Нұр-Сұлтандағы түрік фильмдерінің апталығын «Ұзын хикая» киносы ашты. Фильмдегі басты рөлді Кенан Имирзалыоглу сомдады.
Бұл апталық Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның мәдениет және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен өтуде. Шара аясында, 18-25 қараша аралығында көрермен тарихи, романтикалық және шытырман драма толы картиналарды тамашалай алады.
Алмагүл Исинаның айтуынша, Түркияның кино индустриясы Голливудтан кейін екінші орында. Қазақстандық көрермендер де түрік фильмдерін үлкен ықыласпен көреді. Осыны ескере отырып, түрік фильмдерінің апталығын өткізуді шешкен.
– Осы фестивальге әртүрлі киностудилардан түрлі уақытта түсірілген ең үздік деген 8 фильмді алып келдік. Оның арасында тарихи фильм де, лирикалық драма да, комедия да бар. Мәселен, Түркия мен Жапонияның бірлесіп түсірген туындысы – «Ертұғырыл 1890» фильмі. Аты айтып тұрғандай, фильм 1890 жылы Османлы мемлекетінің кемесі «Ертұғырыл» Жапон теңізінде апатқа ұшырайды. Жапондықтар көмекке келіп, экипаж бен кемені құтқаруға тырысады. Ал 100 жылдан кейін 1985 жылы түріктер Тегераннан шұғыл түрде эвакуациялануы қажет Жапонияның 215 азаматын құтқарады, – дейді Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Исина.
Ал апталықтың тұсаукесерін ашқан «Ұзын хикая» фильмі өзінше қызық. Бала кезінде жетім қалған Әлиді атасы Сүлеймен Болгариядан Түркияға алып келген. Әли сүйіктісі Мунирамен кітапханада кездеседі. Қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан екеуі қол ұстасып, қашып кетеді. Сөйтіп, үйленген жас ғашықтың өмірі теміржол вокзалдары станцияларының арасында үнемі көшумен өтеді.
Айта кетейік, кинотуындылардың көрсетілімі «Керуен» ойын-сауық орталығындағы Кинопарк 7 IMAX Keruen кинотеатрында өтеді. Соның ішінде «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қышқыл алмалар», «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдерді тамашалауға болады.