Сырға  жұтып қойған  3 жасар баланы аман алып қалды
Сырға  жұтып қойған  3 жасар баланы аман алып қалды
377
оқылды
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына   шашалып, ауа жетпей, жағдайы нашарлаған 3 жасар бала түседі.  Тоқтаусыз құсып, әлсіреп, денесі құрғай бастаған бүлдіршінді   дәрігерлер дереу  рентгенге түсіріп, тамағында  бір  заттың тұрғанын анықтайды. Хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты балалар хирургы Эльбурс Салпагаров көп ойланбастан  шұғыл эндоскопиялық отаны бастап кетеді.  Білікті  дәрігердің арқасында ота сәтті шығып, баланың тамағынан сырға әшекейі алынған. Анасының айтуынша бала сырғаны ойнап отырып жұтып қоюы мүмкін екен.
- Бала ауруханаға ауыр жағдайда түсті. Ішкен асын кері қайтарып, әбден мазасы қашқан.  Бозарып, тамақ пен су іше алмағасын  денесі құрғай бастаған. Ата-анасының рұқсатын алып, ота шұғыл түрде жасалды. Сәтті аяқталды, баланың қазіргі жағдайы жақсы, тамақ пен сусын ішіп жатыр. Менің 30 жылға жуық жұмыс  тәжірибемде осыған ұқсас жағдайлар көп болды. Балалар ата-анасының бақылауынсыз қалса, қолына түскенін жұтып қояды. Көбіне тиын, пластикалық кішкентай ойыншық, жұлдызшалар және басқа ұсақ-түйек заттарды өңештерінен алып жатамыз. Оларды дер кезінде алып тастамаса, өміріне қауіп төнеді, - дейді дәрігер Э. Салпагаров.
Сәтті өткен отадан соң тез-ақ өзіне келген кішкентай пациенттің ата-анасы  баласының өмірін аман алып қалған дәрігерлерге алғысын айтуда.

 Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы