Нұр-Сұлтанға жұрт күнде көшіп келеді. Статистикаға сенсек, елордаға жылына 40 мың адам қоныс аударады. Олардың 7-8 мыңы жылда мектеп оқушысы ретінде қатарға қосылады. Жалпы саннан мектеп бітірушілерді алып, 1-сыныпқа келетін балаларды қосқанда, қала мектептерін жыл сайын кемі 15 мыңнан астам бала толықтырады екен. Осы балалар бас қаланың білім ошақтарына сыйып отыр ма? Жоқ, әрине. Ең өкініштісі, соңғы жылдары оқу жылын амалдап аяқтап жүрген білім мекемелері тек елордада ғана емес. Еліміз бойынша былтырғы оқу жылында 128 мектеп үш ауысымда бала оқытып, 800 мектепке күрделі жөндеу керек болған. Алматыдағы мектептің бір сыныбында – 48 оқушы, Нұр-Сұлтанда 43 оқушы отыр. Сығылысқан парталар мен тығылысқан балалар мәселесі неге ушығып кетті?
Білім саласы жайбасарлықты көтермейді
Рас, бұл мәселеге, ең алдымен, үлкен қалаларға жыл сайын көшіп келушілердің демографиялық көрсеткішінің әсері бар. Демографиялық өсім демекші, бүгін дүниеге келген сәби – бес-алты жылда 1-сыныптың оқушысы. Бұған ешқандай есептің де керегі жоқ. Еліміз бойынша соңғы 5 жылда 130 мыңнан астам бала дүниеге келсе, демек дәл қазір елімізге жедел түрде соларға лайықты мектептер мен балабақшалар керек деген сөз. Сондықтан бұл мәселеден тек салғырттықты ғана көруге болады. Елордамыз бойынша да тура осындай. Әр оқу жылында 15 мың оқушы қатарға қосыла ма, қосылады. Демек, жылдағы жоспарға өзгеріс енгізіп отыруға болады. 2017-2018 оқу жылында, тіпті жаңа мектеп ашылған да жоқ. Ал былтырғы оқу жылында бір мектеп қана бой көтерді. Мемлекеттік мекеме саналатын 84 білім ошағының қатарын 1 200 орындық №85 мектеп толықтырды. Ал қазір осы мектептің қабырғасында 3 200 бала білім алуда. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин алдағы төрт жылда 30 нысанның бой көтеретінін, өткен оқу жылының соңына дейін 6 мектептің пайдалануға берілетінін айтқан еді. Бірақ дәл осы мектептердің көптеп бой көтеруі мен үш ауысымды мектептердің мәселесі, бір сыныпта 30 баладан төмен оқушының білім алу жайы әзір шешімін табар түрі жоқ. Өйткені әлі күнге дейін жағамыз жайлауға кеткен күйінде жайбарақат жүрміз. Өте баяу бой көтеріп жатқан білім ошақтары мәселені шешіп отырған жоқ. Жылдағы мәселе қордаланған күйінде қалып тұр.
Бір сыныпта – 48 оқушы
Жыл сайын «Жаңа оқу жылына сақадай саймыз» дейтін Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені алдымен бас қаланың білімінен бастаса дейміз. Бүгінде қаланың қақ ортасы саналатын, халық ең көп шоғырланған базардың маңы үшін мектеп мәселесі күйіп тұр. Осы маңдағы №4, 7, 16 мектептер толып тұр. Енді бұл ауданда төрт-бес мектеп салынбаса, жыл өткен сайын жағдай ушыға түсуде. Жалпы, Астана мектептерінде 1-сыныпта 45 оқушының отыруы таңсық емес. Алматыдағы Алатау ауданының тұрғындары да жақында дабыл қағып еді. Ата-аналар жағы бірінші сыныпта 48 оқушыдан білім алатындықтан, балалар мұғалімнің не айтқанын ұқпай келеді деп ашынған.
«Қазіргі балаларға өте обал. Өйткені бір сыныпта 45 бала отырады. Мұғалім оларға физикалық тұрғыдан үлгермей қалады. Олар назарында 12-18 баланы ғана ұстай алады. Ал қазіргідей екі сыныпта оқуы тиіс балаларды бірге оқыту, оларға сабақ үйрету, үй тапсырмасын сұрау – 40 минуттың ішінде мүмкін емес жағдай. Біздегі барлық кереғарлық, біздіңше, дәл осы жерден басталып отыр», – дейді психолог Жанар Көпбасарова.
Ал Жамбыл облысы Тараз қаласындағы №51 мектептің 3-сыныбында баласы оқитын Гүлден Асубаеваның реніші тіпті орынды. «Біз 1-сыныпқа барғанда, бір сыныпта 30-дан астам бала болды. Ол балалардың білім деңгейі әртүрлі. Мысалы, бұрын балалар бір деңгейде барып, бәрі бірдей сол мұғалімнен үйренетін болса, қазір мектепке дейін бәрін біліп баратын балалар да болады екен. Ол ата-ананың әлеуметтік жағдайына да байланысты. Мәселен, қазір қалада баланы мектепке дейін дайындайтын ақылы орталықтар бар. Ақшасы бар ата-ана баласын сонда оқытып, 42 әріпті танытып, жаздырып, санауды үйретіп апарады. Ал енді алдында оқушысы көп, өзі үлгермей жүретін мұғалімге бәрін біліп келген бала тиімді ме? Жоқ, әлі әліпті таяқ деп білмейтін жеткіншекпен жұмыс істеген оңай ма? Бір сыныпта нормадан көп бала отырғандағы жағдайдан, балам сабағын оқи алмай қалды. Қазір де қатарға ілесе алмай отырмыз. Оған мұғалімді кінәлай алмаймын. Министрлік, жүйесіздік, бәрін дұрыс жоспарламаудың салдарынан, осындай жағдайға жетіп отырмыз» дейді ол.
Бұлар ғана емес, бүгінде еліміздің қаншама мектептері осы күйді кешіп отыр.
Жекеменшік мектептер не шешеді?
Мемлекеттік мекемелерге бала сыйдыра алмай жатқан соң, амалсыз жекеменшік білім ошақтары туралы ойлай бастайсың. Мұндай мектептер еліміз бойынша әзірге өте аз. Бір ғана Алматы қаласында 50-ге жуық жекеменшік мектеп тіркелген болса, Астана бұл межеге әлі жете қойған жоқ. «Жекеменшік мектептерде білім беру стандарты Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен талаппен жүзеге асады. Мемлекеттік мектептерден артықшылығы, бұл мектептерде бір сыныпта 30-40 бала отырмайды. 12-15 баладан аспайды. Мұғалімнің әр баланың қарым-қабілетін анықтауға, үй тапсырмасын тексеруге, жаңа өткен тақырыпты түсінген-түсінбегенін білуге мүмкіндігі болады. Бұл бүгінгідей уақыт тапшы заманда ата-ана үшін де қолайлы» дейді педагог-психолог Ерлан Қуантқанұлы. Бірақ мұның екінші ұшы да болып отыр. Біріншіден, бұл мектептердің бағасы өте қымбат. Оған кез келген орта тұрмыстағы ата-ана баласын бере алмайды. Сондықтан айлық ақысы 100 мыңнан басталатын мұндай білім ошақтарының ауылы қарапайым қала тұрғындары үшін алыс күйінде қалып отыр. Екіншіден, ақыры мемлекет оқушыларды білім берумен толық қамтып, жағдай жасай алмайтын болса, талапқа сай жекеменшік мектептерді ашуға мүмкіндік беру қажет. Жекеменшік балабақшалардың ашылуына көрсетілген қолдау, дәл солай мектептерге де жасалса дейсің. Яғни, мемлекеттік дотация білім ошақтары үшін де жүргізілу керек. Жартылай мемлекеттің қаржыландыруымен ата-анаға көп салмақ салмайтын, қолжетімді мектептер ашылса, оған баласын апаратын ата-ананың қарасы көбейер еді. Өйткені олар онсыз да бір сыныпта 40-45 бала отыратын баласының ертеңіне алаңдап, қосымша оқыту орталықтарына тасумен жүр. Дәл осы 20-40 мыңның арасындағы ақшаны алып, балаға сапалы білім беретін білім ошақтары көбейсе, оған деген көзқарас та өзгерген болар еді.
Сөз соңы
Тақта мен партаның арасының алшақтығы 2 метр болуы керек болса, қазір 1,5 метр. 15 парта тұратын сыныпта 22 парта тұр. Қатар мен қатардың арасы 60 см болу керек болса, қазір ол 40 см-ге қысқарған. 22-24 бала отыруы керек сыныпта 43-45-48 бала білім алуда. Осындай аузы-мұрнынан шыққан толық сыныптар үшін енді директорлар айыппұл төлейтін болды. Оралдағы 16 мектептің директоры қазір не істерін білмей отыр. Шындығында, еш жазығы жоқ білім ошақтары басшыларының Сапаны бақылау және тауарлар мен қызмет қауіпсіздігі басқармасына айтар уәжі қалмаған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болса, «Біз СЭС-тың мектеп директорларына 25 баланың орнына 40 оқушы оқитын сыныптар үшін 500 мың теңгеге айыппұл салғанын байқадық. Бұл мектеп директорына әсер етпеуі керек. Ол баланы қалағандықтан, осылай алған жоқ. Елімізде үш ауысымды мектеп мәселесі бар» деді.
Қызық. Ақсаған жүйені билік аяқтан тұрғызуға асықпайды. Екінші жағында тәртіпті ту етіп, «шаш алудың орнына бас алуға» баратын сол биліктің тағы бір тармағы тұр. Парадокс. Айыппұл салыну керек, төлену керек. Бірақ әңгіме соны кімнің төлейтінінде болып тұр...