеңімпаз атанған. Мүмкін, Ержан Максим Junior Eurovision-ді ұтқан алғашқы қазақстандық атанар? Сәттілік серік болсын деп тілейік!
Айбике ЖАНАСЫЛ